Көрмеге елордадағы Ұлттық нейрохирургия орталығы, Республикалық балаларды оңалту орталығы, Ұлттық ғылыми онкология және трансплантология орталығы, №2 қалалық көпбейінді аурухана және №1 қалалық аурухана, сондай-ақ жекеменшік медициналық орталықтардың жұмысын көрсететін 126 фотосурет қойылған. Суреттерді «Sultan magazine» борттық журналының фотографы Марат Әміров үш апта жүріп түсіргенін айтады.
2016 жылдан бері төрт тілде жарық көріп келе жатқан «Sultan magazine» борттық журналының бастамасымен өткен әлеуметтік жобаға «Нұр Отан» партиясы мен Астана қаласының №2 көпбейінді ауруханасы қолдау көрсеткен.
«Елбасының жаңа Жолдауында қазіргі заманға сай медицина сапасын көтеру керектігі айтылды. Қаншама мыңдаған дәрігерлердің ажалға арашашы болып, күнделікті ерлік істеп жатқанын көп біле бермейміз. Бүгін фотокөрме арқылы соған куә болдық. Еліміздегі жеті медицина университеті медицина саласының мамандарын дайындайды. Жақсы дәрігерлеріміз өте көп. Соларды насихаттайтын, халықпен шынайы қарым-қатынас орнатуға жол ашатын осындай бастамалардың болғаны қуантады», деді көрмеге арнайы қатысқан Оңтүстік Қазақстан медициналық академиясының ректоры Мырзабек Рысбеков.
Әлеуметтік жоба аясында тіс дәрігері, невропатолог, кардиолог, педиатр, терапевт, психолог және косметолог дәрігерлер көпшілікті тегін тексеруден өткізуде.
Майгүл СҰЛТАН,
«Егемен Қазақстан