26 Ақпан, 2010

ЕЛ ТАҒДЫРЫ КӘСІПКЕРЛЕР ҚОЛЫНДА

1100 рет
көрсетілді
28 мин
оқу үшін
“Бизнестің жол картасы-2020” бағдарламасы осыны айқын көрсетіп отыр Егер тәуелсіздіктен бергі Қазақстанның жаңа тарихына көз жіберетін болсақ, оны алға қойылған айшықты міндеттеріне сәйкес екіге бөліп қарастыруға болатын секілді. Бірінші кезең – ел болу кезеңі. Бұл кезеңде Қазақстан өзін тәуелсіз ел ретінде жариялап, сыртқы әлеммен тікелей қарым-қатынас орната бастады. Бірқатар халықаралық ұйымдарға мүше болып кірді. Өзінің сыртқы саясатын белгіледі. Ел ішінде нарық экономикасын орнату өріс алды. Мемлекеттік құрылымдар толық қалыптасты. Қолдағы бар мүмкіндіктер есеп­ке алынып, соған сәйкес әлеуметтік-эконо­ми­­калық бағыттың басымдықтары айқындал­ды. Міне, осы кезде Елбасы еліміздің 2030 жылға дейінгі даму стратегиясын жариялап, халқымызды жарқын болашаққа жігерлен­дірді. Стратегияда белгіленген уақыт өлшемінің алғашқы 10 жылдық бөлігін артқа тастадық. Осы 10 жылда экономикалық саясатта көптеген жұмыстар атқарылды. Халқымыз сауда жасап үйренді. Табиғи ресурстарды игеру кезеңі басталып, ол біршама сәтті жүзеге асты. Бұлай дейтініміз, осы 10 жыл­дың өзінде Қазақстан табиғи ресурстардан алынған шикізат көздерін халықаралық рыноктарға шығару мүмкіндігіне ие болып, соның нәтижесінде елдің тәуелсіздік мұрат­тары ең алдымен экономикалық тұрғыдан бекіді. Әрине, сыртқы саясаттағы табыстары­мыз да аз болған жоқ. Соның айшықты көрінісі – бұрын жас тәуелсіз Қазақстанның өзін былай қойып, түркі әлемінің ешбір мемлекеті осы уақытқа дейін қол жеткізбеген биік меже ЕҚЫҰ-ға төраға болып, Еуропа төріне шықтық. Мұндай биікке ТМД мемлекеттері арасында да бірінші болып көтерілдік. Сонымен “Қазақстан-2030” Стратегиясының алғашқы 10 жылы сәтті қорытындыланды деп айтуға толық негіз бар. Енді Елбасымыз одан да терең кетті. Үстіміздегі жылдың ақпан айындағы жаңа Жолдауында Қазақстанның алдымыздағы 10 жылдықтағы жаңа даму межесін айқындады. Оған жетер жолдарды саралады. Білген адам үшін өткен 10 жылдағы меже мен жаңа 10 жылдық меженің арасында үлкен айырма­шылық бар. Бірінші 10 жылдықта Қазақстан халқы негізінен кәсіпкерлікті ашып жүргізу­дің әдіс-тәсілдерін меңгерді. Арамыздан кәсіпкерлер аталатын үлкен әлеуметтік топ бөлініп шықты. Олар кәсіп түрлерін ашып, жүргізу арқылы елімізді қажетті тауарлармен қамтамасыз етті. Халыққа жұмыс тауып берді. Бірақ олар осы 10 жылдың ішінде әлемдік рынокта бәсекелестік қабілетін шыңдап үйренген жоқ. Көп жағдайда мемлекет­тің қолдауы, қамқорлы­ғына сеніп жұмыс істеп келді. Ал алдымыздағы жаңа 10 жылдықтың міндеті енді осы кәсіп түрлерін игеру ісін одан әрі терең­дете түсу болып отыр. Мәселен, бізде мұнай мен табиғи газ байлығы бар. Өкінішке орай, оны ши-кі­зат түрінде ғана сатып келеміз. Енді оларды өң­деу ісіне кірісуіміз керек. Сондай-ақ бізде ме­талл шикізаты да мол. Біз оны Кеңес Одағынан қалған дәстүр бойынша бастапқы өңдеу сатыла­ры­нан ғана өткізіп келдік. Бұл салада тереңдетіп өңдеу, өңдеудің үшінші, төртінші шегіне дейін жету міндеті тағы да алдымызда тұр. Басқа экономикалық