Бизнес форумына екі елдің іскерлік ортасының барлығы 120-ға жуық өкілі қатысты. Шараның басты мақсаты — жаңа іскерлік серіктестерді іздеуге септігін тигізу, эстониялық бизнес өкілдерін Қазақстандағы инвестициялық ахуал туралы, еліміз инвесторларға ұсынуға әзір жеңілдіктер мен артықшылықтардан хабардар ету.
Форум барысында Қазақстан мен Эстонияның инвестициялық ынтымақтастығының одан арғы бағыттары талқыланды. Қатысушылар даму перспективаларын, тәжірибені енгізу және екі ел арасында алмасуды талқылады. Атап айтқанда, инвестициялық өзара іс-қимылдың аса маңызды салалары қаралды, бұл секторларда экономиканың түрлі салаларында цифрландыруға көшу және автоматтандырылған жүйені енгізу бойынша күш-жігерді белсендіру қажет.
Бизнес форумын ашқан Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Б. Сағынтаев Эстония Республикасы Қазақстанның Солтүстік Еуропадағы маңызды сауда-экономикалық және инвестициялық серіктестерінің бірі екенін атап өтті. Қазақстан Эстониямен сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды арттыруға мүдделі. Атап айтқанда, транзиттік көлік, экологиялық және энергия үнемдеу технологиялары саласында, сонымен қатар ақпараттық технологиялар саласында. Ақпараттық технологиялар тұрғысынан тәжірибе алмасу мақсатында Эстонияға ҚР Премьер-Министрінің орынбасары А. Жұмағалиевтің жетекшілігімен қазақстандық делегация барды. Оқу бағдарламасын өткізудің мақсаты — э-басқарудың басты бағыттары саласындағы Эстония тәжірибесімен және практикасымен танысу.
8–12 қазанда Эстонияның мемлекеттік басқаруда ақпараттық және коммуникациялық технологияларды пайдалану және халыққа электронды қызметтер көрсету саласындағы мемлекеттік саясатымен танысу үшін 43 қазақстандық маман Таллинге сапар шекті.
Бүгінде Қазақстан инвестициялық ахуалы болжамды әрі қолайлы, сауда саясатын халықаралық құқық нормаларына сай жүзеге асыратын мемлекетке айналған. Салық жүктемесі оңтайландырылған, жеңілдіктер пысықталған. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік саласында жобаларды жоспарлау рәсімдері жеңілдетілген. Көші-қон және еңбек заңнамасы жақсартылды, шетелдік жұмыс күшін тарту рәсімі жеңілдетілді.
Қазақстанда сан алуан салаға бағытталған, түрлі артықшылықтарға ие 11 арнайы экономикалық аймақ пен 22 индустриялық аймақ бар.
Б. Сағынтаев жақында жарияланған «Doing Business–2019» рейтингінің қорытындысына сәйкес, Қазақстан алғаш рет 30-дыққа енгенін хабарлады. Еліміз бір жыл ішінде бірден 8 позицияға көтеріліп, онда 28-орынды иеленді. Бұл аталған рейтинг жүргізіле бастаған сәттен бастап тәуелсіздік жылдары қол жеткізген ең биік жетістігіміз. Бұл позицияны одан әрі жақсарту бойынша жұмыстар атқарылып жатыр.
Бүгінде Қазақстан инвестициялық ахуалы жағынан Орталық Азияда бірінші орынға ие, Орталық Азия елдерінің инвестицияларының 70%-дан астамы Қазақстанның үлесінде. Тек соңғы 10 жылдың ішінде елімізге $250 млрд жуық тікелей шетелдік инвестициялар тартылған. Қазақстан Үкіметі экономиканың түрлі секторларына, әсіресе, өңдеу өнеркәсібінің дамуына және шикізаттық емес экспортқа инвестициялардың салынуын құптайды. Бұдан өзге, ҚР төртінші өнеркәсіптік революцияның элементтерін — 3D-принтингті, онлайн-сауданы, мобильді банкингті, цифрлық сервистерді, автоматтандыруды, роботтандыруды, жасанды зерде мен «ауқымды деректермен» алмасуды енгізуді көздейді.
