Көрменің ашылу салтанатында сөз алған Ұлттық музей директорының орынбасары Жәкен Таймағамбетов: «Мемлекет басшысы бір сөзінде: «Бір белдеу, бір жол» – жаңа парадигма, жаңа деңгейдегі ынтымақтастық жүйесі» деген болатын. Бүгінгі көрменің «Бір белдеу, бір жол» бастамасының бес жылдығына орай ұйымдастырылғанын ерекше атап өткім келеді. Ұлттық музей Қазақстандағы елшіліктермен бірлесе отырып, көптеген іс-шаралар ұйымдастыруда. Қазақстандағы Қытай елшілігімен алдағы уақытта да маңызды жобаларды жүзеге асырамыз деген ойдамыз. Көрмеге ұсынылған суреттер ерекше таңданыспен, қызығушылықпен түсірілген. Бұл суреттер сіздерді де бейжай қалдырмайтыны анық», – деп өз пікірін білдірді.
Ал ҚХР-дың Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Чжан Сао: «Бұл шара Қытайдың реформа және ашықтық саясатына 40 жыл толуына орай ұйымдастырылып отыр. Бүгінгі көрме екі халық арасындағы достық пен ынтымақтастықтың жарқын көрінісі деуге болады. Мұнда ұсынылған суреттерден қытай халқының күнделікті тұрмыс-тіршілігін, өмір салтын, дәстүрлерін танып, ондағы түрлі қалалардың әсем көріністерін тамашалауға мүмкіндік бар. Заманауи Қытайдың келбеті көңілдеріңізден шығады деп сенемін», – деді.
Көрмеге барлығы 700-ден астам фото жиналып, осылардың арасынан ең үздік 100 фотосурет таңдалып, аталған көрмеге қойылыпты. «Сіздер осы суреттер арқылы қазақстандықтардың көзімен таңғажайып Қытайдың әсем көріністерін тамашалай аласыздар», дейді ұйымдастырушылар.
Қуат УАТҚАН,
журналист