Іс-шараға Білім және ғылым министрі Е.Сағадиев, «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Қ.Келімбетов, Дүниежүзілік банктің Қазақстандағы тұрақты өкілі А.Браун, мемлекеттік органдардың басшылары, дипломатиялық корпустың, отандық және шетелдік жоғары оқу орындарының өкілдері, «Болашақ» стипендиясы бойынша оқып келген түлектер қатысты.
Мемлекеттік хатшы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың форумға қатысушыларға арнаған құттықтау сөзін оқып берді. Онда ширек ғасырдан бері еліміздің талантты жастарының білім алуына арналған «Болашақ» стипендиясы дүниежүзіне танылған қазақстандық брендке айналғандығы атап өтілген. «Бүгінде бағдарлама түлектері білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, ғылым және техника салаларында жүздеген ғылыми әзірлемелер мен ірі жобаларды жүзеге асырып, зор жетістіктерге қол жеткізуде. Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында біздің алдымызға жаңа талаптар қойылуда. Сондықтан болашақтықтардың алған білімі мен білігі, әлемнің озық елдерінен алған өмірлік және кәсіби тәжірибесі тиімді пайдаланылуға тиіс», делінген құттықтауда.
Бағдарлама іске асырылып келе жатқан 25 жыл ішінде 13,2 мың стипендия тағайындалып, экономиканың басымдығы бар секторлары үшін жоғары білікті 10,4 мың маман даярланды. Қазіргі уақытта 1,2 мың стипендиат білім алып жатыр.
Кездесу барысында «Болашақ» халықаралық стипендиясын жүзеге асыру нәтижесі қорытындыланып, оны одан әрі жетілдіру жоспарлары талқыланды, үздік болашақтықтардың ой-пікірлері тыңдалды.
Форум аясында әлемдегі 33 елдің жетекші 190 университеті қатысқан «International Education Fair» көрмесі ұйымдастырылды. Оған Джордж Вашингтон университетінің, Эдинбург университетінің, Вюрцбург-Швайнфурт қолданбалы ғылымдар университетінің және басқа да оқу орындарының өкілдері атсалысуда.
Рауан ҚАЙДАР,
«Егемен Қазақстан»