24 Ақпан, 2010

СУНАҚ АТА

2381 рет
көрсетілді
39 мин
оқу үшін
Сөз басы. Өткен ғасырдың 70-ші жыл­дары. Мәскеудегі атақты Шығыстану инсти­тутында оқып жүрген кезім. Бұл кезде еліміз­дің зиялылары арасында мұсылман әлемі мен мә­дениетіне деген қызығушылық артып, тарихымыз, әдебиетіміз бен рухани тіршілігіміздің Ислам өркениеті, әсіресе, оның жазба жәдігерлерімен байланысты екені айтыла, ол жайлы деректер жинала, жазыла бастаған. 60-шы жылдары белгілі қаламгер Дүкенбай Досжановтың “Фараби” повесін қызыға оқысақ, 70-ші жылдар басында осы отырарлық ойшылдың туғанына 1100 жылдығы аталып өтілді. Алматыда Ақжан Машанов пен Ауданбек Көбесовтің ұлы ғалымға арналған еңбектері жұртшылықпен қауыш­ты. Сондай-ақ сол 60-шы жылдардың соңында Қазақ КСР Ғылым академиясындағы Философия және құқық институты жанынан фарабитанушылар тобы құрылды. 1973 жылы Алматыда тұңғыш рет Азия және Африка жазушыларының V сьезі өтті. “Тарихтарың жоқ, көздеріңді Қазан төңкерісі ашты. Сендерді адам еткен Кеңес өкіметі”, – деген сыңаржақ ой-пікір жұрт санасын ұзақ жылдар бойы улап келгендіктен бе, жоғарыдағыдай іс-шаралардың өткізіле бастауы шынында да әрі тосын, әрі қуанарлық жәйт еді. Осындай көтеріңкі күйде жүргенде бірде Мәскеудің Киров көшесіндегі “КСРО халықтары әдебиеті” кітап дүкенінен Дүкенбай Досжановтың 1973 жылы шыққан “Жібек жолы” романын сатып алдым. Сол кеште оны таң атқанға дейін оқып шыққаным есімде. Қызықтырғаны Сыр бойындағы Сығанақ қаласының рухани өмір-тіршілігі мен одан шыққан Хисамеддин (дұрысы Хұсам ад-дин – Ә.Д.) атты ақынның өмірі еді. Көркем шығарманың ол жайлы баяндайтын тұсына көз жүгіртсек: “Осы Хисамеддин Інжудің (Сырдарияның) төменгі сағасына орын тепкен Сығанақ шаһарының тумасы. Соның ақ шаңдақ көшесінде тырапайлап ит қуып, көне медреседе ма­са­дай мазасыз молдаға құлағын жұлдырып бала­лы­ғын өткізген. Ғұламалар құзырына бас иген. Араб қарпін үйренісімен қауырсын қаламмен қағаз бетін шиқылдатып жыр жазды, бүгінде ел аузына есімі ілінген. Қазір бір жарым мүшел жаста, сүтке той­маған денесі балғын, сүйегі қата қоймаған әлі... Бұл һижраша алты жүз он төртінші жылдың раби ахир айы, қазақша сиыр жылының көкек айы, қазақша күн календары бойынша мың екі жүз он жетінші жылдың сәуір айы”, – деп жазыпты Дүкең. Содан Сығанақ қаласы мен одан шыққан Сығанақи жайлы деректер іздей бастадым. Әуелі қолыма тигені ғалымдар А.Ю.Якубовский (1886-1953) мен В.В.Бартольд (1869-1930) және парсы қаламгері Фазл Аллаһ әл-Исфаһанидің (1457-1524) жазбалары болды. Осыларға сүйене отырып халық арасында Сунақ ата аталып қап жүрген Сығанақи баба туралы бірнеше беттік мақала жаздым. Араб тіліндегі негізгі дерек көздері ол кезде қайда, оның ауылы әлі алыс-тын. Сонымен, Орта Азия және Қазақстан тарихын зерттеушілердің бірі А.Ю.Якубовский XX ғасырдың 20-шы жылдары Сығанақ жайлы мағлұмат жинап жүргенде әріптесі академик В.В.Бартольд оған Ыстамбұлға барған сапарында Нури Усманийа кітапханасында сақтаулы “Миһман-нама-ий Бухара” (“Бұхаралық қонақтың жазбалары”) атты қолжазбадан сығанақтық бір ақынның: Бұрын бұл қамсыз ел еді. “Ниһаяны” құрастырған, “Һидаяны” зерделеген, Ғұламалар мекені. Тағдыр жазса тағы да, Сығанақтық болар ек, Сәби өмір бой көтерсе кезеңі,—деген өлең жолдарын жазып әкеп береді. “Ниһая”, “Һидая” деген нендей шығармалар? Авторы кім? Сығанақтық бабаға қандай қатысы бар?” – деген сауалдарға жауап оңай табыла қойған жоқ. А.Ю.