Елбасы бірінші кезекте елімізде жүргізілген әлеуметтік зерттеулердің нәтижесі халықтың коммуналдық төлем тарифтерінің жоғары екендігіне алаңдаушылық көрсеткендігін атап өтті.
– Менің Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауымда негізінен халықты алаңдатқан мәселелерге басымдық берілді. Соның ішінде коммуналдық тарифтердің жоғары екендігіне тоқталып, Бас прокуратураға арнайы тапсырма бердім. Сол тексерістің нәтижесі күрделі болғаннан кейін, оны Қауіпсіздік Кеңесінің отырысына шығарып, сіздермен бірге талқылауды ұйғардым, – деді Мемлекет басшысы.
Елбасы, сондай-ақ елімізде 2009 жылы «Тариф – инвестиция орнына» деген бағдарлама қабылданып, монополистерге тозған жүйелерді жаңғыртып, өндірістерді модернизациялауға мүмкіндік берілгендігіне тоқталды.
– Аталған бағдарлама 2009 жылдан бастап 7 жыл бойына монополистерге өз өндірісін модернизациялау үшін миллиардтаған пайда табуға мүмкіндік берді. Дәл осы қадам арқылы тарифті екі есеге көтеруге жағдай жасалды. Алайда ірі энергетикалық компаниялар өндірісті инвестициялау мен қуатын жаңғыртудың орнына тұтынушылар есебінен заңсыз байып келген. Тарифтер мен қызмет құнына қызметкерлерге төленетін сыйақы, бонустарын қосқан. Халықтың есебінен несиелерін жауып, өндірістік шығындарын негізсіз арттырған, – деді Елбасы.
Мемлекет басшысының айтуынша, тексерулер нәтижесінде электр энергиясын жеткізуші компаниялар тарапынан тұтынушыларға 14 млрд теңге, ал энергиямен жабдықтаушы компаниялардың кесірінен 15 млрд теңге шығын келген. Тіпті, бірқатар облыстар шарықтаған тарифті тоқтатуға әрекеттенудің орнына, монополистерге субсидия төлеп келген.
– Халықтың негізсіз шығынын азайтудың орнына қандай жағдай қалыптасып отырғандығын көріп отырсыздар ма? Мұның екі себебі болуы мүмкін – Президент Жолдауына қасақана қарсылық танытып, оның рөлін төмендету әрекеті немесе жауапкершілікті сезінбеу. Мен бұл екі жағдайды да қылмыс деп есептеймін, – деді Мемлекет басшысы.
Президент мұндай ахуалдың қалыптасуын құзырлы мемлекеттік органдардың әрекетсіздігі мен бақылаудың жоқтығы деп санайтындығын айтты.
Оның ішінде тариф қалыптастыру саясатында Энергетика, Ұлттық экономика министрліктерінің және жергілікті атқарушы органдардың жауапкершіліктерін еске салды.
– Энергетика министрлігі монополистердің инвестициялық жауапкершіліктерінің орын-
далуын бақылап отыруға тиісті еді. Бүгінгі жағдай көрсетіп отырғандай, монополияға қарсы комитет өз міндеттерінен тайқып кетті немесе монополистермен мүдделес болып отыр. Оны тексеруді соңына дейін жеткіземіз, – деді Президент.
Елбасы, сондай-ақ тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық қызметіне, жылу мен электр энергиясына халықтың табысының едәуір бөлігі жұмсалатындығын атап өтті.
– Егер тарифтің өсімі нақты экономикалық көрсеткіштермен негізделмей, жасанды түрде тағайындалса әрбір отбасының шығынын көбейтеді. Бұл халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған менің Жолдауыма қарама-қайшы келеді, азаматтардың әлеуметтік көңіл күйіне әсер етеді. Адалдықтан жұрдай монополистер жауапкершілікке тартылуы керек, – деді Елбасы.
Негізсіз тағайындалған тарифтерге қатысты жүргізілген тексерулердің қорытындысын Бас прокурор Қайрат Қожамжаров айтып берді.
Мәселен, 15 тексеру ғана артық кірістің 51,5 млрд теңгеден асып жығылғанын анықтаған.
