Бүгін Петропавлда Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастығының XV форумы өтеді. Екі ел Президенті қатысатын форум Қазақстан мен Ресейдің туризмін дамытудағы жаңа тәсілдер мен үрдістерді талқыламақ.
Міне, осынау елеулі оқиға қарсаңында Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов бастаған ресми делегация Ресей Федерациясының Самара облысында болып қайтты. Самара губернаторы Дмитрий Азаровпен арада өткен іскерлік кездесуде өңіраралық ынтымақтастық тағы бір белеске көтерілді деуге болады.
– Екі ел арасындағы өңіраралық әріптестіктің негізі біздің мемлекет басшыларының ең жоғарғы дәрежелі кездесулерінде қаланып, жыл өткен сайын дамып келеді. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстан үшін Ресей Федерациясы – тату көрші, ең басты стратегиялық әріптес екендігін әрдайым айтып келеді. Біздің арамыздағы достықтың тамыры талай ғасырға кетеді, деді өз сөзінде Алтай Көлгінов.
Өткен жылы Батыс Қазақстан облысы мен Ресей Федерациясының өңірлері арасында 600 млн АҚШ долларынан артық тауар айналымы болыпты. Биылғы 8 айда сыртқы сауда айналымы 420 млн долларға жетіп, 15,8%-ға өскен. Алтай Көлгіновтің айтуынша, өңірдің экономикалық, инвестициялық және туристік әлеуеті өте зор. Мәселен, Батыс Қазақстан облысында бүгінде шетел фирмаларының 86 филиалы және халықаралық инвесторлармен бірлесе құрылған 238 біріккен кәсіпорын қызмет етіп жатыр. Әрине бұл әріптестіктің дені – ресейлік инвесторларға тиесілі.
– Мемлекет басшысы елде көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамытуға ерекше көңіл бөліп отыр. Соның ішінде Батыс Қазақстан облысының іскерлік белсенділігін арттыру үшін әуежай ғимараты жаңартылады. Қазірдің өзінде Оралдан Қазақстанның өзге өңірлеріне және шетелге тікелей әуе рейстері ашылды. Соның ішінде оралдықтар Мәскеу мен Франкфурт қалаларына тіке ұшып бара алады. Таяу арада Орал – Саратов автожолының құрылысы аяқталады. Бұл жол шекара тұсында 8 жолақты автобанға айналмақ. Ресейдің оңтүстік өңірлеріне шығатын жол құрылысы да жалғасуда. 2019 жылы Самара шекарасында 8 жолақты жол құрылысын салу жоспарланып отыр. Сондай-ақ Орынбор облысымен арадағы күрежолға күрделі жөндеу басталады, – дейді Алтай Көлгінов екі ел арасындағы іскерлік қарым-қатынасты одан әрі дамыту туралы айта келіп.
Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастығының XV форумы туризм тақырыбына арналатынын жоғарыда айтқан едік. Батыс Қазақстан облысының басшысы да Самарамен арада туризм саласын дамыту туралы ұсыныс көтерді. Әкімнің айтуынша, болашақта Орал мен Самара арасында тікелей әуе қатынасы ашылуы мүмкін. Әрине Орал мен Самараның аралығы 260-ақ шақырым. Бірақ әр минутын тиімді пайдаланып, шекара бекетінде алтын уақытын сарп еткісі келмейтіндерге бұл да бір оң мүмкіндік.
Екі ел арасындағы ықтимал әріптестіктің тағы бір саласы – балалар мен жасөспірімдер туризмін дамыту. Бұл бағытта Батыс Қазақстан облысынан үйренер нәрсе көп. ТМД елдері арасында Батыс Қазақстан облыстық балалар мен жасөспірімдер туризмі орталығы үздік үштікке еніп, «ЮНЕСКО клубы» деген атақ алған. 1960 жылы құрылған орталықтың бүгінде 16 бөлімшесі бар. Қазірдің өзінде Ресейдің 14 аймағымен іскерлік байланыс орнатқан орталық жұмысына самаралықтар да қызығушылық танытып отыр.
Өз кезегінде Самара облысының губернаторы Дмитрий Азаров өңірлер арасында қалыптасқан екіжақты пайдалы әріптестік туралы айтып өтті. Мысалы екі облыстың бірқатар кәсіпорны қоян-қолтық қызмет етіп келеді. Орал механикалық зауытында жасалған иінді біліктер самаралық «Электросила» кәсіпорнының қажетіне жарап тұр. Қазақстандық кеме жасау өндірісінің флагманы «Гидроприбор» ҒЗИ АҚ «Самтехнонефть» ғылыми-өндірістік кәсіпорнымен келіссөз жүргізуде. Оның нәтижесінде мұнай құбырларын тазарту технологиясын дамыту, химиялық реагент қолдана отырып мұнай өндірісін арттыру бағытында ортақ жобалар өмірге келіп қалуы мүмкін. Бұдан басқа азық-түлік, жеңіл өнеркәсіп және басқа салаларда әріптестік орнатқан компаниялар көп.
Батысқазақстандық делегацияның Самараға сапары барысында екі облыс кәсіпкерлерінің мүмкіндігін ашып көрсететін келелі кездесу, тұсаукесер өтті. Кездесу нәтижесінде өңірлер арасында сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық, әлеуметтік және мәдени-гуманитарлық салада әріптестік туралы екіжақты келісімдерге қол қойылды.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
Орал – Самара – Орал