салалардағы жағ­дайы­мыз да осыған ұқсас. Мал өсіруге мүмкіндік беретін үлкен өріс бар. Сапалы астық өсетін кең жазиралы алқаптар бар. Қазақстанда не жоқ дейсіз, бәрі бар. Бірақ, осы бар дүниені іске асыру, бірді екі ету жағы жетпей жатыр. Неге жетпейді? Себебі, біздің адамдар бұрын мұндай іспен айналысып көрмеген. Айналысып көрмедік деп қарап отыра беруге тағы да болмайды. Өйткені, өмір бір орында тұрмайды. Бүкіл әлем алға басып келеді. Отыра берсек, сол алға басқан әлемнің шаңында қалмақпыз. Сондықтан Елбасы осы әлемдегі өзгерістер мен барған сайын алға ұмтылып отырған халықтардың жүрісіне сәйкес еліміздің алдына жаңа меже­лер қойып отыр. Соның бірі алдымыздағы 10 жылдың ішінде әлемдегі ең дамыған 50 елдің қатарына қосылу талабы болып отыр. Осы биік межеге біз өзіміздің табиғи ресурстарымызбен ғана емес, сол табиғи ресурстарға арқа тірей алатын өнерімізбен, білімімізбен жетуіміз керек. Сонымен алғашқы онжылдықтың негізгі міндеті – табиғи ресурстарды іске асыру болса, жаңа онжылдықтың міндеті – адам ресурстарын іске асыру болып табылады. Бұл міндет біріншісіне қарағанда әлдеқайда ауыр және абыройлы. Осы міндетті жүзеге асыруда ең ауыр салмақ алғашқы онжылдықта өсіп-жетілген кәсіпкерлер корпусына түсейін деп отыр. Сондықтан жаңа Жолдауда кәсіпкерлікті дамыту ісіне аса үлкен мән берілген. Әрі оған үлкен дайындық жұмыстары да жүргізіліп келді. Кәсіпкерлікті дамытудың заңдық базасы үстін-үстін жаңартылуда, жетілдіруде болды. Заманға лайықты жаңа кәсіпкерлерді шығару үшін Қазақстанның білім саласына реформалар жүргізілді. Қазақстанның жастары мемлекеттің күшімен шет мемлекеттердің ең жақсы деген жоғары оқу орындарына білім алуға жіберілді. Мемлекет пен жеке меншік әріптестігін орнатудың тетіктері қарастырылды. Әкімшілік реформаны жүргізу ісі қолға алынды. Қазақстанның құқық қорғау органда­рының жұмысы реттелді. Бұл жұмыстар бұдан кейінгі кезеңдерде де жүре беретін болады. Мұндағы сапырылысып жатқан сандаған шаруалардың барлығы бір мақсатқа бағындырылып келгендігін көзі қа­рақ­ты оқырмандар аңғаратын болар. Ол мақсат Қазақстанның экономикасын әртараптанды­руға, яғни сан қырлы етуге, халықаралық бәсекеде таласқа түсе алатындай кәсіптің жаңа түрлерін меңгеруге бағытталып отыр. Қазақстан Үкіметі Елбасының жаңа Жолдауы жарияланысымен ондағы алға қойылған міндеттерді жүзеге асыру ісіне бірден бел шешіп кірісіп кетті. Жолдаудан бері болып жатқан Үкімет отырыстарының көпшілігі, тіпті барлығы да осы мәселеге арналып келеді. Мәселен, осы аптада өткен Үкімет отырысы Қазақстанның 2014 жылға дейінгі үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарлама­сын қараса, оның алдындағы отырыс “Биз­нестің жол картасы-2020”, бизнестің алдын­дағы әкімшілік кедергілерді азайту мәселе­леріне арналды. Егер осы қаралған мәселелер­дің барлығына көз жібере қарайтын болсақ, олар негізінен кәсіпкерлікті дамытуға бағыттал­ғандығын аңғаруға болады. Себебі белгілі. Жоғарыда айтып кеткеніміздей, Жолдауды жүзеге асыру үшін мемлекетке ең алдымен кәсіп­керлік ортаның қолдауы қажет. Кәсіпкер­л­ік дегеніміз