Осы тектес әрекеттерге байланысты елімізде 7 қылмыстық іс қозғалған. Атап өтерлігі, Саран қаласының бұрынғы әкімі, ал қазір Энергетика министрінің орынбасары лауазымындағы Анатолий Шкарупа 2015 жылы 215 млн теңгені жымқыруға қатысы бар деген күдікке іліккен. Бас прокурордың баяндауынша, сол кездері орталық жылу жүйесі жоқ қалада тұрғын үйлерге жылу есептегіштері орнатылған.
Мемлекет басшысы Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында Энергетика министрлігі, Ұлттық экономика министрлігі және монополияға қарсы ведомство басшыларының баяндамаларын тыңдады.
Олардың қорытындысы бойынша Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Азамат Майтиевке сөгіс жариялады.
Нұрсұлтан Назарбаев жиында жасалған баяндамаларды назарға ала отырып, бірқатар нақты тапсырма берді.
Атап айтқанда, Мемлекет басшысы Ұлттық экономика министрлігінің монополияға қарсы комитет жұмысының нашарлығын айтып, Премьер-Министрге комитет қызметін тәртіпке келтіруді, өңірлік деңгейдегі монополияға қарсы барлық ведомстволар жұмысының тиімділігіне баға беруді тапсырды.
– Энергетика министрлігі тұтынушылар төлеген әрбір тиын үшін жауап беруге тиіс. Бұл қаражат экономикамызды дамытуға жұмсалуы керек. Тариф көтеру жөніндегі әрбір шешімді қабылдаған сайын, ең алдымен, халықтың төлем қабілеттілігін ескерген жөн. Тарифтерге қатысты жоспарлы өзгерістердің бәрі көпшіліктің талқылауына мүлдем түспейді немесе формальды түрде өткізіледі. Бұл іске жұртшылықты, үкіметтік емес ұйымдарды және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін кеңінен тарта отырып, қазіргі механизмді өзгерту қажет, – деді Қазақстан Президенті. Сонымен қатар Мемлекет басшысы Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқығын қорғау комитетінде азаматтармен «кері байланыс» орнатудың тиімді жүйесінің жоқтығына назар аударды.
Нұрсұлтан Назарбаев Энергетика министрлігі тарапынан тұрғындар үшін электр энергиясының бағасын төмендету жөнінде шаралар қабылдануы қажет екенін айтты.
Сондай-ақ Қазақстан Президенті Үкімет пен Бас прокуратурадан тарифтердің негізсіз көтерілуіне жол берген тұлғаларға қатысты барлық құқықтық актілердің заңға сай орындалуын талап етті.
– Электр энергиясы мен жылу тарифтері мәселесі – проблеманың бір бөлігі ғана. Басқа да қызмет көрсетуші-монополистер бар. Бұл ауыз су, газ, кәріз жүйесі, телефон байланысы және интернет үшін көрсетілетін қызметтермен қамтамасыз ету ісіне де қатысты. Монополияға қарсы комитет осы мәселелерді де ретке келтіруі керек, – деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев субсидия ретінде бюджеттен бөлінетін қаржының көзделген мақсатқа жұмсалуына кешенді сараптама жасауды да тапсырды.
– Осы шаралардың бәрі бір жолғы акцияға айналмауға тиіс. Құзыретті мемлекеттік органдар жұмысының барынша ашық болуын, тұрақты түрде есеп беріп отыруын және тиімді қызмет етуін талап етемін. Заңсыз иемденіп кеткен қаражаттың қайтарылуына қатысты қабылданған шаралар жөнінде жұртшылық хабардар болуы қажет, – деді Қазақстан Президенті.
Жиын соңында Мемлекет басшысының сөзі энергиямен қамтамасыз ететін компаниялардың барлық басшылары мен меншік иелеріне арналды.
– Халық қаражаттың қайда және қандай мақсатқа жұмсалғанын білуге тиіс. Жұмысты қайта құрып, әлеуметтік жауапкершілікті сезіну қажет. Сондай-ақ ашық жұмыс істеп, адамдардың сенімінен шыға білу керек, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Серік ӘБДІБЕК,
«Егемен Қазақстан»