– Мұхтар Қапашұлы, Қазақстанның Қарулы Күштерін құрудағы бастапқы қиындықтар алдымен Жоғарғы Бас қолбасшы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей бақылауы және басқаруы арқылы шешілді. Осы күрмеуі қиын істің басы-қасында өзіңіз де болдыңыз. Ал бүгінде еліміздің қорғаныс әлеуеті қандай деңгейге шықты деп ойлайсыз?
– Бүгінде еліміздің қорғаныс саласы мығым, кәсіби әскери қызметшілері жеткілікті және қорғаныс әлеуетіміз бірнеше есе өсті деп айтуға болады. Әрине тәуелсіз еліміздің Қарулы Күштерін құруда Елбасы Н.Назарбаевтың еңбегі ұшан-теңіз. Мемлекет басшысы егемендіктің алғашқы күндерінен бастап алдымен шекараны бекітіп, әскерімізді сайлап алуға жете көңіл бөлді. Сол тұстағы қиындықтарды айтып тауыса алмасам да, сөзім дәйекті болуы үшін бірқатарын атап өтейін. Егемендіктің алғашқы жылдары әскери басшылықтағы өзге ұлт өкілдері тарихи отандарына үдере көшті, ал өз арамызда кәсіби мамандар көп емес еді. Менің өзім Түрікменстанда қызметте жүріп, елге келуге талай сұранғанымда, бір лауазым бұйырмай жүрген болатын. Содан, бағымызға қарай, еліміз бабалар аңсап кеткен тәуелсіздікке қол жеткізіп, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев туған Отанынан жырақта жүрген қазақ әскерилерін дереу жинақтауға тапсырма берді. Осының арқасында 1992 жылы Қазақстанға оралдым.
Әуелгіде корпус басшысы болып тағайындалған едім, бірақ азғантай уақыттан соң Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетов сол кезде әбден қиюы кеткен Әскери әуе күштерін басқаруды ұсынды. Сағадат Қожахметұлының ұсынысынан бірнеше рет бас тартқан болатынмын, бірақ кейін Президенттің өзі шақырып алып осы жауапты жұмысты жүктеді.
Әскери әуе күштері қолбасшылығына келсем, ұшқыштар қатары сиреп қалыпты. Ол бір қиын кез еді. Енді маман тапшылығын қалай жоямыз? Осы сауалдың жауабын іздеп Ақтөбедегі жоғары азаматтық авиация ұшқыштарының училищесіне жеттім. Қызықтың көкесі сонда екен. Оқу орнының ауласы түгілі, іші-сыртына дейін сауда орындары сіресіп тұр. Мамандар бытырай бастаған. Осы ахуалды көрген бойда Қорғаныс министріне училище ішінен әскери ұшқыштар даярлайтын факультет ашуды ұсындым. Бастапқыда оқитын адам таппай қиналамыз-ау деген күдік болды. Сол кезде де Елбасының тікелей қолдауымен әуелі факультет ашып, кейін оқу орнын әскери салаға бұрып алдық. Оқытушыларға әскери шенді таратып, профессорлық құрамды сақтап қалдық. Кейін училищеге Кеңес Одағының екі мәрте Батыры Талғат Бигелдинов ағамыздың аты берілді. Міне, бұл – еліміздің қорғаныс әлеуетін қалыптастырудағы бір ғана бағыт.
– Мамандар даярлауда ғана емес, Қарулы Күштерімізді қару-жарақпен, техникамен қамтамасыз етуде де көптеген қиындықтар болды ғой...
– Дұрыс айтасыз, ол тұста маман тапшылығы ғана емес, техникамен жарақтауда да талай проблема кездесті. Тіпті қолдағы бардың өзін сақтап қалу үлкен мәселе болды. Әскери бөлімшелерді, қару-жарақ қоймаларын, ядролық қару кешенін қалай сақтап қаламыз деген сауалдар алдыдан шықты. Осы шиеленіскен мәселелердің барлығы Елбасының ұтқыр шешімдерінің арқасында ың-шыңсыз реттеліп жатты. Еліміз ядролық қарудан өз еркімен бас тартты. Бұл бастаманы әлем қолдады және халықаралық қоғамдастық Президентіміздің шешіміне әлі де риза.