қоғамды алға сүйрейтін жетекші күштің бірі болып табылады. Жаңа индустрия­лық жобаларды жүзеге асыратын солар, халыққа жұмыс тауып беретін солар. Өйткені олар бұл іске өзінің қаржысымен қатар бүкіл күш-жігерін, ақыл-ойын бағыттайды. Кәсіпкер неғұрлым білікті де білімді, бәсекелестік қабілеті мығым, сонымен қатар отансүйгіш патриот, елдің қамын ойлайтын кемел болса, онда осы топтың күшімен тауды бұзып, тасты қопаруға болады. Мемлекеттің бизнеспен арадағы әріптестікті қалыптастырып, дамытуға ұмтылатындығы да содан. Әрине, кәсіпкерлік көпшіліктің қолдауына ие болу үшін оған жұмыс істеуге қолайлы мүм­кіндіктер тудырылуы керек. Қазіргі Үкіметтің жүргізіп отырған жұмысының барлығы осыған бағытталуда. Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов осы бағыттағы маңызды мәселелерді қараған тұста “Бұл мәселеге кәсіпкерлерлік құрылым­дардың өзі қалай қарайды екен?” деген сұрақты жиі қоятын себебі де осыдан. Жоғарыда Үкімет отырысы “Бизнестің жол картасы-2020” бағдарламасын әзірлеп, пысық­тап жатқандығын айттық. Бұл бағдарлама мемлекет пен бизнестің арасындағы қарым-қатынасты жаңа жағдайда реттеудің мүдделі мәселелерін қарастырған. Бизнеске қолдау көрсетудің жолдарын айқындаған. Оның жоба­сы жасалмас бұрын еліміздің әр өңірлеріндегі кәсіпкерлік құрылымдармен, сонымен қатар даму институттары және банктер өкілдерімен, Қазақстан қаржыгерлері ассоциациясымен, Қазақстан кәсіпкерлері форумының кеңесімен, “Атамекен” одағы” ұлттық экономикалық пала­тасымен, Үкіметтің экономика саласын­дағы негізгі операторы болып табылатын “Самұрық-Қазына” ұлттық әл-ауқат қорымен және мүдделі мемлекеттік органдармен кең көлемде талқыланған. Бұл бағдарлама кәсіпкерлікке қолдау көрсету­дің жаңа әдіс-тәсілдерін белгілеп отыр. Олар – банктердің кәсіпкерлерге беретін несиелерінің пайыздық ставкаларын мемлекет есебінен субсидиялау, жекелеген несиелердің қайтарылымына мемлекеттік кепілдік беру, кәсіпкерлерге қызмет көрсететін инфрақұ­рылымдық алаңдарды әзірлеу, кәсіпкерлерге сервистік қолдау көрсету. Бұл қолдау шаралары қандай жағдайда көрсетілетіндігі, қандай өңірлерге қандай көлемде көрсетілетіндігі екшеленген. Мәселен, Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі қаржыландырудың жалпы лимитін белгілеп, оны өңірлер бойынша бөледі. Мұнда бірінші кезекте өңірлердегі халықтың саны, сонымен қатар жалпыұлттық шикізаттық емес үлестегі өңірдің үлесі есепке алынады. Осы арқылы қолға тиген қаржыны жергілікті атқару органдары өз шешімдерімен бағдарламаны жүзеге асыру үшін жұмсайтын болады. Қаржы негізінен жаңа өндіріс орындарын ашу ісіне бағытталады. Сонымен қатар осы жағдайға орай көптеген кәсіпкерлік құрылымдар бұрын­ғы жұмыс істеп жатқан өндіріс орындарын кеңейту, жаңғырту үшін де мемлекеттің қолдау көрсетуін өтінген болатын. Бұл өтініш жеке қарастырылу үстінде. Оның қорытындысы жуықта жария етіледі. Бұл бағдарламаны жүзеге асыруға еліміздегі екінші деңгейдегі банктер қатыстырылады. Банктер бұл істе үлкен рөл ойнайды. Өйткені, негізгі несиелік қаржыны кәсіпкерлер үшін солар бөледі. Банктер осы бағдарламаны