Якубовский бұл жолдарды кейінірек (1929) “Сығанақ қаласының жұқаналары” атты еңбегіне эпиграф етіп алған. Осы тарихшы деректеріне қарағанда Сығанақ әуелі оғыздардың, XІ ғасыр ортасына таман қаңлы, қыпшақтардың қол астына көшкен. Шығармада Сыр бойының Түркістан, Сығанақ, Сауран секілді қалалары мен қазақ тарихына қатысты біраз жәйттер келтірілген. “Сығанақ өлкесі, – дейді Рузбихан, – Дешті аймағының солтүстігіндегі шұрайлы жер. Ілгеріректе онда өте үлкен, гүлзарлы қала болған. Бұл өңірдің бәрі жақсы игеріліп, абаттандырылған, мұндай болуға мамыражай тыныштық пен әр түрлі игі байлық көздері көмектесті. Бұл қала шынында да Дешті қыпшақтың шекаралық қақпасы болып табылады. Жерінің кеңдігі, қауіпсіздігі мен тыныштығы арқасында ол әлемге әйгілі болды. Сол жұрттың сенімді адамдарының айтуына қарағанда, бұрынғы бағзы заманда қуаныш пен игілікке толы бұл абат бақты өлкеде халықтың көптігі сонша, оның базарларында күн сайын бес жүз түйе сойылып, қуырылғанымен, кешке қарай оның бір түйірі де қалмайды екен. Ақиқатына жүгінсек, бұл жердің осындай игілікке ие болуға мүмкіндігі де бар. Оның игерілген жерлеріндегі арықтардың бәрі де Сейхун өзенінен тартылған. Ол елдің далалы жерлері су мен көгалға, отын боларлық бұталарға бай. Жайлауларында отар-отар қоймен бірге жабайы ақбөкен, құлан, дала (жабайы) қойы, тағы да басқа жан-жануарлар жайылып жүреді екен... Осы қожалықта тұратын жамағат қыс айларынан басқа кезде аңға көп шығып, қысқа қажет азық-түлік қорын дайындайды. Атып алынған аңдардың еті онда арзан. Мұндағы базарға қазір Дешті және Қажы Тархан (Астрахань – Ә.Д.) жақтан семіз қойлар, жылқылар мен түйелер және бағалы заттар да әкелінеді. Олардың ішінде бұлғын мен тиын терісінен тігілген тон, жебелі садақ, жібек мата және басқа да бағалы мүліктер бар. Дешті тұрғындарына қарағанда, Сығанақ мұн­дағы игерілген жер орталығының басы болған­дық­тан, оның теріскей жағы Бахр әл-Мұхит (Каспий теңізі – Ә.Д.) жағалауына барып тірелетін Әділге (Еділге – Ә.Д.) дейінгі Дешті Қыпшақ иелігі мен қожалығына қарайтын саудагерлер Сығанақ қаласын өздерінің қоймасы жасап алған. Осында сауда-саттық заттарын әкеледі. Түркістан, Мауа­раннаһр өлкесінің және шығыстағы Қашғар, Хотанға дейінгі елдердің көпестері Сығанаққа сол жақтың заттарын әкеп, Дешті халқымен сауда-саттық, айырбас жасайды. Осындай алыс-беріс сауда Сығанақта жасалғандықтан да ол түрлі елдерден келген саудагерлердің үнемі бас қосатын жеріне айналған. Сол себепті барлық елдердің мүлкі мен заттары онда мол. Сығанақ тұрғындары онша көп болмағанымен, олардың бәрі де жауынгер және батыр келеді”. Өткен ғасырдың 70-ші жылдары Сыға­нақтан шыққан осы Хұсам ад-Дин туралы мардымды ештеңе таба алмадым. Өйткені, қолыма өзге деректер түспеді. Сонымен арада біраз жылдар өтті. Қа­зақстанның егемендік алуы, тәуелсіз жұрт болуы өз елінің бұрмаланып, әбден шатастырылған тарихын жазба деректерге сүйеніп қайта жазуға, ежелгі әдебиеті пен мәдениетінің ой дүниесін де қай­та қарауға, ең бастысы: “Тарихтарың жоқ, көз­де­ріңді Қазан төңкерісі ашты”, – деген жалған идео­­ло­гияны жоюға жол ашылды. 2000 жылы Түр­кіс­­танның 1500, ал 2002 жылы Тараздың 2000 жыл­дық тойлары ЮНЕСКО шеңберінде атап өтілді. Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен “Мәдени мұра” бағдарламасы қолға алынды. Каир, Дамаск, Теһран, Үндістан мен Пәкстан, Түркияның бай кітапханалары мен қолжазба қорларынан Отырар ойпатындағы Сүткент, Уасидж, Иқан, Зернұқ, Сулхан, Исфиджаб-Сайрам, Түркістан, Қараспан, Манкент, Арсубаникет; Сыр бойындағы Сығанақ, Сауран, Жент, Жанкент, Кердері, Қыпшақ, Бар­шынкент, Аркөк, Өзкент, Ашанас; Талас өңіріндегі Тараз, Баласағұн, Меркі, Құлан, Ақыртөбе, Түйме­кент пен осы қалалардан шыққан данышпандар және олардың жазба дүниелерін іздеу, табу, зерделеу қолға алынды. Мұра. Иә, Сыр бойы шаһарларынан шыққан ойшылдар баршылық. Соның ішіндегі бірегейі, аз зерттелгені Хұсам ад-Дин ас-Сығанақидың мұрасы. Осыдан бірер жыл бұрын Каирде жыл сайын өтетін халықаралық Ислам конференциясына бардым. Ежелгі қаланың кітапханаларының есігін ашып, керек дүниелерді алу мақсатымен үзіліс кездерінде әдеттегідей ескі махаллаларды аралауға шықтым. Бейбарыс мешітіне барып намаз оқыған соң, медресесіне де соға кеттім. Алматыдағы Нұр-Мүбарак Египет Ислам мәдениеті университетінің каирлық ұстазы Махмұд Фуад мырзаның: “Осы жерде Хұсам ад-Дин ас-Сығанақидың бірнеше еңбектері бар”, – деуімен қаланың тар көшелерінің біріндегі баспаға бардық. Директоры қонақжай, иман жүзді кісі екен. – Хұсам ад-Дин ас-Сығанақидың 2001 жылғы Риядта шыққан 5 томдық және Каирде басылған 3 томдық еңбектері бізде болған. Бірақ сатылып кеткен, – деді ол. Еңсеміз түсіп кеткенін көрген соң: – Өте керек пе еді? – деп сұрады. – Иә, мына кісі Қазақстанның Бас мүфтиі, Сығанақи – бабасы. Сол кісінің шығармаларын іздеп жүр, – деді Махмуд Фуад. Ол біраз ойланды да: – Менде ол дүниелердің өзім үшін алып қойған бір-бір даналары бар еді. Алыстан келген қонақ екен, берейін, – деді. Ас-Сығанақи еңбектерінің негізінде араб елдерінде докторлық диссертациялар қорғалған. Оның иелерінің бірі – Каирдегі Ахмед Мұхаммед Хаммуд әл-Йа­мани, екіншісі, Мединеде қорғаған Фахр ад-Дин Саийд Мұхаммед Қанит, үшіншісі – Меккедегі Ахмад Хасан Ахмед Наср. Алдыңғы екеуі еңбектерін баспаларда жариялаған. Әл-Йаманидікі 3, Қаниттікі 5 том. Риядта шыққан. Таратып айтсақ: 1. Хұсам ад-Дин ас-Сығанақи. Китаб әл-уафи фи усул әл-фиқһ. Дайындап, зерттеулерін жазған Ахмад Мұхаммед Хам­муд әл-Йамани. Каир, 2003; [1 том 552 бет; ІІ-ІІІ томдар біріктірілген – 1465 бет; ІV-V томдар біріктірілген – 2210 бет]. 2. Хұсам ад-Дин ас-Сыға­нақи. Әл-Кафи. Шарх әл-Баздауи. Дайындап, зерт­теу­лерін жазған Фахр ад-Дин Саиид Мұхаммед Қа­нит. Рияд, 2001, [І том – 528 бет, ІІ-том – 1050 бет; ІІІ том – 1576 бет; ІV том – 2050 бет; V том – 2596 бет]. Сонымен Сыр саңлағының жарық көрген атал­мыш 8 томын және Хұсам ад-Диннің өмірі мен мұ­ра­сына байланысты өзге де біраз құнды деректерді сол жолы Каирден алып қайттым. Зерделеуге кірістім. Тарихи жазбаларда Хұсам ад-Диннің Сыға­нақтан Шамға қоныс аударғаны айтылады. Әуелгіде ол Отанында белгісіз болатын, сол себепті оның туған жылы да беймәлім. Бірақ ұстаздары мен шә­кірт­терінің бұл бабамыздың өмірі жайлы жазба­ларына қарап, ғалымды моңғолдар аяусыз жермен-жексен еткен қалада шамамен XІІІ ғасырдың 40-шы жылдары дүниеге келген деп ойлаймыз. Мұсылман шежірешілері негізінен Хұсам ад-Диннің Таяу Орта Шығыстағы өмір тіршілігі туралы жазған. Солардың ішінен араб, түрік, парсы жұрты­ның Әбу-л Уафа әл-Ханафи әл-Құраши (1296-1373), Махмұт Бадр ад-Дин әл-Айни (1360-1450), Ибн Хаджар әл-Асқалани (1372-1442), Жалал ад-Дин Әбу-л Махасин ибн Тагриберди (1411-1465), Жалал ад-Дин ас-Суйути (1445-1565), Ахмет Таш­купризаде (1495-1561), Маула Тақи ад-Дин бин Абд әл-Қадр ат-Тамими ад-Дари әл-Ғаззи әл-Мысри әл-Ханафи (?-1596), Мұхаммед Бакр Хвансари, Махмұт ибн Сүлейман әл-Кафауи (?-1583), Қажы Халифа (1609-1657), Қажы Халифаның еңбегіне қосымша жазған Исмайыл Паша әл-Бағдади (әл-Бабани) (?