Қазақстан • 09 Қараша, 2018

Жолдау жайында сарапшылар пікірі

59 реткөрсетілді

Анар ЖАЙЫЛҒАНОВА,

Парламент Мәжілісінің депутаты

Елбасы Жолдауда ішкі істер органдары­ның қызметкерлері қылмыспен күресте «алдыңғы шепте» жүреді, көбіне өз басын қатерге тігіп, азаматтарды қорғайды деп атап көрсетті. Расында,  Ішкі істер министр­лігінің ақпаратына сүйенсек, тәуелсіздік жылдарында полиция және Ұлттық Ұлан қызметкерлерін қоса алғанда, мемлекеттік марапаттауға 130 адам өз қызметін атқару кезінде қаза болғаннан кейін ұсынылған екен. Осы жылдың өзінде ғана қызмет атқару кезінде 4 полиция қыз­меткері қаза болып, 84 қызметкер жарақат алған.

Дегенмен, бұл салада кемшіліктер де аз емес. Биылдың өзінде ғана 600 қызмет­кер заңсыз іс-әрекеттері үшін  жұмыс­тан  босатылған. Демек, штатты оңтай­ландырып, полицияны өзіне тиесілі емес функциялардан арылту және үнемдел­ген қаражатты жалақыны көбейтуге, тұрғын үй және өзге де әлеуметтік мәсе­ле­­ле­рді шешуге бағыттаған дұрыс. Штат­ты оңтайландыруды аса байыпты­лық­­пен жасаған жөн, білгір мамандар­ды қалдырып, олардың әлеуметтік мәсе­ле­лерін де шешу қажет. Полиция қыз­меткерінің кәсіби біліктілігін арттыру мәселесін және оның жұмыс істеу форматын заманауи үлгіге лайықтау керек. Бүгінгі күні кейбір қылмыс түрлері виртуалды түрде орын алып жатқандықтан, құқық қорғау қызметкерлерінің кәсіби біліктілігі жоғары және олардың қызметі техникалық жағынан қажетті деңгейде қамтамасыз етілуі тиіс. Осы мәселелердің барлығы жүйелі түрде шешілген кезде ғана полиция қызметі халықтың сеніміне ие болатыны сөзсіз.

Жасұлан ИСА,

заңгер

Меніңше, полиция жұмысын жаңғырту үшін ең алдымен тәлімгерлікті қолға алып, осы бағытты түзетіп алу керек. Қазіргі таңда бұрынғы тәлімгерлік тәжірибесі назардан тыс қалды. Жұмысқа жаңа келген жас маманға бағыт-бағдар сілтейтін адам жоқ. Өткен жылы «Исполнение наказании» («Жазаның орындалуы») журналында осы жайлы «Наставник с большой буквы» атты мақала жазған болатынмын. Көп мәселе тәлімгерге байланысты. Үйретіп, жөн сілтеп отыратын адамның жоқтығынан жастар жаңылыс басып жатады. Осыдан келіп полицияның атына сын келеді, қоғамда оларға деген теріс көзқарас қалыптасады.  Екіншіден, кадр алмастыру тәжірибесіне баса көңіл бөлінуі қажет. Бір ауданның (ІІД) жедел қызметкерлерін екінші ауданға ауыс­тырып отыру керек. Неге десеңіз, бір жерде талай жыл істеген қызметкердің  көзі үйреніп,  келеңсіз көріністерді байқамай қалуы мүмкін. 

Марат БӘШІМОВ,

құқықтанушы, заңгер

Қауіпсіздіктің салтанат құруы құқық қорғау органдарының қызметіне  тікелей бай­ланысты. Сондықтан Президент құ­қық қорғау органдары жұмысында түбегейлі және сапалы өзгерістер қажет екен­дігін айтты. Үкіметке ішкі істер орган­дары жұмысын жақсарту жөніндегі жол кар­тасын әзірлеуді тапсырды. Себебі, соң­ғы кездері құқық қорғау органдары жұ­мы­сында қоғам наразылығын туғыз­ған көптеген келеңсіз құқық бұзушы­лық­­тардың орын алғаны белгілі. Жол-патруль­­дік қызметінің жұмысы тіптен сын көтер­­мейді. Көптеген полиция қы­змет­­кер­­лері заң нормаларын жетік білмейді. 

Көбіне полиция көрсеткішке ғана сүйенеді. Көбірек ұстаса, жақсы жұмыс істейді деген сөз. Бірақ олай емес екенін бәріміз де білеміз. Ал мұндай жұмыс амалы жұртшылықтың ашу-ызасын туғызады. Өркениетті елдерде жөн-жосықсыз адамдарды тоқтатып, әкімшілік хаттама толтыру деген жоқ. Ендеше Президент айтқандай, адам санасында полиция жазалаушы емес, керісінше қиын-қыстау күн туғанда көмек қолын созатын жанашыр ретінде қалыптасуы керек.

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар