– Халқымыздың дәстүрлі музыкасын дәріптеуде әуелі ұлттық саз аспаптарының айтарлықтай рөл атқаратыны мәлім. Көне музыкалық аспаптардың келешегі туралы өзің не айтар едің?
– Жағда Бабалықұлы: «Үскірік, ысқырық, шаңқобыз, келіқобыз, сазсырнай, дап, дабыл сияқты аспаптар көзге ілінбейді. Қазір бұларды қолданатын, ел арасына шығып ойнайтындар саны өте аз. ХХ ғасыр ішінде қазақтың ұлттық музыка аспаптарының көп бөлігі кәдеге жарамайтын болып шықты...» деп халқымыздың ұмыт бола бастаған көне музыкалық мұрасының келешегіне қатты алаңдаушылық білдірген болатын. Тіпті домбыра мен қобыздың өзі бүгінде үлкен өзгеріске ұшырап, қазақтың табиғат берген қоңыр үнінің бояуы бастапқы қалпынан мүлде алшақтап бара жатқанын жабыға жазған еді. «Белес» тобының дүниеге келуі мен миссиясы негізі осы және мәдениет қайраткерлерінің рухани құндылықты насихаттауға бағытталған мұнан басқа да көптеген сыни ой-ұсыныстарымен тікелей сабақтасып жатыр.
Көпті көрген көнекөз абыздың дабылы бекер емес. Өйткені қазақ өнерінің тағдыры алмас қылыштың үстінде тұрғандай алмағайып тұста өткеннен сабақ ала отырып, қолда бар алтынымызды қадірлей алмасақ, көп нәрсемізді жоғалтып алатын түріміз бар. Жаһандану заманында, әсіресе музыканың дамуы мен таралуын басқа саламен салыстыру қиындау. Қазір мұнда бәрі ашық айтыс-тартысқа, бәсекеге көшіп кетті. Бұл бір сондай алапат тасқын сел секілді. Оған ешкім тосқауыл қойып төтеп бере алмайды, жаһанды жаппай жайлайтын жойқын аждаһаның аузына жұтылып, жоқ болып кетпес үшін әркім өзінің қал-қадерінше жанталасып бағуда.
– Кейде тегін шақырып жатса да қазақ ұлттық саз аспаптарында орындаушылардың концертіне жұрттың онша көп бара қоймайтыны рас. Ал бірақ есесіне шетелдің қайдағы жоқ біреулеріне қоғадай жапырылып, зыр жүгіреміз. Сол қалың нөпірдің бетін дәстүрлі өнерге қарай бұрудың жолы бар ма?
– Ақыл-есі толысқан, саналы адам халық әндерін, болмаса Құрманғазыны, Тәттімбетті, Сүгірді, Нұрғисаны... көшеде кетіп бара жатып, атүсті тыңдамасы белгілі жайт қой. Негізі музыка тыңдай білу мәдениеті дегенге мән бермейтініміз жаман. Музыканы шыңғыртып қойып тыңдайтын жандар не ләззат алады екен осы? Мысалы, жанталасып таңертең жұмысқа асығып кетіп бара жатқан адам құлаққаппен Құрманғазының «Сарыарқасын» қалай тыңдайды? Дәстүрлі өнер кең-байтақ даланың өзімен біте қайнасып туғаны анық. Сол себепті оларға желпілдеп билеп кете алмайсыз. Қайта тыңдаған сайын толғантады, тебірентеді. Тұңғиықтан жаныңызбен егіз, үндес бір әуен табылады. Бұлар санаңызға ешбір насихатсыз-ақ, сырттың әсерінсіз, өздігінен бүлкілдеп сіңіп кете барады.
– Желбуаз, басқаша айтсақ, месқобыз туралы деректер әл-Фараби бабамыздың еңбектерінде кездеседі десек, ал жалпы қазақ даласына әлі кең жайылып кете қоймаған сирек аспап. Оның әуезі, боздаған күңіренісі кісінің сай-сүйегін сырқыратады, бойды мұңлы сезім билейді. Түріктер мұны «цюше» депті. Ал оны ғалымдар «қыпшақ» деп тәржімалаған. Осы аспап біздегі желбуаздың өзінен аумайды. Түркітанушы ғалым Қ.Сартқожаұлының деректеріне сүйенсек, желбуаздан аумайтын аспапты бүгінде белорустар мен француздар өз оркестрлерінде кеңінен пайдаланып жүр. Атауы басқа демесеңіз, сырт пішімі соның өзінен аумайды. Белорустар «дуду» деп атайды екен. Бұл сөздің түпкі мәні түрік, моңғол тілдеріне барып тірелетіні көп жайтты аңғартса керек. Оны алғаш қазақ сахнасында Нұрғиса Тілендиевтің тірілткені мәлім. Оның әсіресе бізге қазақы әуенді жеткізудегі ойнақы үні ұнайды. Дауысын ешбір аспап дәл солай қайталай алмайды. Аспаптың жаңғырып, өз биігіне қайта көтерілуіне «Белес» тобы айтарлықтай үлес қосып келеді.