-1493), Мұхаммед Мұртада аз-Зүбайди (1732-1791), неміс шығыстанушысы Карл Брокель­ман (1868-1956), үнділік Мұхаммед Абд әл-Хайй әл-Лакнауи әл-һинди (1884-1904), Хайр ад-Дин аз-Зирикли (1893-1976), Омар әл-Каххала (1905-1987), түрік ғалымы Ахмет Өзелді атаған жөн. Біз негізінен осылардың, сондай-ақ Нұр-Мүбарак университетінің оқыту­шысы, доктор Мұхаммед Ризқ аш-Шахат Абд әл-Хамид мырзаның материалдарын да пайдаландық. Сөз орайында Ұлттық Ғылым академиясы, Шығыстану институты директорының орынбасары, профессор Әшірбек Момынов пен Нұр-Мүбарак университетінің проректоры, профессор Шәмшидин Керім, академик Әбдімәлік Нысанбаев пен про­фессор Досай Кенжетайдың да ас-Сығанақи туралы маңызды мақалалар жазғанын айта кеткеніміз жөн. Біз Хұсам ад-Диннің жастық шағының қайда, қалай өткенін білмейміз. Отырар, Сығанақ, яки Хорезм өлкесі немесе Бұхара мен Самарқанда күн кешіп, сол жерде тағылым алды ма? Ол туралы мә­лі­мет жоқ. Ғалымның ұстаздары мен замандастары және Хұсам ад-Динді зерделегендердің барлығы да, әсіресе, “Әл-Фатх әл-Мүбаииннің” авторы Мұхам­мед Мұстафа әл-Марағи оның жас кезінен-ақ аса қа­білетті, әрі білімге жақын болғандықтан ғылым­ның жоғарғы сатысына көтерілгенін айтады. Осыған қарағанда оның зиялы отбасында дүниеге келгені, ғылыми ортада өскені байқалады. Жерле­сіміздің дін саласын таңдағаны балалық шағынан діни тәрбие алғанында деп ойлаймыз. Өмірдерек­шілердің айтуынша ұстазы Орта Азиядан шыққан оқымысты, имам Хафиз ад-Дин әл-Бұхари (1218-1293) оның ғылымға деген қабілетін жас кезінен-ақ байқаған. Осы жерде қырымдық орта ғасыр ғалымы Махмұд бин Сүлейман әл-Кафауидің “Катаиб әл-Кафауи” – “Әл-Кафауидің жазбаша құжаттары” атты еңбегіндегі деректеріне қарағанда, жерлесіміздің алғашқы білімді өз отанында алғаны байқалады. “Хұсам ад-Дин әл-Хұсейн бин Әли бин Хажжаж бин Әли ас-Сығанақи, – дейді автор, – “Ниһайа фи шарх әл-Һидаяның” авторы. Ас-Сығанақи Түркістан (уалаятындағы – Ә.Д.) кішкентай қала. Ясы шаһарына жақын жерде. Ол Түркістан патшасының мекені. Ясыдан аш-шейх ас-саййд Ахмед әл-Ясауи (Алла оған разы болсын) шыққан. Оның зияраты сонда [Ясыда], оған жұрт зиярат етеді және қастерлейді. Онда фиқһ (мұсылман заңы – Ә.Д.) бойынша имам Хафиз ад-Дин әл-Кабир Мұхаммед бин Мұхаммед бин Насрдан [Хусам ад-Дин – Ә.Д.] оқыды [білім алды]. Оған [ас-Сы­ғанақиға] жас кезінің өзінде пәтуа шығару бақыты тиді. Ол сондай-ақ фиқһ бойынша шейх әл-имам Фахр ад-Дин Маймарғи Мұхаммед бин Мұхаммед бин Ілиястан дәріс алды. Осы екеуіне сүйеніп ас-Сығанақи “Китаб әл-Һидаяны” айтқан. Ал ол екеуі [Хафиз ад-Дин Бұхари мен әл-Маймарғи] “Шамс әл-аимма” [Имамдар шамшырағы] Абд ас-Саттар әл-Кердериге, ал ол “Әл-Һидаяның” авторының өзіне сүйеніп айтқан”, – дейді. Бұған қарағанда Хұсам ад-Дин араб елдеріне аттанбас бұрын Түркістанда оқыған болып шығады. Хафиз ад-Дин әл-Бұхари мен әл-Маймарғи екеуі де бұхаралық парасат иелері. Осман ғалымы, оқымысты қазы Хасан бин Тархан бин Дауд аз-Зиби әл-Ақхисари деген атпен танымал молла Хасан Кафи әл-Ақхисари (1544-1616) “Низам әл-улама” – “Ғұламалар жүйесі” атты еңбегінде Хұсам ад-Диннің Түркістанда оқыған мерзімін 1277-1278 жылдарға саяды. Сонда бұл кезде Сығанақ перзентін отыздарда деуге болатын сияқты. Содан кейін Бұхара, Самарқанд... Одан әрі Бағдад шаһарына жол тартқан-тын. Ас-Сығанақи өз отаны және мұсылман Шығысында да аламанасыр кезеңде өмір сүрді. Отырар мен Сығанақ, Хорезм мен Бұхараны да отқа ораған моңғолдар Таяу және Орта Шығыс жұртына да жетіп еді. Соның салдарынан XІІІ ғасырдың екінші жартысында бес ғасыр бойы дара билік жүргізген Аббас халифаты құлады және ол ислам тарихында қасіретті із қалдырды. Бұл бірде-бір дінді мойындамайтын моңғол басқыншыларын бастаған