Қазақстан • 07 Қараша, 2018

«Астана Хаб» ІТ-стартаптар паркінің ашылуына қатысушылар лебізі

420 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
«Астана Хаб» ІТ-стартаптар паркінің ашылуына қатысушылар лебізі

Әсемгүл ТҰЯҚБАЕВА, 

Zoomcare мобильді қосымшасының құрастырушысы:

– Zoomcare мобильді қосымшасы – көпшіліктің қолдануына арналған телемедицина саласындағы мобильді қосымша. Жалпы, телемедицина саласы әлемдік нарықта үш жыл бұрын пайда болған. Ал Еуропа мен АҚШ-та бұл сала таныла бастағанына көп өтпегенімен, біздің стартаптар секілді бірнеше компаниялар нарықта өз орнын алып үлгерсе, Zoomcare қосымшасы – Орталық Азия елдері ішінде алғашқы жоба. 

Біздің қосымша – дәрігер мен пациентті тәулік бойы қашықтықтан видеоқоңырау және анонимді байланыстыратын құрал. Мысалы, шалғайда тұратын азаматтар Астанадағы немесе шетелдердегі дәрігерлерден біздің қосымша арқылы кеңес ала алады. 

Стартапты бастағанда алғашқы қаражат өз қалтамыздан шықты. Қазір біздің жобамыз пайдалануға 100 пайыз дайын тұр. Енді компанияны әрі қарай дамыту үшін инвесторлар іздеп жатырмыз. Үш ай тестілеу кезеңін сәтті өткізіп, көпшілікке таныстырып үлгердік. Нәтижесінде бірқатар дәрігер мен пациент жобамызға жоғары баға берді.

Жоба бойынша ұзын саны жиырма адам еңбек етіп жатсақ, соның жетеуі – шетелдік азаматтар. Ал бүгінгі Астана Хабының ашылуы – біз үшін үлкен қуаныш. Өйткені осы стартаптар алаңы бізге алты айға дейін тегін кеңсе мен интернет секілді қажетті құрал-жабдықтарын ұсынуда. Одан бөлек, отандық және шетелдік әлеуетті инвесторлармен, менторлармен табыстырып жатыр. 

Санжар МЫРЗАҒАЛЫМ, 

«Шеберхана» платформасы негізін қалаушылардың бірі: 

– «Шеберхана» платформасы кез келген стартапшының өз идея­сын прототиптік деңгейге дейін жетілдіруге мүмкіндік беретін цифрлы алаң. Кез келген өнертапқыш немесе стартапшы идеясын біздің «Шеберханада» жүзеге асырып, өнімін инвесторларға немесе тұтынушыларға көрсете алады. Біздің платформада 3D принтер, лазерлік принтер мен электроника секілді өз идеяңызды іске асыруға қажетті барлық құрылғылар бар. Стартаптарға тегін алаң ұсына отырып, біз бастауыш кәсіпкерлерге менторлық қызмет те ұсынамыз. 

Кез келген идеяны стартап деңгейіне жеткізуге қолдау білдіреміз. Оқушылардан бастап шетелдік стартапшылар да біздің платформа мен құрылғыларымызды әзірге тегін пайдалана алады. Кейіннен шеберлік сыныптары мен арнайы курстар ашуды жоспарлап отырмыз. Сол кезде қызметімізді коммерцияламақшымыз. 

«Шеберхана» платформасын өзіміздің басқа да стартаптарымыз үшін қолдандық. Одан бөлек қазір Астана хабындағы өзге де стартапшылар біздің алаңды игіліктеріне жаратып жатыр. Алдағы уақытта «Шеберхана» алаңын өңірлердегі стартапшылардың да пайдалануына мүмкіндік жасау үшін «Шебер Bus» деген жобаны қолға аламыз. Ал қазірше «Шеберхана» тек Алматы мен Астанада ғана жұмыс істеп тұр. Университетті бітіргеннен кейін екі жыл бойы осы стартапты дайындадық. Дайын өнім шыққанға дейін тек қана өзіміздің қаржымызды құйдық. Кейіннен мемлекет пен «Сәби» қорының қолдауына ие болдық. 

Ержан РЫСҚАЛИЕВ, 

Clockster компаниясы негізін қалаушылардың бірі:

– Астана Хаб ақпаратты технологиялар стартаптарының алаңы ашылғалы бері біздің компания сонда тіркеліп, ең алғашқы резиденттерінің біріне айналды. Бұл алаңмен жұмыс істей отырып біз аз уақыттың ішінде үлкен жетістіктерге жеттік. Бірінші кезекте бизнес-модель құруда теңдессіз тәжірибе жинадық. Екіншіден, осы алаң бізге инвестиция тартудың, шетелдік компаниялармен байланыс құрудың өзіндік әдіс-тәсілдерін үйретті. Нәтижесінде біз Америка-Сингапур бірлескен қорынан және Назарбаев Университет жанындағы қордан 135 млн теңгедей инвестиция тарттық. 

Өткен айда Оңтүстік-шығыс Азия елдерінің нарығына шығу үшін Сингапурда компаниямызды тіркедік. Қазіргі таңда ақпаратты технологиялар кәсіпкерлігі саласындағы филиппиндік компаниямен келісімшартымыз бар. Бұл – дистрибьютерлік салада ірі супермаркеттерді қолдауға арналған жоба. 

Жалпы, Астана Хабында бүгінге дейін 146 стартап тіркелді. Соның ішінде 90 пайызы қазақстандық компаниялар. Қалғаны Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей, Украина секілді жақын шетелден келген кәсіпкерлер. Өйткені Астана Хабы тек қазақстандық емес, халықаралық деңгейдегі стартаптар алаңы ретінде жұмыс істейді. 

Дайындаған Бауыржан МҰҚАН,

«Егемен Қазақстан»