Бүгінгі күні еліміздің ауылшаруашылық саласының алдында еңбек өнімділігін арттырып, өңделген ауыл шаруашылық өнімінің экспортын 2,5 есеге көбейту міндеті тұр. Бұл мақсаттарға жету үшін заманауи технологияларды меңгерген, инновацияға бейім, өндірістің жаңа бағыттарын игерген, ғылыми жетістіктерді өндіріске енгізіп, жаңаша ойлай алатын кәсіби мамандар қажет. Аталған бағыттарды жандандыру мақсатында саланы басқарудың тың әдістерін қолданып, ауыл шаруашылығы бойынша шетелдің білікті мамандарынан тәжірибе алып, озық технологияларын тартудың маңызы зор.
Аграрлық саладағы өзекті мәселелерді талқыға салған форум жұмысына ҚР Премьер-министрінің орынбасары – ҚР ауыл шаруашылық министрі Өмірзақ Шөкеев, Франция ауыл шаруашылық зерттеулер Институтының экс-президенті Ги Риба, Парламент депутаттары, мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар өкілдері, салалық одақтар мен ассоциациялар, аграрлық ЖОО басшылары, ауыл шаруашылық тауар өндірушілері, білікті ғалымдар қатысып, агроөнеркәсіптік кешендегі өзекті мәселелер төңірегінде пікір алмасып, өз ұсыныстарын ортаға салды. Форум барысында аграрлық білім берудің жаңа бағыттары, ғылым мен өндіріс интеграциясы сараланып, білімнің еңбек өнімділігіне трансформациялану мәселелері сөз болды.
Форум жұмысын ашқан Өмірзақ Шөкеев: «Ауыл шаруашылығын инновациялық бағытта дамыту үшін бірінші кезекте білікті мамандар мен жаңа технологиялар қажет. Сондықтан саланы жаңғыртуда білім мен ғылым маңызды роль атқарады»– деп атап өтті.
Қазіргі таңда министрлік республикамыздың әр аймағында фермерлерге аграрлық қызмет көрсететін, жаңа технологиялар трансфертін іске асыратын, озық технологиялармен таныстырып, ауыл шаруашылық құрылымдары мамандарын қайта оқытып, даярлықтан өткізетін агропарктар мен аймақтық орталықтар, жаңа технологияларды ұсынатын көрсетілім алаңдарын ашуда. Мамандар бұл бағытта қолға алынған нақты міндеттер аграрлық саланың жаңа тыныс алуына жол ашады деп отыр.
Арман ОКТЯБРЬ,
«Егемен Қазақстан»
Алматы