Хұлағу ханның 200 мың әскермен Машрық жерлерінің біразын және 1258 жылы Бағдатқа да ту тігіп үлгерген шақ-ты. Мысырлықтар мен кресшілер арасында да бітіспес шайқастар жалғасып жатты. Бірақ, Тұраншаһ ибн Мәлік Салих Аййубтың ерлігі және елді жақсы басқаруы арқасында кресшілер талқандалды. Арасында көптеген ірі тұлғалар мен әскербасылары бар кресшілер өлтіріліп, 20 мыңнан астамы тұтқынға алынды, қолға көп олжа түсті. Осындай толассыз атыс-шабыс, талас-тартыс, яғни саяси тұрақсыздық діни құндылықтардың төмендеуіне, әлеуметтік әділетсіздіктің орын алуына, экономикалық жағдайдың құлдырауына соқтырмай қоймады. Қоғамда бей-берекеттік орын алды. Оның тағы бір себебін араб тарихшылары: “Моңғол және кресшілерден бұрын да жұрттың шариғат жолымен жүрмей, одан алшақтауы, мұсылмандар арасына жік түсіп, ынтымақ, бірліктен айрылуынан”, – дейді. Хұсам ад-Дин мұсылман Шығысы әлемі ойранға ұшыраған осындай ауыр кезде ғұмыр кешті. Дейтұрғанмен, ол ел аралай жүріп, халықты ғылым мен білімге шақырды, ілім, білімге деген ынта-ықыласын оятты. Ол кейбіреулер секілді ел басына түскен қасіреттен құса болып, өмірден үмітін үзген жоқ. Торығуға ұшырамады. Бұл кездердегі ахуал бір көтеріліп, бір басылатын теңіз толқындарын еске түсіретін. Толассыз соғыстар сал­дарынан мешіттер қирап жатты, сол себепті ру­ха­­ни өмірдің белсенділігі төмендеді. Бірақ ХІІІ ға­сыр­­дың аяғына таман жаулар талқандалып, елден қу­ыл­ғаннан соң мәдени, рухани өмір жандана бас­та­­ды. Әсіресе, сұлтан Бейбарыс билік еткен мәм­лүктер тұсында ғылым қайта гүлдеп, мектептердің негізі қаланды. Кітапханалар салынып, мешіттерге халық жинала бастады. Иран мен Ирақтан қашып келген ғалымдар мен көзі ашық көкірегі ояуларды мәмлүктер қолдап, көтермелегендіктен Мысыр мен Шамда ғылым өркендеуге бет алды. Осындай кезеңде Сығанақтан келген Хұсам ад-Дин ғылымға жақындығымен ерекшеленді. Шығармаларын жазып, өзгелерге тағылым бере білген ол шенеуніктік лауазымдарға қызықпады. Қызметтік міндеттерді атқару немесе әмір болу дегенді білмеді, мақсаты – ғылымға қызмет ету болды. Ол ислам дінін беріле сүйді. Құрметтеді, өзі тағылым ала жүріп, шәкірттер даярлауға да мол үлес қосты. Ал тағылым алған ұстаздары сол заманның нағыз ойшылдары-тын. Олар оған мұсылман құқығы, фиқһтан дәріс берді. Ас-Сығанақи “ал-Уафи” атты кітабының соңғы жағында өзін ұстаздарының қатты мақтайтынын жазған. Бірақ еңбектерінде олардың өмірбаяндары және еңбектері жайында аз айтады. Ол тәлімгерлерін былай бөлген: Бірінші. Шексіз алғыс білдірген және оларға борыштар болған ұстаздары. Олардың арасында: 1. Хафиз ад-дин әл-Бұхари (1218-1293), 2. Фахр ад-дин ал-Маймарғи (?-1349), (Абд ас-Саттар әл-Кердеридің шәкірті), 3. Жалал ад-дин ал-Мағшар (? - ?). Екінші. Достары, әріптестері: 1. Хұсам ад-дин Ниазауи (? - ?), 2. Хафиз ад-дин ан-Насафи (?-1310), 3. Шамс ад-дин ал-Адад ал-Кинди (? - ?), 4. Имам Жамал ад-дин (? - 1269), 5. Рукн ад-дин ал-Афсанжи (1229-1271). Үшінші. Ас-Сыға­на­қидың өзі ұстаздары қатарына жатқызбаған да ғұла­малар бар. Олар: 1. Ал-Фахр ал-Искандари (толық есім тізбегі Мұхаммед бин Абд әл-Уахид бин Абд әл-Хамид бин Масғұд ас-Сиуаси әл-Искандари) (?-1298), 2. Бурһан ад-дин Ахмад бин Асад ал-Бұхари (?