Қазақстан • 09 Қараша, 2018

Ежелгі татар елінде

701 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қазақстан мен Татарстан ежелден туыс, бауырлас елдер. Бұрыннан қоян-қолтық араласатын екі елдің ынтымағы тәуелсіздік жылдарында одан әрі нығая түсті. Жақында Қазан қаласында болып, Татарстан Республикасы ардагерлер ұйымының жұмысымен танысқан кезімізде екі ел арасындағы барыс-келістің өмірдің барлық саласында кеңінен қанат жа­йып отырғанының куәсі болдық.

Ежелгі татар елінде

Бұл сапарда қазақстандық арда­гер­лердің делегациясы негізінен Қостанай облысының ардагерлерінен құралған болатын. Оның құрамында кезінде Халыққа тұрмыстық қызмет көрсету министрі болған А.Середенко, Қазақ­стан Парламентінің бұрынғы депу­таты О.Киколенко, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қоста­най университетінің профессоры, танымал ақын С.Оспанов, Қазақстан Жазу­шылар одағының Қостанай об­лыс­тық филиалының басшысы, жазу­шы Г.Ахметшин, Ұлы Отан соғы­сының ардагері Л.Дячков тәрізді елге аты мәлім тұлғалар болды. Ал атал­ған сапардың осы облыстың іскер аза­мат­тары М.Қабдысалықов пен М.Ах­медзя­новтың қолдауымен іске ас­қа­нын атап өткеніміз жөн. 

Татарстанның ардагерлер ұйымы­ның басшысы Хабир Иштиряков ардагерлер ұйымының бүгінгі күндері атқарып жүрген жұ­мыс­тарымен таныстырды. Ардагер­лер арасында екі жыл сайын өткізіліп тұратын «Балқыш – Сияние» атты ардагерлердің концертіне шақырды. Сазды татар әндері мен шабытты билері, хор өнері тамаша­лау­шы­лардың ойынан шығып, өнер­паз­дарға қошемет көрсетті. Біз де еліміздің атынан татар бауырларды құт­­тық­тап сөз сөйледік. Сонымен бір­ге қазақ­стандық ардагерлер Татар­стан­ның Еңбек және әлеуметтік қолдау министрі Э.Зарипованың қа­был­дауында болып, республикада ардагерлерге көрсетіліп жатқан қам­қорлықпен, қолдаумен танысты.

Сапар барысында Татарстан Рес­пуб­ли­касы мен Қазақстан Респуб­ли­ка­сы­ның Қостанай облысының ар­да­герлер ұйымдары арасында Ресей мен Қазақстан арасында, оның ішінде Татарстан мен Қазақстан ара­сын­да бұрыннан жұмыс істейтін шарт­­тық қатынасқа негізделген мемо­ран­думға қол қойылды. Онда Татар­стан мен Қазақстанның Қостанай об­лысы ардагерлер ұйымының, бауырлас халықтардың рухани құн­дылықтарын, жастардың патриоттық қозғалысын дамыту, аға буынға қам­қорлық көрсету ісіне лайықты үлес қосып келе жатқаны атап көрсетілді. Сондай-ақ ардагерлер ұйымының басшылары Ресей Федерациясы мен Қазақстан Республикасының көпұлтты халықтарының арасындағы өзара түсіністік пен достықты нығай­туға, Татарстан мен Қазақстан рес­пуб­ликаларының ардагерлер ұйымы­­ның байланысын одан әрі өріс­тетуге, дәстүрге сүйене отырып, мә­­де­ни-рухани тәжірибемен алма­су­­ды жалғастыруға, өскелең ұр­паққ­а пат­риоттық тәрбие берудегі ынты­мақ­тастықты дамытуға уағдаласты.

Жалпы, Қазақстан мен Татарстан арасындағы ынтымақтастық 1997 жылдың 25 тамызында бекітілген Қазақ­стан мен Татарстан үкіметтері ара­сындағы сауда-экономикалық, ғылы­ми-техникалық және мәдени ынты­мақ­тастық қағидаттары туралы кел­ісімге негізделген. Ұзақ жыл­дар бойы Ресей-Қазақстан қарым-қа­тынасы аясында Қазақстан Татар­стан­ның тұрақты экономикалық серіктесі болып табылады. Мұны екі ел арасында жиі болатын жоғары деңгейдегі сапарлар айғақтайды. 

Екі ел арасындағы барыс-келіс республикалар кәсіпорындарының ынтымақтастығына серпін береді, соның нәтижесінде тауар айналымы да арта түседі. Мәселен, 2017 жылы Қазақстан мен Татарстан арасын­дағы сыртқы сауда айналымы оның алдындағы жылмен салыстырғанда 1,7 есеге артып, 702,9 млн АҚШ дол­ларын құрады. Қазақстанмен тығыз ынтымақтастық орнатқан татар­стан­дық кәсіпорындар арасында «КамАЗ», «Татнефть», «ТАИФ», «Қазан тікұшақ зауыты», «КМПО» АҚ, «ЕлАЗ» АҚ, «КЭР-Холдинг» компаниялар тобы және «Татспиртпром» АҚ бар.

