Тиімділігі айдан анық көрініп отырған жаңа әдіс те бар. Дәл қазір облыстың Целиноград, Бұланды, Зеренді, Шортанды аудандарындағы білім ошақтарының қазандықтары сенімгерлік басқаруға беріліп отыр. Біртіндеп жүзеге асырылатын жаңа жоба бойынша бүгінгі таңда 178 нысан сенімгерлік басқаруға берілген. Бұл жұмыс мынадай жүйе бойынша жүзеге асырылады. Ең алдымен аудан әкімдіктеріне білім саласының қазандықтарын жекеменшік компанияларға кейін сатып алуға құқық бермейтін сенімгерлік басқаруға келісім бойынша беру. Қаулыға сәйкес тендер комиссиясы құрылып, таңдау қолданыстағы заң аясында жүзеге асырылады. Жеңімпаз анықталған соң келісімшарт жасалып, мүлікті тапсыру жүзеге асырылады.
Жаңа жоба 2017 жылы Целиноград ауданында қолға алынды. Аудандағы 44 мектеп пен 9 балабақша 15 жыл мерзімге сенімгерлік басқаруға берілді. Сенімгерлік басқарушылардың негізгі міндеттерінің бірі – қазандықты пайдалану кезінде қауіпсіздікті сақтау.
– Шалғайдағы шағын білім ошақтарында негізінен қазандықтар мектептің ішінде орналасқан. Кей жерлерде мектеп үйімен жапсарлас салынған. Мұның барлығы қауіпсіздікті сақтау шараларына сай келмейді, – дейді облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Валерий Гамазов, – оның үстіне ендігі бір тиімді жері мектеп директоры бұрынғыдай отын, көмір іздеп, пеш жағушы іздеп әуреге түспейтін болады. Бұл ең алдымен мектеп директорының өзінің тікелей міндетімен айналысуға жағдай туғызады. Яғни бұрынғыдай жылу беру маусымына дайындық қарсаңындағы қарбаластан арылады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы Жолдауында да мектеп мұғалімдері өз міндеттеріне жатпайтын қосалқы жұмыстан арылулары керек деді емес пе?
Қазандықтарды сенімгерлік басқаруға алған компания жылу беру маусымына қажетті отын қорын дайындайды. Сондай-ақ қазандық пен жылу жүйесінің ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізеді. Жоғарыда айтылғандай, егер қазандық талапқа сай салынбаса, белгіленген тәртіпке орай білім ошағынан шығарып орналастырады. Қазандық пештерінің де моральдық тұрғыдан ескіргенін жаңа, тиімдісімен алмастырады. Әрі энергия қуатын үнемдейтін жабдықтарды пайдаланады.
Міне, осындай талаптар аясында өткен жылы «Целиноградская теплораспредилительная компания» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өз қаражаты есебінен жалпы құны 308 миллион теңгені құрайтын жұмыс жүргізді. Атап айтатын болсақ, аудандағы барлық мектепке 260 миллион теңгенің жаңа қазандықтары орнатылды. Жаңа қазандықтарды орнату барысында көптен бері шешімін таппай келе жатқан қазандықтарды білім ошағынан шығару мәселесі де біржола шешімін тапты. Үш мектептің қазандығы мен жылу жүйесіне жалпы құны 45 миллион теңгені құрайтын жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Талапкер ауылындағы мектеп пен балалар бақшасының қазандықтары ғимараттардан алыстатылып, жер астынан жылу жүйесі тартылды. Бұл жұмысқа 3 миллион теңге қаражат жұмсалды. Отаутүскен ауылындағы білім ошағына жаңа үлгідегі жылу қазандығы орнатылды. Жылу ақысы табиғи монополияны реттеу департаментінің бекіткен кестесіне сай төленуде.
2017-2018 оқу жылдарындағы жылу беру маусымына талдау жасаған кезде бюджет қаржысының үнемделгені анық байқалып отыр. Бұл арада нақты дәлел келтіре кеткен жөн. Мәселен, осы оқу жылдарына отын, еңбекақы және салықты қоса есептегенде, 244 миллион теңге бюджет қаржысы қарастырылса, қазандықтарды сенімгерлік басқаруға берген кезде 210 миллион теңге қаражат жұмсалды. Тиімділігі көзге ұрып тұр. Үнемделген 34 миллион теңге қаржы білім беру саласының өзге мұқтаждығы жұмсалуда.
Целиноград ауданының жаңа жобаны жүзеге асыру кезінде біршама тиімділікке қол жеткізгендігін көргеннен кейін Бұланды, Зеренді, Шортанды аудандарында осындай жұмыс жүргізілді. 125 нысан сенімгерлік басқаруға берілді. Жоғарыда аталған аудандардағы білім ошақтарының қазандықтарына техникалық сараптау жүргізіліп, 2018-2019 оқу жылдарына 36,2 миллион теңге қарастырылса, Целиноград ауданы бойынша 10,8 миллион теңге көзделген. Сенімгерлікке алған компанияның инвестициялық шығыны 47 миллион теңгені құрап отыр. 2018-2019 оқу жылдарындағы жылу беру маусымына жұмсалатын бюджет қаржысының қаншалықты үнемделгендігі маусым соңында есептелетін болады.
Қорыта айтқанда, облыстағы білім беру саласының 178 қазандығын сенімгерлік басқаруға беру тиімділігі тайға таңба басқандай көрініп отыр. Жаңа заманның талабына сай қазандықтар қою, бақылауды автоматтандыру білім ошақтарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуде. Алдағы уақытта облыстың өзге аудандары да осы жүйеге көшпек.
Байқал БАЙӘДІЛ,
«Егемен Қазақстан»
Ақмола облысы