-1219), 3. Наср ад-дин бин ал-Адим (1289-1350). Осылардың көпшілігі Орта Азиядан шыққан ойшылдар. Хұсам ад-Дин осындай ғалымдар мен ой қуушылардан әуелі Түркістан, сонан соң Бұхара мен Самарқанд, Хорезм, одан кейін араб Шығы­сы­ның орталықтарында түрлі даналармен кездесті, олар­дан тағылым алды, үйренді, үйретті де. Дамас­кіге, Халабқа (Алеппоға) зиярат жасады. Сонда біраз тұрды. Онда шариғат құқығы бойынша үлкен қазы Әл-Қади Насыр ад-Дин бин Мұхаммед бин Камал ад-Дин Әбу Хафс Омар бин әл-Әдиммен (1289-1350) ұшырасты. Оған өз қолымен жазған “Әл-һи­даййа” түсіндірмесінің бір данасын және ұстаздары мен тәлімгерлері жайлы туындатқан шығармасын табыс етті. Тарихшылар “бұл 1311 жылдың жетінші айы, ережептің бірінші жұлдызы еді” дейді. К.Брокельман Сығанақ перзентінің Мұхаммед бин Мұхаммед бин Умар әл-Ахсикети (?-1246) атты Орта Азиядан шыққан ғалымның “Китаб әл-мунтахаб фи усул ад-Дин” (“Діннің негізі жайлы таңдаулы кітап”) атты шығармасына түсіндірме жазғанын айтады. Ол дүние жоғарыда айтылғандай Каирде жарыққа шықты. Ал қолжазба нұсқалары қазір Париж бен Каир кітапханаларында сақтаулы. Сонымен Хұсам ад-Дин ас-Сығанақидың атағы әуелі дін ғылымының Орта Азиядан шыққан көр­нек­ті мамандардың еңбектеріне түсіндірме жазумен шыққан. Бұл ретте Әбунәсір әл-Фарабидің (870-950) Аристотель шығармаларына түсіндірме жасауы­мен даңқы алысқа кеткенін еске алуға болады. Арис­тотель еңбектеріне Әбунәсірден басқа да ғалымдар түсіндірме жасаған. Бірақ ғалым ойын дұрыс түсін­бе­гендіктен, олар жеріне жеткізе аудара әрі айта ал­м­а­ған. Ал, Фараби бабамыздың жөні бөлек. Ғажап қасиетімен талдап, жіктеп берген. Сол секілді ас-Сы­ғанақидың да Орта Азия халқы және араб жұрты үшін мұсылмандық жайлы еңбектерге жеріне жеткізе түсіндірме жасауды мақсат етуі әбден мүмкін. Ас-Сығанақи бірте-бірте Ханафи мазһабының атақты ғалымы дәрежесіне жетті. Маула Тақи ад-Дин бин Абд әл-Қадр ат-Тамими ад-Дари әл-Ғүззи әл-Мысри әл-Ханафи оны: “Даңқты ғалым, имам, мұсылман фиқһының білгірі, грамматиканы өте жақсы білген және зеректігімен ерекшеленген”, – десе, ибн Тагриберди: “Ірі дін ғалымы, тәпсірші, ғылымды жүйелеуші, “әл-Һидаяның” түсіндіру­шісі”, – дейді. Иә, оның атақты болғандығында күмән жоқ. Ол тек мұсылман фиқһы ғана емес, әріптестері арасында ғылымды жүйелеуде, сабақ, діни-құқықтық сұрақтарға жауап беруде, пікірталастарда зеректігімен ерекшеленген. Осындай ойлар бізге оның шығармаларымен танысқаннан кейін келді. Ханафилік фиқһ мәселелеріне арналған “Ан-Ниһаийа шарх ал-Һидаийа” – “Әл-Һидаяға түсін­дірменің соңы” атты еңбегі ас-Сығанақи үлкен атақ-даңқ әкелді. Ол 10 кітаптан тұратын күрделі туынды. Бұл шығарма оған сол кездегі қоғамнан лайықты орын алуға көмектесті. Онда ханафи ілімі бойынша дінтанушы ғалымдардың қайсыбір пікірталастардағы түрлі көзқарастары, айтқандары мен кейбір топшылаулардағы пікір айырымдары келтіріледі. Кітапта сол күндері жоғалдыға саналған еңбектерден маңызды дәйектер ұшырасады. Ғұламалар еңбектеріне түсіндірмелері. Хұсам ад-Дин мұсылман фиқһы және грамматиканың да білгірі саналады. Ол маңызды кітаптарды оқырман­дар­ға жеңіл әрі түсінікті тілмен жеткізу үшін көп күш-жігер жұмсаған. Оның төмендегідей еңбектері бар: 1. “Тасдид фи шарх ат-тамһид ли қауаид ат-тау­хид”. Бұл Орта Азия ойшылы Әбу-л Муиин Май­мун бин Мұхаммад ан-Насафи әл-Макхулидің (1029-1114) “ат-Тамһид” атты кітабына жазылған түсіндірме. 2. Әбу Хасан Фахр әл-Ислам Әли бин Мұхаммед бин әл-Хұсейн бин Абд әл-Карим бин Мұса бин Йса бин мүджтаһид ан-Насафи әл-Баздауи (1009-1089). Оның еңбегі қысқаша “Әл-Баздауидің “Усулі”, толығырақ “Кунуз әл-усул ила мағрифат әл-усул әл-фиқһ” деп аталады. Хұсам ад-Дин бабамыз аталмыш туындыға “Әл-Кафи шарх әл-Баздауи” атты түсіндірме жазған. “Әл-Кунузды” көшіргендер: “Өте маңызды кітап, жан-жақты дәлелденген, қысқа әрі нұсқа түсіндірмелерімен ерекшеленеді”, дейді. 