Тұсаукесер кездесуде айдын иелерін 3:1 есебімен жеңген жерлестеріміз келесі бәсекеде де өз жанкүйерлерін қуантты. Бірінші кезеңде Иван Степаненко мен Егор Петухов қатарынан екі гол соқты. Үзілістен кейін қос команда бір-бірінің қақпасына екі шайбадан салды. Қазақстандық ойыншылар арасынан Петухов пен Александр Борисевич нысананы дәл көздеді. Үшінші кезеңде кореялықтар есеп айырмашылығын қысқартқанымен, «Номад» клубының шабуылшысы хет-трик жасап, мачтың соңғы нүктесін қойды – 5:3.
Өзінің келесі кездесуін енді Қазақстанның хоккейшілері Италия құрамасына қарсы өткізеді.
Ғалым СҮЛЕЙМЕН,
«Егемен Қазақстан»