Қазақстан • 06 Қараша, 2018

«Жаңа әліпби негізіндегі қазақ тілі емлесінің ережелері» жобасы талқыланды

824 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитеті Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен Алматы энергетика және байланыс институтында ұстаздар, студенттер қауымы  «Жаңа әліпби негізіндегі қазақ тілі емлесінің ережелері» жобасын талқылады.

«Жаңа әліпби негізіндегі қазақ тілі емлесінің ережелері» жобасы талқыланды

Алматы қаласы Тілдерді басқару басқармасының бөлім басшысы Бақыт Қалымбет латын әліпбиіне көшуге байланысты еліміздің барлық өңірлерінде көптеген іс-шаралардың жүзеге асып жатқандығына тоқталды. «Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына 2025 жылға дейін кезең-кезеңмен көшіру жөніндегі іс-шаралар жоспарына» сәйкес Ұлттық комиссия жанындағы Орфографиялық, Әдістемелік, Терминологиялық және ақпараттық қолдау орталықтарында арнайы жұмыс топтары істеді. Көпшілік талқысына түсіп отырған Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тілі білімі институты ғалымдарымен әзірлеген «Жаңа әліпби негізіндегі қазақ тілі емлесінің ережелері» жобасы тәуелсіз сарапшылар мен тілтанушы мамандар талқысынан өтті. Өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп,  Ұлттық комиссия отырысында таныстырылды.

А.Байтұрсынов атындағы Ономастика бөлімінің меңгерушісі, филология ғалымдарының докторы, профессор Қыздархан Рысберген қазақ жазуының латын әліпбиіне көшірілуіне орай институт мамандарымен әзірленген емле ережесінің жобасын талқылауға көпшілікті түсіністікпен қарауға шақырды. Бұл кешенді еңбек, дегенмен де кемшін тұстары болуы ықтимал. Қарама-қайшы, өткір сыни пікірлерге қарағанда осы іргелі істі ары қарай дамытып, оңтайландыру тұрғысындағы ойлар ортада тоғысса деген ғалым жазу тарихы тым ертеден басталған елдердің өзінде жазу саясатында толықтырылып жатқан тұстары бар екендігіне көпшіліктің назарын аударды.

Посткеңестік елдердегі тіл реформасының тарихына тоқталып өткен саясаткер Дос Көшім латынға көшу – тілдік қажеттіліктен туындап отыр деді. Дос Көшім алдымызда қаншалықты қиындықтар тұрғанымен де, латын жазуына ертеректе өтіп кеткен Әзірбайжан, Өзбекстан, Түркіменстан сияқты елдердің тәжірибесі біраз жұмысымызды жеңілдетеді деді. Бұл елдердің де кезінде тілдік жүйесіне нұқсан келді. Саясаткердің айтуынша, тағы бір ескере кететін жайт, 1929 жылы латын қарпіне көшкеннен кейін Сәкен Сейфуллин, Сәбит Мұқанов, Бейімбет Майлин,  т.б. қазақ классиктерінің еңбектері латын тілінде жазыла бастады. Сол кезеңде де қазақ қауымы латынды тез қабылдап кеткені белгілі. Бүгінде латын қарпін әлемнің 80 пайызға жуық елдері пайдаланады.

Жаңа әліпби ережесінің негіздерін  көпшілік алдында түсіндірген Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының Орфография бөлімінің басшысы, филология ғылымының докторы Құралай Күдеринова кемшіліктерге дер кезінде көңіл аудару қажеттігін айтты. Салыстырмалы түрде алғанда латын тілі бізге жақындай түсті, сондықтан да латын жазуын әркім төл әліпбиі деп қабылдаған дұрыс деп атап өтті. Жүз сегіз параграфтан тұратын Ережедегі жаңа әліпбидің жаңалықтарына тоқталды. «Жаңа емленің барлығы жаңа емес, одан үрейленудің ешқандай реті жоқ. Жаңа емленің 70-80 пайыздан астамы бұрынғы емлені қайталайды. Жобаны дайындауда ғалымдар жазу дәстүрін сақтауды ұстанды. Жаңа жазуды барынша ықшам жинақы жазатын жазуға айналдыру ғалымдардың басты мақсаты болды. Ғалымның айтуынша, оқулықтарда жаңа әліпби орфоэпиясы да қоса жазылатын болады. Курс іздеп сабылмауды ескерткен ғалым, жаңа әліпбиді жылдам меңгеріп кетеміз, деді. Ал еліміз өңірлерінде талқылау жұмыстары әлі де жалғасын табатын болады.  Насихаттау жұмыстары 15 қарашаға дейін созылып, 14 қарашада жалпыхалықтық диктант жазу басталады. Сондай-ақ еmle.kz порталында жаңа ережемен танысып, ұсыныс-пікірлерді жазып қалдыруға болады.

Эльвира Серікқызы,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