3. “Ан-Ниһайиа фи шарх ал-Һидайиа”. Ол Хұсам ад-Диннің Мауараннаһрдегі марғұландық Әли бин Әбу Бакр ал-Маргинанидің кітабына жазған түсіндірмесі. Оның біткен мерзімі 1300 жылдың раби әл-аууа­лының соңы. Сығанақидың бұл еңбегі оқырмандар мен ғалымдар арасына кең тараған. ХІV ғасырда кейбір ғалымдар оның осы түсіндірмесін қысқаша мазмұндаған. Шариғатшы ибн Сураж деген атпен танымал Қади Махмұд бин Ахмад бин Масуд ал-Каунауи ад-Димашқи (?-1368) ас-Сығанақи түсіндірмесіне қысқаша мазмұндама жазған. Ол дүниесін “Хуласат ан-Ниһайиа” – “Ән-Ниһайиа­ның” мазмұндамасы” деп атаған. 4. “Әл-Уафи”. Бұл Фахр әл-Ислам әл-Ахсикастидің “Әл-Мунтахаб фи усул ал-мазһаб” атты еңбегіне түсіндірме. Ахсикас (дұрысы Ахсикент) Ферғана алқабының оң жаға­лау­ындағы ежелгі қала. Мұхаммед Захир ад-Дин Бабыр (1483-1530) туған шаһар. Ахсикенттен (арабтар Ахсикас деп жазады) бірқатар белгілі оқымыстылар шыққан. 5. Грамматикаға арналған Әбу-л Қасым Махмұт бин аз-Замахшаридің (?-1114) “Әл-Мұфассалына” түсіндірме. Ас-Сығанақидың бұл еңбегі туралы 1998 жылы Сауд Арабиясы Корольдігіндегі Умму-л Кура университетінде ғалым Ахмад Хасан Ахмад Насыр докторлық диссертация қорғаған. Хұсам ад-Диннің қолжазбалары. Ғұлама еңбектерінің қолжазба нұсқаларын әлемнің түкпір-түкпіріндегі кітапханалардан ұшыратуға болады. Қазақстанға алдырылған қолжазбаларының көшірмелерін атай кетейік: 1. “Тасдид фи шарх ат-таухид”. Қолжазба. 133 бет, қағаз көлемі – 15-20 см, көшірілген мерзімі 1712 жыл, “Дар ал-кутуб ал-Мысрийада” (Мысыр кі­таптары үйінде) сақтаулы. [Мысыр үкіметі қол­жазба көшірмесін Алматыдағы ұлттық кітапханаға тарту еткен]. 2. “Әл-Кафи лима кассара анһу ал-уафи”. Қолжазба. Мұстафа Даруир атты кісі көшір­ген нұсқа. 11 томнан тұрады. “Талаат” кітапхана­сын­да тұр. [Мысыр үкіметі қолжазба көшірмесін Ал­матыдағы ұлттық кітапханаға тарту еткен]. 3. “Әл-Мунтахаб фи усул ал-мазһаб”. Қолжазба. Каирдегі “Дар ал-Кутубта” сақталған. [Мысыр үкіметі қолжазба көшірмесін Алматыдағы ұлттық кітапханаға сыйлаған]. 4. “Ан-Ниһайиа” фи шарх ал-Һидайиа”. Қолжазба. 304 бет. Түпнұсқасы Каирдегі “Дар ал-Кутубте” сақталған. [Мысыр үкіметі қолжазба көшір­месін Алматыдағы ұлттық кітапханаға тарту еткен]. Түркия кітапханаларында да Сығанақ перзентінің жоғарыда аталған, аталмаған мынадай қолжазбалары бар: 1. “Ниһая” – “Соңы”. 2. “Ан-Ниһая фи шарх “әл-Һидая” – “Әл-Һидая” түсіндірмесінің соңы”. Қолжазба. Сүлеймания кітапханасы. 1-7 том. 3. “Әл-Кафи фи шарх “Усули-л Фахри-л Ислам” – “Ислам мақтанышы (Баздәуидің) “Усуліне” түсіндірме”. 4. “Әл-Кафи шарх “усул” Баздауи” – “Баздауидің “Усуліне” түсіндірме”. Сүлеймания кітапханасы. 5. “Уафи” фи шархи-л “Мухтасар” – “Мұхтасарға жеткілікті түсіндірме”. 6. “Муфассал фи шархи “Муфассал” – (Әбу-л Қасым Замахшаридің) “Муфассаліне” түсіндірме”. 7. “Ат-Тасдид фи шархи-т “Тамһид ли қауағиди-т таухид” – “Таухид қағидаларының кіріспесі” атты еңбекке “дұрыстау”, “нысаналау” атты түсіндірме”. 8. Әл-Инайа фи шарх әл “Уиқайа” – “Қорған” атты еңбекке “Қамқорлық” атты түсіндірме”. 9. “Ан-Нажат фи-т тасриф” – “Морфологиялық жіктеулердегі жетістік”. Ғалымның қазасы. Ғалымның қайтыс болуы жайлы деректер аз. Төрт жорамал бар: 1) Қажы Халифаның “Кашф аз-Зунунінде” оның бақилық болған мерзімі деп 710/1310 жылды атайды. Бұл шындықтан алыс. 710/1310 жылы ол Дамаскіге барған. Одан кейін Халабқа келіп белгілі қазы Наср ад-Дин Мұхаммед ибн әл-Камал ад-Дин Әбу Хафс Омар ибн әл-Адиммен кездескен. Сол жолы ол өз қолымен “әл-Һидайиаға түсініктемесінің” бір данасын жазған. Бұл 711/1311 жылдың жетінші ұлы айы ережептің басы болатын. 