Шаруашылық • Бүгін, 13:00

«Малшы мен ветеринар жоқ»: Депутат азық-түлік қауіпсіздігіне қауіп төніп тұрғанын айтты

30 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мәжіліс депутаты Темір Қырықбаев Премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұманғарин атына депутаттық сауал жолдап, ауыл шаруашылығы саласындағы кадр тапшылығы мәселесін көтерді, деп жазады Egemen.kz.

«Малшы мен ветеринар жоқ»: Депутат азық-түлік қауіпсіздігіне қауіп төніп тұрғанын айтты

Фото: Ашық дереккөз

Депутат өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылғы Жолдауында азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және импортқа тәуелділікті азайту Үкіметтің стратегиялық міндеті екенін атап өткенін еске салды. Оның айтуынша, бұл міндеттер отандық ауыл шаруашылығын дамыту, өнім жеткізу логистикасын оңтайландыру және тұрақты өндірісті қалыптастыру арқылы жүзеге асуы тиіс.

Соңғы 7 жылда еліміздегі ауыл шаруашылығы өндірісінің көлемі екі есе артты

Темір Қырықбаев жыл басында өңірлерді аралап, ауыл тұрғындарымен кездескенін жеткізді. Кездесулер барысында шаруалар агросектордағы ең өзекті мәселелердің бірі ретінде кадр тапшылығын атаған.

«Әсіресе, малшы, сауыншы, механизатор, ветеринар, агроном, зоотехник секілді мамандардың жетіспеушілігі  бар екенін жеткізді. Бұл жағдай ауылдық жерлердегі тұрмыс деңгейінің төмендігімен, еңбекақы мөлшерінің жеткіліксіздігімен және әлеуметтік қолдау тетігінің әлсіздігімен тікелей байланысты», деді депутат.

Ауыл шаруашылығы кооперациясы: Оларды ынталандыру тәсілі қандай?

Сондай-ақ ол Жоғары аудиторлық палатаның есебінде зейнетақы жарналары аударылмайтын азаматтардың көп екені көрсетілгенін айтты. Бұл еңбек заңнамасының сақталуында кемшіліктер бар екенін және бақылау тетіктерінің әлсіздігін білдіреді.

«Мұндай үрдіс жұмыс берушілер тарапынан міндеттемелердің толық орындалмауы немесе бақылау тетіктерінің әлсіздігімен байланысты болуы мүмкін. Кадр тапшылығының орын алуы агроөнеркәсіптік кешеннің тұрақты дамуына, еңбек өнімділігінің артуына және елдің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей қауіп төндіреді», деді Т. Қырықбаев.

Айта кетейік, Үкімет Қазақстан негізгі азық-түлік өнімдері бойынша толық өзін-өзі қамтамасыз етуге көшуді 2028 жылға дейін жоспарлап отыр. Депутаттың айтуынша, ауылдағы шаруалардың тарапынан  көтеріп отырған кадрлық мәселесін толыққанды шешпей елімізді азық-түлік өнімдерімен 2028 жылға дейін өзін-өзі толық қамтамасыз етуге мүмкін емес.

Ормұз бұғазындағы шектеулер отандық ауыл шаруашылығына қалай есер етеді?

Осыған байланысты депутат Үкіметке бірқатар ұсыныс жолдады. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің жалақысын арттыру үшін қосымша төлемдер қарастыру және жергілікті бюджет есебінен субсидиялау бағдарламасын енгізу, сала қызметкерлеріне жеке табыс салығының төмендетілген мөлшерлемесін белгілеу, сондай-ақ аграрлық оқу орындарында мақсатты гранттар мен шәкіртақылар көлемін ұлғайту қажеттігін ұсынды.

Соңғы жаңалықтар