Ертең Қазақстанда Astana Нub халықаралық АТ-стартаптар орталығының жұмысы басталады. Онда бизнесті ілгерілетуге қажетті барлық мүмкіндіктер мен артықшылықтар жасалған. Astana Hub-тың шетелдік қатысушылары үшін виза және еңбек режимдері заңнама тұрғысынан жеңілдетілген. Бүгінде технопарк резиденттері үшін салық салуды оңайлату жұмыстары жүргізіліп жатыр. Стартап-хаб аумағында жұмыс істеуге әзір барша жан тіркеле алады. Қолайлы өмір сүруге арналған тиісті жағдайлар жасалады. Astana Hub технологиялық бастамаларды ілгерілетудің аймақтық инновациялық орталығына айналады деп көзделіп отыр.
Сонымен қатар, Премьер-Министр форум қатысушыларына «Астана» халықаралық қаржы орталығының жұмысы туралы айтып, эстониялық компанияларды бірлесіп жұмыс істеуге, оның ішінде жекешелендіру бағдарламасының екінші толқыны аясында өзара іс-қимыл орнатуға шақырды.
Өз кезегінде Эстония Республикасының Премьер-Министрі Юри Ратас екіжақты кездесу аясында екі ел арасындағы ынтымақтастықтың түрлі аспектілері қаралғанын атап өтті. Бұл — цифрландыру, білім беру және ауыл шаруашылығы салаларына қатысты мәселелер.
«Біздің ынтымақтастығымыздың қаншалықты маңызды екенін атап өткен жөн. Аталған әлеуетті болашақта да пайдалана аламыз деген сенімдемін. Қазақстан – 18 млн адамнан тұратын халқы бар, мұнай кен орындарына бай, маңызды сауда байланыстары бар үлкен ел. Эстония – 1,3 млн адам халқы бар шағын мемлекет. Орманды өлке және Hi-Tech секторы мықты дамыған. Дегенмен, бұл айырмашылықтарға қарамастан, біздің ортақ мүдделеріміз басым. Бізде көптеген салаларда екіжақты экономикалық өзара іс-қимылды кеңейту мүмкіндіктері бар. Бұл – АТ, көлік, логистика, ауыл шаруашылығы және экологиялық технологиялар, сондай-ақ, қалдықтарды басқару саласы. Аталған тізім уақыт өткен сайын тек кеңейе беретініне сенімдімін», — деді Эстония Республикасының Премьер-Министрі.
Сонымен қатар, Ю. Ратас Astana Hub жұмысының перспективалық мүмкіндіктерін атап өтті.
«Қазақстан үкіметінінің жеке сектормен заманауи экономикалық модель арқылы барынша сараланған түрде, бірлесіп жұмыс істеуге деген зор құлшынысын байқадым. Бұл бағытта үнемі қолдау көрсету қажет. Эстония экономикасында да еңбек көп жұмсалатын индустриядан капиталды қажет ететін индустрияға түрлену процесі жүріп жатыр. Жылдам технологиялық өзгерістер мен жаһанданудың кеңеюімен біз жаһандық нарықтағы бәсекеге қабілеттілікке бейімделуіміз керек. Эстонияның компаниялары Қазақстанмен ынтымақтастыққа аса мүдделі», — деді Эстония Премьер-Министрі.
Шара барысында «Қазақинвест» ҰК АҚ өкілдері Қазақстанның инвестициялық жобаларымен таныстырды. Өз кезегінде Еnterprise Estonia инвестициялық агенттігі эстония тарапының жобаларын ұсынды. Бизнес-форум қорытындысы бойынша екіжақты құжаттарға қол қойылды.
Эстония Республикасы — Қазақстанның Солтүстік Еуропадағы маңызды сауда-экономикалық және инвестициялық серіктестерінің бірі. 2018 жылдың сегіз айында Қазақстан мен Эстония арасындағы тауар айналымы $21,8 млн құрады. Қазақстанда эстониялық капиталы бар 70 астам бірлескен кәсіпорын тіркелген.
Өзара тауар айналымын арттыру мақсатында Қазақстан мен Эстония екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықты жандандыруға ниетті, сонымен қатар транзиттік көлік, экологиялық және энергия үнемдеу технологиялары, су үнемдеу саласында, сондай-ақ Эстония Еуропалық одақта жоғары позицияға ие болып отырған АТ-технологиялар саласында өзара іс-қимылды белсендірмек. Қазір Қазақстан Эстонияға: мұнай майлары мен битуминоз материалдардан алынған майларды (шикі мұнайдан басқа), мыс, рафинадталған және мыс қорытпаларды, өңделмеген алюминий, жарықдиодты лампаларды, темір мен болаттан жасалған бұйымдарды, сонымен қатар зығыр майы, бадам, балғын қауындар және т.б. сияқты азық-түлік өнімдерін экспорттайды.