жүзеге асыру үшін өз саясаттарын, іс-әрекеттерін ай­қындап, қажетті бағдарламалық құжатты жасап, оны жергілікті атқару органдарына тапсырады. Банктің белгілеген сыйақы ставкасын субси­дия­­­лау мәселесін міне, осы жергілікті органдар шешеді. Яғни, осы арада банктер мен жергі­лікті атқару органдарының арасында өзара тиімді жұмыс істеу тәсілдері қалыптасуы тиіс. Кәсіпкердің “Бизнестің жол картасы-2020” бағдарламасына қатысуын ынталандыру тетігі несиенің сыйақы ставкасында белгіленген. Басты шарт – кәсіпкердің өзі өндіретін өнімінің кемінде 10 пайызын экспортқа шығара алуы. Мұндай жағдайда несие ставкасы 60 пайыз субсидияланатын болады. Егер өнімдегі экс­порт үлесі 30 пайыз бен 40 пайыз аралығын­да болса, онда несие ставкасы 70 пайыз субсидия­ланады. Ал өнімдегі экспорт үлесі 50 пайыздан асқан жағдайда несие 90 пайыз субси­дияланады. Несиелерді ішінара кепілдендіру ісінде де өзіндік шама мөлшері белгіленген. Кепілден­діру­дің ең ірі көлемі 3 млрд. теңге көлемінде. Ол жоба құнының 50 пайызынан аспайтын болады. Кепілдендіру ұзақтығы әрі кеткенде 10 жылды құрайды. Бұл кепілдендіру кәсіпорын жаңа жоба бойынша жаңғыртылған немесе кеңейтілген жағдайда, сондай-ақ жаңа өндіріс орны құрылған жағдайда жүзеге асады. Осындай мемлекеттік қолдау шаралары экспорттық операциялармен қатар кәсіпкерлер еліміздің ішкі рыногында қазақстандық үлесті арттыру ісіне қатысқан жағдайда да жүзеге асады. Ол үшін кәсіпорынның бәсекелестік қабілеті айқындалады. Көп ретте шағын және орта бизнес кәсіпорындар арасында өңірлік жағдайда жүйе құрушы субъектілерге басымдық беріледі. Сонымен қатар, қазақстандық индус­трияландыру картасын жүзеге асыру ісіне және ұлттық компа­ниялардағы мемлекеттік сатып алу тапсырысына қатысу деңгейі есепке алынады. Бағдарламада еліміздің алға қойып отырған мүдделі мақсаттарына сәйкес бірқатар сала­ларға басымдық берілген. Олар – металлургия, металл өңдеу және мәшине жасау, химия және мұнай-химия өнеркәсібі, дәрі-дәрмек өндірісі, құрылыс материалдарын шығару өндірісі; бидай өндірісін есептемегендегі бүтіндей агро­өнеркәсіптік кешен субъектілері, туризм мен жеңіл өнеркәсіп, сауда, жылжымайтын мүлік операцияларын есептемегендегі қызмет көрсету салалары, соның ішінде тұр­мыс­тық қызмет сала­лары. Міне, осы салалар бойынша жұмыс істейтін кәсіпкерлік субъектілер “Бизнестің жол картасы-2020” бағдарлама­сына қатысып, мемлекеттік жеңіл­діктерді пайдалана алады. Үкімет отырысында бағдарла­маны жүзеге асыруға қатысушылар өздерінің бұл іске ынталы екендіктерін білдірді. “Атамекен” одағы” ұлттық эко­номикалық палатасының төр­ағасы Азат Перуашев “Бизнестің жол картасы-2020” жобасының бұрынғы бағдарламалардан бір ерекшелігі ретінде онда тұңғыш рет өндірістік секторды қолдау ісі нақты көрсетілгендігін, жоба тұ­тастай осы мақсатқа арналғанды­ғын атап көрсетті. Ал бұрынғы бағдарла­малар көбінесе сауда-қар­жылық секторға қарай бағытталып келген болатын. Сонымен қатар жаңа бағдарлама өңірлік бизнесті қолдау мақсатын көздеп отыр. Демек, осы істі жүзеге асыру сал­ма­ғы ең алдымен өңірлерге түсетін