Қоғам • 06 Қараша, 2018

Бес жылда 97 дәрігерге үй берілді

613 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Бес жылда 97 дәрігерге үй берілді

Глубокое аудандық ауруханасының бас дәрігері Қайрат Беделмановтың қызмет өтілі 30 жыл. Ол Ұлан ауданы­ның Тарғын ауылындағы орта мектепті бітірген соң азаматтық борышын өтеу­­­ге әскерге атта­нады. 21 жасында Се­мей­дегі медицина академиясының студенті атанып, үш бір­дей хирург, травматолог, ревматолог ма­ман­ды­ғын алып шығады. Еңбек жолын Рид­дердегі қалалық ауруханада бастап, сосын Өскемендегі жедел жәрдем ауруханасында бірер жыл қызмет етеді. Бұдан тура 7 жыл бұрын өз мамандығына шексіз берілген, білімді де білікті дәрігерді Глубокое аудандық ауруханасына бас дәрігерлікке та­ғайындайды. Ауданда 63 мыңнан астам тұрғын бар. Ол ең әуелі кеншілер мен шахтерлер, ауыл шаруашылығы қызметкерлері мекендеп жатқан ауыл­дар мен кенттерді аралап шықты. Дәрігерлік қызмет көрсететін мекемелерде заманауи жабдықтар жоққа тән екен. Ал аудан орталығындағы ор­талық аурухана құлауға жақын. Бас дәрігер жаңадан аурухана салу жө­ніндегі ойын жүзеге асырды. 2014 жылы сапалы денсаулық ордасы пай­далануға берілді.

– Елбасының жақында ғана жария­ланған Қазақстан халқына Жол­да­уында халықтың әл-ауқатын, тұр­мы­сын жақсарту, адам ден­саулығына кө­­­ңіл бөлу жайлы айтылған. Біз бұл мақ­­­сатта ізденіс пен ілкімділік таны­ту­дамыз. Қазіргі таңда ауданда 14 дәрі­гер­лік амбулатория, 8 фельдшерлік, 4 дә­рігерлік пункт халыққа қызмет етуде. Бұл салада 670 адам еңбек етеді. «Дип­ломмен – ауылға!» бағдарламасы бойынша соңғы бес жылда жоғары және орта арнаулы білім ордаларын бітіріп келген жас мамандарға 97 пәтер берілді. Бізге негізінен Алматы, Қарағанды және Семей медицина институттарын бітірген жас мамандар, Семей мен Өскемендегі медициналық колледждерді тәмамдаған жастар келеді. Олардың барлығы қыз­метке орналасты, тұрғын үй мәселелері ше­шілді. Соңғы жылдары «Парыз» қа­йырымдылық қоры арқылы 47 сапалы дәрігерлік жабдықтар, УЗИ аппараттары, жансақтау бөліміне жа­ңа аппараттар, 5 ЭКГ, басқа да қон­дырғылар сатып алынды, – дейді аудан­дық аурухананың бас дәрігері Қайрат Рамазанұлы.

Соңғы бірер жылда ғана ауданда 6 ем­­деу орталығы салыныпты. Атап­ айт­­қан­­да, кеншілер кенті – Бе­лоу­­совкада, Черемшанка, Ушанов, Секисовка ауыл­­­дарындағы дәрігерлік-емдеу амбулатория­лары тұрғындарға қалт­қысыз қызмет көр­сетуде. Елді ме­кен­­дерге аудан әкімі Қали­хан Бай­ғоны­сов бас дәрігермен бірге барып, тұрғындармен кездесу өткізеді. Ауыл тұр­ғындары өздерінің мұң-мұқ­таж­дарын батыл білдіріп, өтініш­терін айтады. Мәселен, Бобровка ауылында болған кездесуде тұр­ғындар кей мамандық иелерінің болмауынан аудан орталығына немесе облысқа баратын­дарын айтты.

Аудандық аурухананың жедел жәрдем бө­лімінде қазір 52 дәрігер мен қызметкер ең­бек етеді. Бөлімше қажетті техника, жедел жәр­дем көліктерімен қамтамасыз етілген. Сыр­қат жандар аудан орталығына немесе таяқ тастам жердегі Өскеменге жеткізіледі. Дәрі­герлер телефонмен, басқа да қажетті құ­рал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Бас дә­рігердің айтуынша, соңғы бірер жылда ғана 78 дәрігер, 213 медбике, басқа мамандық иелері Мәскеу, Киев, Астана, Павлодар, Семей және Өскемен қалаларында біліктілігін арттырған.

– Бізде қызмет ететін дәрігерлер Гип­по­крат антына адал, науқастарға сапалы қыз­мет етуді басты міндеті санайды, – дейді бас дә­рі­гер Қайрат Беделманов. 

Оңдасын ЕЛУБАЙ, журналист

Шығыс Қазақстан облысы,

Глубокое ауданы