Ал әскери техникаға келсек, Ресей тарапы Қазақстанда тұрған көптеген әскери техникаларды ешқандай рұқсатсыз тасып әкетті. Осы кезде мәселеге Елбасы араласып, 1986 жылға дейін біздің елдің аумағына әкелінген техникалар өзімізде қалатын болып келісілді. Ең бастысы, Қазақстан тарапы Ресейден өтемақы ретінде қару-жарақ пен әскери техникаларды қайтарып алуға қол жеткізді. Сол кездегі бір қызық оқиғаны айта кетейін. Ресей қарулы күштеріндегі әскери қолбасшылар «Алғашқы ұшақты генерал Алтынбаев өзі мініп кетсе, қалғандарын қайтарамыз» деген шарт қойды. Содан Ресейге барып атақты Су-27 ұшағына үш күн теориялық, үш күн практикалық даярлықтан өтіп, жетінші күні елді бетке алып ұшып шықтым. Сөйтіп ресейлік әріптестеріміз сөзінде тұрып, елге сол кезде әрқайсысының құны 50-60 млн АҚШ долларына бағаланған 26 Су-27 ұшағын және 21 Миг-21, қазір Балқаштағы курсанттар жаттығып жүрген 22 Л-39, 15 Су-25, 1Ту-134, 1 Ту-154 ұшақтарын, сондай-ақ сол тұста 400 млн доллар тұратын С-300 кешенін қайтарып алдық. Сонымен қатар біздің әскерилерді Ресейдің әскери оқу орындарында тегін оқытып алуға келістік. Бізге осы техникаларды «сыйға тартқан» ресейлік әскери қолбасшылар Үкімет шешімінсіз әрекеттенгендіктен, үстерінен қылмыстық іс қозғалып, бірақ Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев әріптесі, Ресей президенті Борис Ельцинге қолқа салуы арқасында ол іс жабылды. Бұл – Елбасының шебер дипломатиялық көшбасшылығының белгісі. Жалпы, Президенттің мұндай шеберлігіне мұнан соң да шетелдік іссапарлар аясында талай көз жеткіздім. Осының арқасында Елбасы бодандық бұғауынан енді босаған, ешкім білмейтін елді әлемге танытып, АҚШ, Қытай сияқты әлемдік державалардың президенттерімен терезесі тең жағдайда келіссөздер жүргізе білді.
Тәуелсіздік жылдары қанша қазақ баласы алыс-жақын шет мемлекеттерде әскери білім алып, білікті маман ретінде сапқа қосылды. Осылайша ұлттық кадр тәрбиелеу мәселесі оң шешімін тапты. Бірақ тоқмейілсуге әлі ерте. Қарулы Күштерімізде шешуін қажет етіп тұрған мәселе көп, оның үстіне қазір қауіптің бағыты да өзгерді. Енді еліміз халықаралық терроризм, экстремизмнің алдын алуға күш салып, әлемдік деңгейде мәселе көтеріп жүр. Міне, қорғаныс әлеуетін бағыттайтын сала – осы.
– Елбасы биылғы Жолдауында жеткіншектердің әскери-патриоттық тәрбиесіне жете көңіл бөлу керектігін айтты. Бұл жұмысты неден бастаған дұрыс?
– Елбасының ертеректегі тапсырмасымен Қорғаныс министрлігі тарапынан бұл жұмыстар сонау жылдары басталған еді. Биылғы Жолдауында Мемлекет басшысы жастардың тәрбиесіне қайта тоқталды. Оның үстіне келесі жыл елімізде Жастар жылы болып жарияланбақ.
Мен министр болып тұрған уақытта еліміздің әр аймағында кадет корпустарын құруды бастадық, «Жас ұлан» мектебі аяққа тұрды. Жыл сайын «Спасск» оқу орталығының полигонында «Айбын» республикалық әскери-патриоттық жастар жиыны өтіп келеді.