2) Ол һижраның 711/1311 жылдың ережеп айында қайтыс болған делінеді. Бірақ, Хұсам ад-Дин ас-Сығанақидың бұл жылы бақилық болуы да күмәнді. Ол әл-Адимде қонақта болған кез 711/1311 жыл. Әл-Адим тілегімен ас-Сығанақи “Ан-Ниһаййаны” жазған. Ол бірнеше томнан тұратын. Ондай кітапты жазу жақсы денсаулықты қажет ететіні белгілі. 3) Оның Халабта һижраның 714/1314 жылы дүниеден өткені айтылады. Осы мерзім дұрыс сияқты. Өйткені, тарихшылар оның 711/1311 жылдан кейінгі тіршілігі туралы ешқандай дерек айтпайды. Бұл оның әлсіз яки ауру немесе бақилық болғанын білдіретін сияқты. 4) Маула Тақи ад-Дин бин Абд әл-Қадр ат-Тамими ад-Дари әл-Ғуззи әл-Мысри әл-Ханафи “Ат-табақат ас-санийа фи тараджим әл-ханафиясында” Хұсам ад-Диннің қазіргі Түркіменстандағы Мары (Мерв) шаһарында дүниеден өткенін айтады. Меніңше, ол шынында да, Сириядағы Халабта емес, Отанына жете алмай жолай Марыда дүниеден озған сияқты. Егер Халабта қайтыс болса, онда ол туралы араб шежірешілері өз жазбаларында ескертер еді деп ойлаймыз. Хұсам ад-Дин ас-Сығанақи Марыда қайтыс болып, жырақта жерленгенімен Түркістан – Отырар жамағаты аңыз, әңгімелерінде Мысырды билеген сұлтан Бейбарыс сияқты оны туған жеріне қайтып оралып, атажұртында көз жұмған-мыс деп санайды. 1927 жылдың жаз айларының бірінде Сығанақта болып, ескі қала орнын көзімен көріп, бірқатар ғимараттарды суретке түсірген А.Ю.Якубовский қала орнында қирамай аман қалған кейбір ежелгі заман ескерткіштеріне сипаттама бере келіп, Сығанақ шырақшысының бір ғимаратты мешіт деп көрсеткенін, бірақ оның мешітке ұқсамайтынын, өйткені оның Мекке тұсын көрсететін михрабы жоқ екенін айтқан. Сондай-ақ, ол 1899 жылы осында келіп Сығанақ қаласын көзімен көріп, зерттеу жұмыстарын жүргізген В.А.Каллаурға (?–1918) да әлгі шырақ­шының әкесі аталмыш ғимаратты көрсетіп, оны “Ниһаяның” авторы Сунақ ата деп Алла Умей Хисам ад-Дин мәйітінің үстіне салынған кесене еді деп сендірмекші болғанын жазған. “В.А.Каллаур ол кезде бұған сенген жоқ. Бірақ Абдуллах-хан берген вакуф құжатында Сығанақ шейхы Әбу-л-Хасан Зия-ад-Диннің мүрдесі жайында айтылған Убайдулла-хан бер­ген құжатта ол адам Әбу-л-Хасан Зия ад-Дин “Са­хиби “Ниһая” [“Ниһаяның” авторы – Ә.Д.] ас-Сыға­нақи делінген. Қайткен күнде де шырақшы сөзінен алып В.А.Каллаур айтып отырған адам – Хұсам ад-Дин “Сахиби “Ниһая” [“Ниһаяның” авторы] ас-Сығанақи. Дегенмен, оның Сығанақтағы моласы жөнінде айтар болсақ, ол тек лақап болар. Өйткені Хұсам ад-Дин ас-Сығанақи 1310 жылы Халаб яки Марыда қайтыс болған”, – дейді А.Ю.Якубовский. Елімізде қазір сығанақтық ойшыл, ғалым Хұсам ад-Динге үлкен құрмет көрсетіліп отыр. Академик, заңғар ғалым Сұлтан Сартаев ағамыз өзін Хұсам ад-Дин ас-Сығанақидың ұрпағы санайды. Аудан орталығы Жаңақорғанда Сұлтекең Хұсам ад-Динге арнап өз қаражатына мешіт салдырды. Оған ұлы ғұлама есімі берілді. 2007 жылдың күзінде мен оның ашылу салтанатына қатысып, ғалым жайлы халыққа уағыз айттым. Сұлтан ағамыз, сондай-ақ Жаңа­қорғанда Хұсам ад-Динге ескерткіш те қойғызды. Даламыздың мәдениет, ғылым, білім ошақтары болған Сығанақ сияқты қалаларды және олардан шыққан даналар мен ойшылдарын сыйлау, қас­терлеу керек. Ол біздің тарихымыз, мақтанышымыз. Еліміздің кіндік қаласындағы Нұр-Астана мешітінің жанынан өтетін үлкен көшелердің бірі қазір Сығанақ атымен аталады. Иә, олар қандай құрметке болса да әбден лайық.
Шейх Әбсаттар қажы ДЕРБІСӘЛІ, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен Орта Азия мүфтилер кеңесінің төрағасы, Бас мүфти.