Қазақстан • 05 Қараша, 2018

«Тегін кеңес беру» қызметі нәтижесін беріп жатыр

460 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының бастамасы шаруаларға жақсы көмек болды.

«Тегін кеңес беру» қызметі нәтижесін беріп жатыр

Егіс науқанының қарсаңында күріш өсірумен айналысатын шаруашылықтар үшін Кәсіпкерлер палатасы «Тыңайтқыштарды тиімді пайдалану және күріш өнімділігін арттыру» тақырыбында семинарлар өткізген болатын.

- Сол шараға күріш өсірудегі жаңалықтар бойынша агроөнеркәсіптік кешен саласының ғалымдары, Күріш зерттеу институтының қызметкерлері, облысқа белгілі зейнеткер-агрономдар және басқа облыстардан келген минералды тыңайтқыштарды шығаратын компания өкілдері қатысып, саладағы мәселелер талқыланды. Шаруалардың ұсыныс-пікірлері тыңдалды. Семинар жұмысының қорытындысы ретінде күріш алқаптарынан жоғары өнім алу үшін «Тегін кеңес беру қызметін» бастау туралы шешімге келдік. Өйткені, кіші шаруашылықтарда тәжірибелі агрономдары және техникаға қызмет көрсететін инженер секілді мамандар жоқ, - дейді Палатаның Агроөнеркәсіп кешені бөлімінің бастығы Жасұлан Серіков.

«Тегін кеңес беру» қызметі пилоттық режимде облысқа қарасты Сырдария ауданында қолға алынды. Пилоттық жоба көп күттірмей-ақ өз нәтижесін берді. Күзгі жиын-терінде Сырдария ауданының шағын шаруашылықтары өнімді әдеттегіден 10-15 центнерге артық жинады. Биыл облыс бойынша күріштің орташа өнімділігі гектарына 50-55 центнер болса, жобаға белсенді қатысқан шаруашылықтар күрішті 67 центнерге дейін жинады.

Бүгінде Кәсіпкерлер палатасы «Тегін кеңес беру» қызметін облыстың өзге аудандарында да енгізуді жоспарлап отыр.

Бақтияр ТАЙЖАН,

«Егемен Қазақстан»

Қызылорда облысы