болады. Қазақстан кәсіпкерлері форумы кеңесінің төрағасы Райымбек Баталов кәсіпкерлік құрылымдардың бұл бағдарламаны жаңалық ретінде қабылдап, оны жүзеге асыруға ынта танытып отырғандықтарын жеткізді. Өйткені бұл бағдарламада олардың мүддесі көзделген. Сонымен Елбасы алға қойған еліміздің 2020 жылға дейінгі даму стратегиясына сәйкес кәсіпкерлер алдында жаңа абыройлы міндет тұр. Ол міндет – бұрынғыдай сауда-саттықпен айналысу ғана емес, өнім шығару міндеті. Өнім болғанда экспортқа шығаруға лайықты немесе өз еліміздің ішінде қат болып отырған, өндірісті дамыту үшін қажет болып отырған заттарды шығару. Ал бұл оңай емес. Ол үшін жоғарыда айтып кеткеніміздей, өнер мен білім керек. Кәсіпкерлік құрылымдар тездетіп жетіліп, өз ісіне шынайы көмек бере алатындай менеджерлер мен кадрлық құрамды сайлап, жаңа технологиялар бойынша жұмыс істеп үйренуі керек. Осыған қолы жеткендер бола­шақ­та алға озатын болады. Мұндай кәсіпкер­лерге мемлекет те қолдау көрсетіп отырады. Осы мәселені Үкімет отырысының сонында Премьер-Министр Кәрім Мәсімов қадап айтты. Еліміздің Ресеймен, Беларусьпен Кеден одағына бірігуінің өзі ел кәсіпкерлерінің алдында бәсекелестік қабілетті шыңдау мінде­тін қоятындығын атап көрсете отырып, осы тұрғыдан алғанда қаралып отырған мәселенің ауқымы аса кең екендігін, бұған біз Елбасы жүк­тегеніндей экономикамызды әртараптан­дыр­ған жағдайда ғана қол жеткізе алатынды­ғымызды мәлімдеді. Бұл мақсатқа жету үшін Үкіметтің, жергілікті атқару органдарының, кәсіпкерлік құрылымдардың бірлескен жұмысы қажет. Яғни, аталған мақсатқа кешенді әдіс-тәсілдерді жүйелі іске қосқанда ғана жете аламыз. “Міне, осындай міндетті Мемлекет басшысы біздің алдымызға қойды, біз оны орындайтын боламыз”, деді Кәрім Мәсімов. Сұңғат ӘЛІПБАЙ. “ЭЛЕКТРОНДЫ ҮКІМЕТТІҢ” КӨКЖИЕГІ Еліміздің бәсекеге қабілеттік деңгейін көтеру мақсатында ақпа­раттық технологиялар жүйесіне жүктелер жауапкершілік жүгі зор. Осыған байланысты соңғы жылда­ры біздің елімізде “Электронды үкімет” (ЭҮ) құрудың инфрақұры­лы­мын қалыптастыру, ақпараттық-коммуникациялық технология­ларды қолдана отырып, интернет және басқа каналдар арқылы элек­тронды қызмет көрсету мәселелерін дамыту ерекше күн тәртібіне қойыл­ды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2008 жылы “Нұр Отан” ХДП-ның сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бойынша өткізген форумында ЭҮ құрудың сыбайлас жемқорлық інде­тін жоюдағы бас­ты тиімділіктерін айта келіп, әрбір адам электронды жүйе арқылы көр­се­тілетін қызмет түр­лері туралы то­лық та нақты ақ­парат алуға және сол қызметтерді дер уақытында әрі сапалы пайдала­нуға жан-жақты мүкіндік алуы қа­жеттігін атап көр­сеткен болатын. Еліміз бойынша кешенді түрде қол­ға алынған осы игі бастама өзінің нақты жемісін бере бастады. БҰҰ-ның әлем елдері бойынша жыл сайын өткізетін электронды үкімет құру жөніндегі жаһандық дайындық рейтингінің деректеріне сәйкес Қазақстан өткен жылы 81- орыннан 46-орынға жылжып, Ресейден (59 орын), Украинадан (54), Беларусьтен (64) озып алға шықты. Еліміз бойыша қазіргі күні “е-үкімет” порталында 70 мыңнан астам тұрақты тұтынушы заңды және жеке тұл­­­ғалар тір­келген. Теле­ком­муника­ция­лық инфрақұ­ры­лымды да-мы­ту бойын­ша 91- орында тұрғанына қа­ра­мастан Қа­зақ­стан “он-лайн” қыз­ме­тін көрсету жүйе­сі бойынша әлемдік орташа 0,286 көрсеткіштен біршама алға шығып, 24-ші орынды иеленсе, жаңа ізденістерге дайындығы жөнінен 22-орынды иеленіп отыр.  