ДДҰ деректері бойынша, әлем дәрігерлерінің 15 пайызы өз тәжірибесінде жасанды интеллектіні пайдаланады. Ал жасанды интеллект тәжірибесімен әлемнің алдыңғы қатарлы 15-тен аса мемлекеті жұмыс істейді. Осы тұрғыдан алғанда қазақстандық мамандар үшін де заманауи жетістіктерді молынан игеретін кезең туды. Себебі отандық медицинада қатерлі ісік сияқты қауіпті ауруларды ерте анықтауда көптеген қиындық кездесуде. Оған дәлел ретінде Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты мәліметтері бойынша қатерлі ісікпен есепте тұрған 180 мыңға жуық науқастың жағдайын айтсақ та жеткілікті. Ал елімізде қатерлі дерттен жылына 15 мың адам көз жұмады. Сондықтан медицина саласын цифрландыруға көшірудің қатерлі ісікті ерте анықтау мен диагностикалаудағы маңызы зор. Осы ретте Денсаулық сақтау министрлігі мен IBM компаниясы әріптестік жөніндегі меморандумға қол қойып, ағымдағы жылы Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтында Watson for oncology жасанды интеллекті жобасын іске асырғандығын айта кету қажет. Мамандардың айтуынша, жасанды интеллект қатерлі ісікті ерте кезеңде анықтау мен емдеуде дәрігер үшін таптырмас көмекші бола алады. Әрі миллиондаған деректерді талдап, сараптауға мүмкіндігі зор. Жасанды интеллект роботтың көмегі арқылы бүгінде елімізде 70 мыңнан астам қатерлі ісік анықталған науқастардың жағдайын жақсартуға мүмкіндік туып отыр.
Денсаулық сақтау министрлігінің деректері бойынша, 2019 жылға дейін еліміздегі барлық денсаулық сақтау мекемелері қағазсыз медицина режіміне өтеді. Бүгінде емханаларға бекітілген 1 951 338 азамат мобильді қосымша арқылы дәрігер кеңесіне жүгінген. Елімізде цифрлы сауаттылықты арттыруға байланысты 546 тірек құрылып, 10,2 млн электронды денсаулық картасы толтырылған. Ал медициналық мекемелер толық ақпараттық жүйелермен қамтамасыз етілген.
Алматы қаласы бойынша Республикалық электронды денсаулық сақтауды дамыту орталығы директорының орынбасары Ербол Дархамбаевтың айтуынша, цифрлы жүйе бүгінде Алматы қаласындағы ауруханалар мен емханаларда да белсенді түрде енгізіле бастады. Қала тұрғындары ЖСН арқылы электронды қызмет түрлеріне e-gov.kz немесе telegram мессенджері арқылы тіркеледі. Бұл бағытта DamuMed мобильді қосымшасы көмекке келеді. Яғни смартфон арқылы емханадан өзіне қатысты ақпарат алып, дәрігер кеңесіне қашықтықтан жүгіну мүмкіндігі қарастырылған. Сонымен қатар дәрігер кеңесіне жүгінген кез келген азаматтың денсаулығы жайындағы ақпараттар да электронды жүйеге енгізілген. Аталған мобильді қосымшаның қызмет аясы алдағы уақытта тағы да толықтырылады.
Бүгінде оңтүстік астанадағы медициналық мемлекеттік мекемелердің 74-і толықтай ақпараттық жүйемен қамтамасыз етілді. Жаңа технологиялық мүмкіндіктерді игеруге байланысты дәрігерлер толық біліктіліктен өтті деуге негіз бар. Себебі еліміздің медицина саласына дендеп енген цифрландыру нәтижесіне орай дәрігерді үйге шақыру, дәрігер кеңесіне жазылу, жедел жәрдем қызметіне жүгіну, т.б. салаларды ақпараттық жүйелерсіз елестету мүмкін емес әрі бұл жүйе сала мамандарынан жоғары біліктілікті талап етеді. Сондай-ақ зертханалық сараптамаларды жетілдіруге байланысты PACS (цифрлы рентген) жүйесін енгізу жұмыстары жолға қойылуда.
Қазіргі кезде еліміздің барлық өңірінде жұртшылықты ақпараттандыру мәселесі жолға қойылып келеді. Осы орайда скрининг жүйелерінің тиімділігін атап өту қажет. Яғни, скрининг өту үшін хабарлама жіберу де ақпараттық жүйелерге жүктелген.
Алматы қаласында 15 қыркүйектен 15 қарашаға дейін қала емханаларына еркін тіркелу жүргізілуде. Сондай-ақ ЖСН арқылы жаңа туған сәбилерді де электронды тіркеу мүмкіндіктері қарастырылған. Ең бастысы, елімізде жүргізіліп жатқан цифрландыру шаралары кез келген азаматтан заман көшінен қалмай, өз денсаулығына қырағы болуды талап етеді.
Эльвира СЕРІКҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