Спорт • 08 Қараша, 2018

Жекпе-жек шеберлері Бішкектен 13 жүлдемен оралды

495 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ережесіз жекпе-жектен Қырғызстанның астанасы – Бішкекте «Спорт терроризм мен есірткіге қарсы» деген ұранмен WEF нұсқасы бойынша Азия чемпионаты өтті.

Жекпе-жек шеберлері Бішкектен 13 жүлдемен оралды

Жасөспірімдер, жастар және ересектер арасында өткен жарыста Қазақстанның туы астында бірнеше команда өнер көрсетті. Солардың арасынан Алматының «Сарбаз» клубының өкілдері асқан шеберлік танытып, көпшіліктің қошеметіне бөленді. Танымал жекпе-жек шебері Құрмет Нүкенов жетекшілік ететін айтулы команда мүшелері 4 алтын, 3 күміс және 6 қола медальға иелік етті. Барлығы – 13 жүлде.

Бішкектегі бәсекеде 70 кило салмақтағы Еркін Бегенов (2001 жылы туған) пен Досжан Кенжебаев (2000 жылы туған), 84 кило салмақтағы Асылжан Жеңіс (2000 жылы туған) және 120 кило салмақта Бекнұр Бекқұлұлы (1999 жылы туған) бірде-бір қарсыласына бет қаратпай, жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Сондай-ақ, 52 кило салмақта Ғани Нұрғазы (2002 жылы туған), 54 кило салмақта Алмат Ұзақ (2004 жылы туған) және 110 кило салмақта Руслан Иманбековтің (2003 жылы туған) де дәл осындай құрметке бөленуіне мүмкіндіктері болды. Алайда шешуші тұста олар өзге елдің өрендеріне есе жіберіп, күміс медальді қанағат тұтты. Тағы алты спортшымыз қола жүлдені иеленді.

Жоғарыда аталған нұсқа бойынша былтыр біз тұңғыш рет Алматыда Азия чемпионатын ұйымдастырған едік. Сол кезде бірнеше мемлекет және республикамыздың әр аймағынан келген 500-дей спортшы күш сынасып, командалық есепте «Сарбаздың» жігіттері бас жүлдені жеңіп алды. Бішкекте өткен жарысқа да жан-жақсы даярлықпен бардық. Жарыс жолына шыққан жерлестеріміздің барлығы да жанкештілік танытып, өз жанкүйерлерін қуанту үшін еш аянып қалған жоқ. Нәтижесінде елге мол олжамен оралдық, – дейді Құрмет Нүкенов.

Қазақстандық жекпе-жек шеберлері 12 жүлдеден бөлек, басқа да аталымдар бойынша түрлі сыйлықтарға ие болды. Ал еліміздің жасөспірімдер құрамасы командалық есепте топ жарып, арнайы кубокқа ие болды.        

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Егемен Қазақстан»