Қазақстан • 09 Қараша, 2018

Қазақстан диаспора мәселелеріне жетекші ететін Түркі кеңесінің үшінші кездесуіне қатысты

436 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кеше Түркия Республикасына бірлескен жұмыс сапары аясында Қоғамдық даму министрі Дархан Кәлетаев пен «Отандастар» қорының Президенті Нұртай Абықаев диаспора мәселелеріне жетекші ететін ведомстволар басшыларының үшінші кездесуіне қатысты.

Қазақстан диаспора мәселелеріне жетекші ететін Түркі кеңесінің  үшінші кездесуіне қатысты

Дархан Кәлетаев өз сөзінде түркі тілдес мемлекеттер үшін бүгінгі отырыстың ерекше маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстан Республикасы шет елдерде өмір сүріп отырған қаңдастарымыздың мәдени-гуманитарлық саладағы сұраныстарын қанағаттандыруға мүдделі. Сол себепті, еліміз шет елдердегі қазақстардың өз ана тілін, дәстүрі мен мәдениетін дамытуға мүмкіндіктері болуы үшін қазақ диаспоралары өмір сүретін мемлекеттермен ынтымақтасуға барынша мүдделі екенін айтты.

Өз кезегінде, «Отандастар» қорының Президенті Нұртай Абықаев түркі тарапына іс-шараны жоғары деңгейде өткізгендері үшін алғысын білдіріп, бұл кездесу олардың бірлескен тығыз жұмысының бастамасы болатынын атап өтті. Сондай-ақ, қордың басшысы Түркияның бауырлас елдер арасында ерекше орын алатындығын атап өтті.

Іс-шараның қорытындысы бойынша «Түркi кеңесi Түркiтiлдес диаспорасының ортақ әрекет стратегиясын» өзгерту туралы шешімін және осы стратегияны жүзеге асыру бойынша бірлескен іс-қимыл жоспарын қабылдады.

Іссапар аясында қазақстандық тараптың Түркия Вице-Президенті Фуат Октаймен кездесуі өтті. Тараптар диаспоралардың стратегиялық, экономикалық, мәдени дамуындағы екіжақты және көпжақты серіктестіктің негізгі мәселелерін талқылады.

Сонымен қатар, «Отандастар» қорымен Юнус Эмре қоры арасында ынтымақтастық пен өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Меморандумдар аясында тараптар ортақ мәдени, әлеуметтік және экономикалық жобаларды жүзеге асыруға, сондай-ақ тәжірибе мен ақпарат алмасуға, өзара қызығушылық тудыратын салаларда іс-шараларды өткізуге келісті.

Ағымдағы жылдың 9 қарашасында Стамбұлда Дархан Кәлетаев пен Нұртай Әбіқаев Түркия және Еуропада тұратын қазақ диаспоралары басшыларымен кездесу өткізеді.