«Кісідегінің кілті аспанда» дегендей, Ресей тарапы соңғы жылдары өз жерінен тоған санын көбейтіп жіберді. Тіпті бастауын сол жақтан алатын қос өзен сарқылып, аяқтағы ел судан тарығып қалатын кезі де жиі кездесті. Адамдар суды ашық өзендерден ішуге мәжбүр болды. Таза су – денсаулық кепілі екен. Ашық-шашық су ішкен ел ішінде әртүрлі ауру көбейе бастады.
Жаңақалада таза су мәселесі 2012 жылдан айтыла бастады. Арнайы зерттеу орындары Құлшық елді мекенінде мол жерасты су қоры бар екенін анықтады.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясында келешектегі елге түсер нәубет – ауыз су жетіспеушілігі болатынын көрегендікпен атап көрсетіп, Үкіметке оны шешу жолдарын қазірден бастап қолға алу керектігі жөнінде нақты тапсырма берген болатын. Президенттің ауыз су мәселесін шешу туралы нақты тапсырмасы алыстағы ауыл тұрғындарының кеудесіне үміт отын жақты. Тұрғындардың ертеңіне сенім пайда болғаннан кейін Құлшық елді мекенінен су тарту жөнінде аудан азаматтарының атынан Парламентке бірнеше мәрте хат жолданды.
Елбасы тапсырмасына орай өңірімізге келген Премьер-Министр облысымыздың оңтүстік аймағындағы жартылай шөлейтті өңірге орналасқан Жаңақала ауданы тұрғындарының ауыз суға мұқтаждығын мұқият ескеріп, нәтижелі шаралар қабылдаған еді.
Міне, Үкіметтен бөлінген 2 миллиард теңгеге жуық қаржыны мердігер тиянақты игеріп, жұмысты биыл қыркүйек айында мерзімінен бұрын аяқтап шықты. Осылайша Елбасымыздың халыққа деген қамқорлығы нақты көрініс тапты!
Нәтижесінде 143 шақырымдық топтық су құбыры табиғаттың қолайсыз шақтарына қарамастан қарқынды жүргізіліп, Жаңақала ауданының 10 ауылы мен елді мекені таза ауыз сумен қамтамасыз етілді. Елбасына халықтың ризашылығы шексіз. Себебі Жаңақала газбен қамтылған, жолы жөнделген аудан болатын. Таза ауыз су әр үйге құбырмен кіріп келгенде қала мен ауылдың айырмашылығы болмай қалды. Мемлекет басшысының өзі қалалықтар мен ауылдықтардың өмір сүру деңгейінің арасындағы теңсіздікті жою жөнінде тапсырды емес пе? Міне, бұл орындалды.
Жаңақала топтық су құбырының ашылу салтанатында өңір тұрғындары атынан сөйлеген тоқсанның төріне шыққан абыз ақсақал Б.Сапаров, зейнеткер-ұстаз Р.Кенжекеевалар Елбасымызға, Үкіметке ризашылықтарын білдіріп, шексіз алғыс айтты. Бұл жаңақалалықтардың шынайы көңілі еді.
Закария СИСЕНҒАЛИ,
Жаңақала аудандық мәслихатының хатшысы
Батыс Қазақстан облысы