Елбасы жастардың әскери-патриоттық тәрбиесін жандандыруды тектен-текке айтып отырған жоқ. Бұл мәселеге ерекше көңіл бөлу – құптарлық іс. Жастар – елдің болашағы! Сондықтан мемлекет жастар мен қарияларды қашанда ескерусіз қалдырмауы тиіс деп ойлаймын. Бұл іске Қорғаныс министрлігі мен өңір басшылары, оқу орындары жете мән беріп, жұмыла кірісуі тиіс. Балалардың бойына патриоттық сезімді сіңіре білсек, олар теріс күштердің ықпалынан аулақ болады. Өйткені соңғы кездері жастарды қаражат немесе басқа да жылтырақтармен қызықтырып, қатарын толықтыруға ниетті теріс ағымдардың белсенділігі байқалуда. Бұл – мемлекеттің ертеңіне төнген қауіптің басы. Аталған мәселені жуырда Қорғаныс министрінің қабылдауында болғанымда кеңінен талқыладық. Ардагерлер бұл мәселеде атқарушы органдарға көмек беруге дайын. Осыған орай біздің ұйымның аймақтардағы бөлімшелеріне мектептердегі алғашқы әскери дайындық пәнін оқыту сапасымен танысуды тапсырдым. Қатарымызда балаларды оқытып-үйретуге даяр тәжірибелі ардагерлер жеткілікті.
Сондай-ақ «Жас Отан» жастар қанатының аясын кеңейтіп, елдегі барша балаларды қамтитын деңгейге жеткізу керек деп есептеймін.
Алда-жалда бақылаусыз қалған жастарымыз теріс діни идеологияның уысына түсіп қалса, бетін қайтару қиынға соғады. Сондықтан нақты әрекеттерді жастарды патриоттық тұрғыда тәрбиелеу арқылы бүгіннен бастау керек. Қазіргі жұмыстарды жандандыра түсу қажет.
– Мұхтар Қапашұлы, ардагерлер демекші, сіз қазір «Қарулы Күштердің ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестігін басқарып отырсыз. Ал мемлекет тарапынан зейнеттегі әскери адамдарға қандай әлеуметтік көмек көрсетілуде?
– Қазір еліміздің Қарулы Күштері ардагерлерінің ұзын саны 18 мыңнан асып жығылады. Олардың қатарында тәуелсіздіктің елең-алаңында Қарулы Күштеріміздің бой түзеуіне орасан үлес қосқан азаматтар жетерлік. Тіпті өзге ұлттың өкілдері де Елбасына сеніп, Қазақстаннан кетпей қалды.
Шынын айту керек, қазір олардың кейбірі әлеуметтік қолдауға зәру. Әскери саладан қол үзген соң қоғамдық ортадан ажырап қалған айтулы генералдар да бар.
Біздің ұйымның мақсаты да сол – бұрынғы әскерилерді жұмысқа орналастыруға ықпал ету, әлеуметтік жағынан қолдау көрсету және емдеу-сауықтыру орындарын ұйымдастыру. Осы тұрғыда жуырда аймақтардағы бөлімшелердің басшыларын қатыстыра отырып, Қорғаныс министрлігімен меморандумға қол қойдық. Әскерилердің мәселелері жинақталып, ведомство басшысына ұсынылды.
Мәселен, қазір ардагерлерді баспанамен қамту, әскерге шақырылатын жастармен жұмыс мәселелері өзекті болып отыр.
Жоғарыда аталған меморандумда әскери бөлімшелердегі сарбаздардың тәрбиесіне әскери ардагерлерді қатыстыру жайы да көрсетілді. Сонымен қатар емдеу-сауықтыру орындарының сапасын көтеріп, оған берілетін жолдамаларды көбейту жайы да қозғалды. Істелген жұмыстан гөрі, істелетін шаруа әлі жетерлік.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Серік ӘБДІБЕК,
«Егемен Қазақстан»