– Нұрғиса Тілендиев демекші, әуелі «Отырар сазы» оркестрі құрамында өнер көрсеткенің есімізде. Осының өзі кісіге үлкен мектеп емес пе?
– К.Байсейітова атындағы музыкалық мектепте қобыз сыныбын 1997 жылы бітіріп, одан кейін Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында Ғалия Оразалиевадан дәріс алдым. Алматыдағы шет тілдер университетін француз тілінде бітірдім. 1995 жылы халық аспаптарында орындаушылардың республикалық байқауына, 1997 жылы Д.Нұрпейісова атындағы республикалық байқауда жүлделі орындарды иелендім. «Отырар» сазы оркестрінде Нұрғисадай ұлы композитордың өзімен бірге жұмыс істеген біздер бақытты ұрпақпыз ғой негізі. Мұнан соң белгілі күйші Секен Тұрысбековтің «Ақ жауын» ансамблінде, Президенттік оркестрдің құрамында қобызда өнер көрсеткенім өз алдына бөлек әңгіме. Осылар – адамға мектеп. Музыкада үйрету жоқ, үйрену ғана бар деген қағида бойынша өмір сүремін. Осы жағынан келгенде, топтағы музыканттардың мақсат-мұраты түйіседі. Үрмелі аспаптар мен дауылпазда ойнайтын Мадияр Малдыбаевтың, домбырашы Марат Нүкеевтің, сырнайшы Алексей Ефременконың «Белесте» бірігуінің сыры сонда.
– Қанша елде өнер көрсеттіңдер?
– АҚШ, Канада, Корея, Қытай, Италия, Испания, Германия, Франция, Англия, Грекия, Түркия, Ресей, Үндістан, Индонезия, т.б. көптеген шет мемлекетте, сондай-ақ елімізге ат басын тіреген түрлі мәртебелі қонақтар мен президенттер қатысқан мәдени шараларда өнер көрсеттік.
Осыдан 6-7 жылдай бұрын Анкара қаласы мэрінің идеясымен дүниежүзілік фестиваль өтті. Соған арнайы қонақ ретінде бізді шақырды. Соның аясында бір сағатқа жуық қазақ өнерін көрсеттік. Аяқ-қолымызды жерге тигізбей түрік ағайындардың сондағы шаттанып, қуанғанын, құрмет көрсеткенін көрсеңіз ғой. Телеарналар тек біз туралы хабарлар таратты. Басылымдарда мақалалар жарық көрді. «Белес» тобы сыртта қаншалық танымалдыққа ие екеніне алғаш өзіміз сол жерде көз жеткізіп, марқайғанбыз.
– Кімдерден бата алдың, ұстаздарың кім?
– Кезінде белгілі мәдениет қайраткері Жексенбек Еркінбеков: «Әсел қызымыз прима қобыздан өз әріптестері арасында алдыңғы орында тұр. Мұндай талантты балаларды қолдауымыз керек» деп қанатымды қатайтты. Осы баға келешегіме даңғыл жол ашты деуіме болады. Министрдің өзі осылай деп бағамызды асыра мақтап тұрғанда, менің сол үмітті ақтамауға еш құқым жоқ еді. Өнер иесіне қандай да жетістік болсын тек еңбекпен келетінін ұқтырған сол лебізді алдыңғы толқынның маған арнаған ақ батасы деп білдім... Өнер жолында кездескен әр тұлға – менің ұстазым.
– Прима қобыздан басқа тағы қандай аспаптарда ойнайсың?
– Домбыра, пианино, үрмелі аспаптарда өнер көрсетемін.
– Халықтық ән-күйлермен бірге кімдердің шығармаларын орындайсың?
– Ахмет Жұбанов, Мұқан Төлебаев, Нұрғиса Тілендиев, Латиф Хамиди, сондай-ақ П.Чайковский, Мендельсон, А.Хачатурян, Дж.Керн шығармаларын орындадым. 1998 жылы Ермұрат Үсеновпен бірігіп, Құрманғазының «Төремұрат» күйін, қобыз бен фортепианоға өңдеп аудардық. Бұл туынды қобыз мектебі үшін айтарлықтай үлкен жаңалық еді.
Әңгімелескен Қарашаш ТОҚСАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»