Азаматтарды электронды мемлекет­тік жобаларға тарту жөніндегі электронды қамту классифика­циясы бойынша Қазақстан 2010 жылы әлемде 18-орынға шықты. 2008 жылы бұл көрсеткіш бойынша еліміз 106-шы орында болатын. Дүние жүзі елдерінің ЭҮ жүйе-сін пайдалануға дайындық дәреже­сін БҰҰ-ның Экономика­лық және әлеуметтік даму департаменті анық­тайды. Олар жыл сайын әлем­нің 192 мемлекетінің осы техноло­гияны пайдалану қуаты және мүмкіндіктері жөніндегі есебін алып, жарыққа шығарып отырады. Әрбір мемлекеттің электронды үкіметті жүзеге асыруға дайындық индексі үш бағыт бойынша анық­талады: адам қуатын дамыту индексі, ақпараттық-коммуника­циялық технологиялар инфрақұ­рылымының ахуалы жөніндегі индекс және он-лайндық мемле­кет­тік қызмет көрсету индексі. БҰҰ-ның рейтингі бойынша алғашқы үздік бестіктің қатарын бұрынғыша Оңтүстік-Шығыс Азия, Батыс Еуропа және Солтүстік Америка мемлекеттері, Корея, АҚШ, Канада, Ұлыбритания, Нидерланд иеленген. Қазақстан рейтингінің өсуіне қолда бар ақпараттық жүйені әрта­раптандыру және жаңа жүйелерді енгізу мақсатындағы тиімді техно­ло­гиялық саясатты тұрақты жүргізу себеп болды.  Интернет-аудитор­ларының зерттеулеріне сәйкес 2009 жылдың сонында интернет жүйесін пайдаланушылар саны еліміз бойынша 3,16 млн. адамды немесе еліміздің барлық тұрғындарының 19,8 пайызын құраған. Жалпы алғанда 2008 жылдың желтоқса­нынан 2009 жылдың желтоқсанына дейін интернет-аудитория 30 пайыз артқан. Бұрынғысынша интернет жүйе­сін пайдалану негізі тұрғындардың үйіндегі компьютерлер болып та­былады. Мәселен, 2008 жылы ин­тернет жүйесін үйінде пайдалана­тындардың үлес салмағы 56 пайыз болса, 2009 жылдың сонында бұл көрсеткіш 61 пайызды құраған. Ал жұмыс орындарында интернет жүйесін пайдаланатын ересек интернет-тұтынушылар 2008 жылғы қазан айындағы 17 пайыздан, 2009 жылғы қараша айындағы 14 пайызға дейін төмендеген. Мемлекеттік органдар және аза­маттар үшін “Электронды үкімет” қызметін көрсетуде біршама оң жетістіктерге қол жеткізілді. “Элек­тронды үкімет” порталы тұрақты түрде жұмыс істейді. Оны дамыту мақсатында тиімді шаралар жүзеге асырылуда. 2009 жылы осы портал бойынша қосымша 15 қызмет түрі көрсетілді. Бұл портал қызметін тұтынушылар саны 1,6 млн. адам­нан асты. Қазір бұл порталда 59 электронды қызмет түрі көрсетіле­ді. Мәселен, тұтынушылар осы портал арқылы сотталмағандығы жөнінде, меншігіндегі мүліктер жөніндегі анықтамалар алуларына болады. Қазірдің өзінде Қазақстан Республикасы Ұлттық куәландыру орталықтарының 28 тіркеу орын­дары ашылды. Қазіргі күні Ұлттық куәландыру орталығының 53 мыңнан астам электронды сандық қол қою жүйесі жұмыс істейді. Орталық мемлекеттік органдардың электронды қызмет көрсету жүйе­сімен