Ақтөбе • 06 Қараша, 2018

«Жас барыстың» алғашқы адымы

552 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
«Жас барыстың» алғашқы адымы

Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында жастар мен отбасы институтын кешенді қолдау мемлекеттік саясаттың басымдығына айналуы тиіс екендігін атап көрсетті. Жолдауға зер сала қараған әр адам оның өзегінде жастарға деген қолдау мен қамқорлық желі болып тартылғанына көз жеткізе алады. Өзгесін айтпағанда, Президенттің бұл жөнінде ауқымды платформа қалып­тастыру керектігін көрсетіп бергені бұрын-соңды айтылмаған әрі бұрын-соңды қолға алынбаған ауқымды іс болмақ.  Міне, осының бәрі Елбасы келесі 2019 жылды «Жастар жылы» деп жариялауға негіз қалағаны анық. 

Осы шынайы қамқорлыққа Ақтөбе облысының жастары нақты іспен жауап беруді ұйғарып отыр. Әуелі бұл шір­кінді бастау қиын дегендей алды­мызда есік қағып тұрған Жастар жылын неден бастау керектігі өңір өрендерін Жолдау жарияланған күннен ойландыра, толғандыра бастағаны байқалады. Осындай ой-мақсаттың жетегінде олар республика аймақтары арасында тұңғыш рет «Жас барыс» атты жастар форумының өткізілуіне бастамашы болды. Мұндағы басты мақсат – Президент Жолдауынан туындайтын міндеттерді тағы бір мәрте ой елегінен өткізіп, алдағы атқарылатын істерді нақтылау. Оған 1200-ден астам жастар өкілдері қатысуы форумның ауқымдылығы мен шоқтығының биік­тігін көрсетіп тұрғандай. 

Қоғамдық даму министрлігінің Жас­тар және отбасы істері комитеті мен аймақ басшылары және көрші­лес Ресей­дің Орынбор облысы делегация­сының атсалысуымен өткен іргелі басқосуда оған қатысушылар жастар жылын өт­кізуге орай өз ойлары мен пікірлерін ор­таға салды. Айталық «Казхром» ТҰҚ» АҚ-та қызмет істейтін жас маман Нұрлан Қожаев «Жастар жылы» көз­­­деген мақ­саттарды алға апаруға, белг­і­л­ен­ген жоба­лар­ды жүзеге асыруға және жаңа идея­лар­ды мәлімдеуге тамаша мүмкіндік бере алатынын айтып берді. Сондай-ақ оның ойынша, алдағы кезде жастар тиім­ді әрі нәтижелі жұмыс істей білуге дағ­ды­лануы қажет. Бұл үшін барлық жағдай бар. Соның ішінде жұмыссыз жастар мемлекеттің қолдауын ұдайы сезініп келеді, деді ол одан әрі. 

Бұдан кейінгі кезекте шалғайдағы ауыл­да тұратын жас өрен Аслан Әбуов сөз алып, ауылдағы өмір сапасын жақсарту және мұнда өмір сүруге қолайлы орта қалыптастыруға өздерінің қосатын үлесі жө­­нінде ұтымды ұсыныстар біл­дір­ді. Сон­­дай-ақ форумға қатысушы ауыл­да ша­ғын және орташа бизнесті дамы­ту ісі­нің екіжақты тигізетін пайдасы­на тоқ­тал­ды. Біріншіден, осы арқылы әркім­нің өз от­­басын асырауына мүмкіндік ту­са, екін­­шіден, ел экономикасы да дами түседі. 

Жас кәсіпкер Бақыт Молдагереева да өздерін алға жетелейтін басты фактордың бірі сенім екенін, сондықтан әркім ең ал­ды­­мен өзіне сенуі керектігін, тек сонда ғана іс алға басатынын түйіндеді. Ал Ре­сей­дің Орынбор облысынан арна­йы ке­л­ген кәсіпкерлер комитетінің төраға­сы Дми­трий Чернов Қазақстан мен Рес­ей жас­­­тары арасындағы байланыс мемлек­ет­ара­­­лық ынтымақтастықты одан әрі терең­де­­ту­ге ықпал жасай алатынын көлденең тартты. 

Осы арада «Жас барыс» форумының жұ­мысы мазмұн жағынан да, түр жағы­нан да мейлінше бай болғанын айта кеткен жөн. Соның бір көрінісі − оған Алматы мен Астанадан арнайы келген Эмин Әскеров пен Альбина Сәлімбаева сынды бизнес жаттықтырушылар «Жетіс­тікке жетудің он құралы» атты тақырыпта өткізген семинар-тренингтер. Бұған қоса форум шеңбері аясында еріктілер қозғалысының бүгіні мен ертеңі, білімді әрі кәсіби деңгейі биік жастар – ел бола­шағы деген тақырыптарда өткізілген сек­ция­лық жұмыстар да «Жас барыстың» алғаш­қы адымына серпін бегендей әсер қал­дырды. Форумға қатысып, сөз сөй­леген Ақтөбе облысының әкімі Берді­бек Сапар­баев өңірде жастар жылын тиім­ді әрі нәтижелі түрде өткізуге қажет­ті жағ­дайлардың бәрі де бар еке­нін мәлімдеді. Өңір басшысының айтуы­нша, Елбасы белгілеп берген ал­ды­мыз­дағы «Жастар жылы» облыста таяуда қорытындыланған «Балалар жылы­ның» заңды жалғасы болып табылады. Дамыған отыз елдің қатарына кіру жолы­ның салмағы жеңіл болмақ емес. Әрі оған жетудің жолы сан тарау. Соның бірі – елі­мізде белсенді әрі бастамашы жас­тар­дың толыға түсуі болып табылады. Осы орайда бүгінгі форумда жастардың тара­пы­нан құнды идеялар мен пайдалы ұсы­ныс-пікірлердің айтылғаны оң нышан деп білеміз. Оның бірде-бірі аяқсыз қал­май­ды. Біз оның бәрін талдап, тиісті қоры­тынды жасаймыз, деп түйіндеді өз ойын өңір басшысы. 

Форумның атауы неге «Жас барыс» деп аталған? Бұл сауалдың жауабы өте қарапайым болса керек. Біріншіден, жалпықазақстандық даму жолының нышандық белгісі  барыс екендігі белгілі. Өйткені барыс – өзгелерге ұрына бермейтін батыл да ақылды аң. 

Сонымен Ақтөбеде «Жас барыс» өзінің алғашқы адымын жасады. Оның алдағы кезде адымын тіктеп, бауырын биік ұстап секірістер жасай алатынына сенім мол. Облыста тұңғыш рет өткізілген «Жас барыс» форумына қатысушылар барлық қазақстандық жастарға арнап үндеу қабылдады. Мұнда атаулы жылды жастарға тән жалынмен өткізу, бастамалар мен ұсыныстарды аяғына дейін жеткізу қажеттігі айтылған. Бұдан әрі форумға қатысушылар өздеріне берілген мүмкіндік – үлкен сенім мен жауапкершілік екенін мәлімдей келіп, оған іспен жауап беру басты парыздары екенін атап көрсеткен. 

Темір ҚҰСАЙЫН,

«Егемен Қазақстан»

АҚТӨБЕ