Павлодар өңіріндегі коммуналдық қызметтердің қысқа дайындығы қандай? Облыстық Энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ержан Иманзайыповтың айтуынша, алдағы қыста облыс орталығы, Екібастұз, Ақсу қалаларын қардан тазалау үшін коммуналдық қызметтердің қарамағында 365 арнайы техника, 31 су сорғыш машина және 410 жұмысшы бар.
– Қысқы кезеңде блог-платформама келіп түсетін өтініштердің 80 пайызы жылудың дұрыс берілмеуі, ыстық судың жоқ болуына және көшелердің қардан тазаланбауына байланысты, – деді облыс әкімі Болат Бақауов.
Тіпті облыс орталығында биылғы жылу маусымына дайын емес 60-қа жуық тұрғын үйлер анықталған. Қалада пешпен жабдықталған 2300-ден астам жер үй де бар. Былтыр облыс орталығының Толстой көшесіндегі №82 үйдің тұрғындары пәтерлеріндегі температура 14-16 градус деңгейінде ғана тұрғанын, жылытқыштармен жылынып отырғандарын, Кутузов көшесіндегі №291 үй, үшінші кіре берістің тұрғындары аяздың кесірінен лифтінің тоқтап қалу қаупі бар екенін, Катаев көшесіндегі №12 үйдің пәтерлеріндегі температура 18 градусқа әрең жетіп тұрғанын облыс әкімінің сайтына жазған-ды.
Сонымен бірге өңір басшысы биылғы жылыту маусымы басталғаннан бері әкімдіктің ресми блог-платформасына 29 шағым келіп түскенін айтты.
Жер қара, күн жылыда жылу мәселесіне қатысты шағымдар түсіп жатса, ертеңгі аяздарда тұрғындардың амалы қайсы? Ал қалалық әкімдіктің сайтында әкімдік бөлімдерінің құр сызбасы ғана берілген. Әкімдік сайтында басқа бөлімдердің сайттарымен бірге, ең негізгі тұрғындарға керекті деген байланыс, хабарласу, жедел желілер жайлы ақпараттар берілетін Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің сайты енгізілмепті де. Ал қалалық Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің атына сай жалпы жұмысы жайлы ешқандай ақпарат кездестірмейсіз.
– Тұрғындар амалсыздан қабылдау бөлмеме қоңырау шалады. Қалалық коммуналдық шаруашылық бөлімінің Жедел желісі қоңырау қабылдамайды деп шағымдануда, – деді Б.Бақауов. – Біз жедел желіні қала тұрғындарының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелерін шұғыл шешу үшін құрған жоқпыз ба?!
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан»
ПАВЛОДАР