қатар жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік қызмет көрсету жүйесінің жұмысы да жандандырылуда. Мәселен, 2009 жылдың қараша айында тәжірибе ретінде Павлодар облысында “е-әкімдік” жүйесі іске қосылды. Бұл портал 5 электронды сервис қызметін көрсетеді. Электронды үкімет қызметінің жаңа түрлерін іске қосу мақсатында жүйелі жұмыстар жүзеге асырылуда. Бірыңғай электронды құжат сұрыптау жүйесіне 16 әкімдік, оның ішінде Астана және Алматы қала­ла­рының әкімдіктері қосыл­ған. Сонымен бірге ведомствоара­лық құ­жат сұрыптау орталығын әр­тарап­тандыру мақсатында ке­шенді шара­лар жүзеге асырылуда. “Электронды үкіметтің” төлем төлеу шлюзін дамыту шеңберінде екінші деңгейлі банктермен интеграциялану шаралары жүзеге асырылды және банктердің ағымдағы шоттарын пайдалану арқылы төлем карталарымен төлем төлеу механизмдері жүзеге асырылды. “Қазкоммерцбанк”, “БТА”, “Нұрбанк”, “Ресей жинақ банкі” сияқты екін­ші деңгейлі банк­термен ынтымақ­тастық бай­ланыс ұйымдастырылды. Төлем төлеу шлюз­дері бойынша қа­зірдің өзінде Салық коми­тетінің және Әділет министрлігі қызмет­тері бойын­ша 120 салық түрін төлеуге болады. “Электронды үкі­мет” және элек­трон­ды қызмет түр­лерін дамыту мақ­сатында 2009 жыл­ғы желтоқсан айын­да қанатқақты аймақ ретінде Астана қаласы бойын­ша “е-нотариат” атты бірыңғай нота­риалдық ақпарат­тық жүйе инвес­ти­ция­лық жобасы өнеркәсіптік пайдалануға берілді. Бұл шара нотариалдық жүйенің тұрғындарға сапалы құқықтық нотариалдық қызмет көрсету деңгейін өсіруге бағытталған. 2010-2012 жылдар аралығында бұл жүйе бүкіл еліміз бойынша жұмысқа қосылатын болады. Өткен жылдан бастап “е-ли­цензиялау” жөніндегі мемле­кет­тік дерек базасын құру жөніндегі жоба жүзеге асырыла бастады. Қазіргі күнге дейін бұл жүйеге 9 мемлекет­тік орган қосылса, биыл тағы да 10 мемлекеттік орган қосылмақ. Жоба толығымен 2012 жылы жұмыс істейді. Бүгінде мемлекеттік орган­дар лицензия­ларды электрон­ды тәсіл бойынша бере бастады. Қазір еліміз бойынша ең жоға­ры сұранысқа ие болып отырған www.goszakup.kz мемлекеттік электронды сауда-саттық порталы болып отыр. “Электронды мемле­кеттік сауда-саттық” автоматтан­дырылған интеграциялан­дырыл­ған мемлекеттік ақпараттық жүйе болып табылады. Сонымен қатар ол сатып алушыларды және сату­шыларды бірыңғай ақпараттық жүйеге топтастыратын “Элек­тронды үкіметтің” құрамдас бір бөлігі болып саналады. Мем­лекет­тік сауда-саттықты электронды тәсіл арқылы жүргізу бұл салада жемқорлық құқық бұзушылық­тарды болдырмауға, жең ұшынан жалғасқан сыбайластықты жоюға мүмкіндік береді. Салада мөлдір­лік пен ашықтықты қамтамасыз ете отырып, әділ бәсекелестік ор­натуға мүмкіндік жасайды. Мем­ле­кеттік сауда-саттыққа шағын және орта бизнес субъектілерін мейлінше кеңінен тартуға мүмкін­дік береді. Қазір бұл жүйеге 80834 сауда-саттық жарнамасы кіргі­зілген. Бұдан бұрын өткізілген 143135 электронды мемлекеттік сауда-саттықтың қорытындысы жарияланған. Бұл жүйе қазірдің өзінде бюджет қаржысын 24,6 пайыз үнемдеуге мүмкіндік берді. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.