Елордадағы «Астана» халықара­лық қаржы орталығы аясында да жұмыс жалғасын табуда. Татар­стан­ның Инвестициялық даму агент­тігі АХҚО-мен өзара әрекеттестік туралы меморандумға қол қойды. Татарстандық мамандар мұның ис­лам­дық қаржыландыруды іс жүзінде меңгеруге мүмкіндік береті­нін және өздерінде Ислам экономикасы орта­лығын құру жұмысына айтар­лықтай көмектесетінін айтып отыр. 

Қазақстанда 200 мыңнан астам татар диаспорасы тұрады. Елімізде олардың ана тілін, әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлерін сақтауына бар­лық жағдай жасалған. Әуесқой татар ансамбльдері мен театр ұжымдары жұмыс істейді, татар тілінде мерзімді басылымдар шығарылады, Орал қаласында Ғабдолла Тоқай орталығы мен музейі құрылған, Семейде «Ертіс моннары» атты татар әндерінің жыл сайынғы фестивалі өтеді, татар өнер мектептері бар. Астана, Алматы, Петропавл, Павлодар, Өскемен қала­ларын­да татар жексенбілік мектептері­нің жұмысы жолға қойылған.

Сапар барысында тарихи шаһар­мен жақынырақ танысудың сәті түсті.  

Татарстанда 1500 мешіт болса, соның 68-і Қазан қаласында. Жаңа шағын аудан салынған кезде мешіт құрылысы міндетті түрде жоспарланып, орны қалдырылады екен. Біз атақты Құл Шариф мешітінде болдық. Бұл мешіттің бір ерекшелігі – күндіз-түні, тәулік бойы имамдар кезектесіп Құран оқиды. Бұл Сауд Арабиясындағы Әл-Харамнан кейін үздіксіз Құран оқылатын екінші мешіт болып табылады.

Мешітте өтетін некені тіркеу, сә­би­лердің есімін қою, өлім жөнелту шаруа­ларына кәсіпкерлер қол ұшын созып, демеушілік жасайды. Бірақ оны жария етуге кәсіпкерлер де, діни қыз­меткерлер де құлықты емес. Жара­ту­шының рақымшылығы үшін жасал­ған жұмысты насихаттау артық деп санайды. 

Біз болған және бір мешіт – Шаhабуддин Маржани мешіті. Аты әйгілі теолог, тарихшы Шаhабуддин есімін Орта Азия халықтары да жақсы біледі. Оның қаламынан туған ұлы ойшылдар туралы 7 томдық кітап Абай жастанып оқыған кітаптардан саналады. Әуелі Бұхарада, содан соң Самарқанда білімін ұштаған Маржани 1849 жылы елге оралып, 1850 жылдан бастап Қазан мешітіне имамдыққа тағайындалады. Маржани артына 33 діни еңбек жазып қалдырған үлкен ғалым.

Ал Маржанидің шәкірті Айжарық Бижомартұлы Қамараддин Семей қала­сындағы Риза медресесінде Абай­ға сабақ берген. Ол сондай-ақ Баянауыл­да Мәшһүр-Жүсіп Көпей­ұлын да оқытқан.

ХІХ ғасырда Қазан қаласы шы­ғыс халық­тарының тарихын, мә­де­ние­тін зерттейтін, мәдени мұра­­­сын басып шығаратын аса ірі ор­­та­лық­­тардың біріне айналған. Шы­ғыс халықтарының ана тілінде жарияланған кітаптардың жетпіс пайыздан астамы Қазанда басы­лып тұрған. Соның ішінде бір мың­­нан астам қазақ кітабы бес мил­лион данамен тараған.  

Туысқан халықпен қарым-қаты­насымыз тарих тереңінен бас­тау алып, бір-бірінің жан-жақты өр­кен­деуіне септігін ти­гізсе, ол байланыс ХХІ ғасыр­да да жалғасын тауып келеді. Татарстанға жасаған сапарымыз да соның бір айғағы. Қорыта айтқанда, бауырлас елдің бүгінгі тыныс-тіршілігімен жақынырақ танысып, меймандос, ақжарқын татар халқының, республиканы мекендеген басқа да халықтардың тату-тәтті өміріне қанығып, елге көтеріңкі көңіл күймен оралдық.

Өмірзақ ОЗҒАНБАЕВ,

«Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық

бірлестігі Орталық Кеңесі төрағасының бірінші орынбасары,

тарих ғылымдарының докторы, профессор