Қазақстан • 12 Қараша, 2018

Тараздағы шағын аудан мәселесі шешімін тауып келеді

984 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Осы жылғы 5 тамызда газетіміздің №147 санында Тараз қаласына қарасты бірқатар ауыл мен саяжай алқаптарында көгілдір отын, қоғамдық көлік, көше атаулары және жол мәселесін көтерген «Шағын ауданның шындығы» атты материал жарияланған болатын. Осы мәселеге орай Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов жиын өткізіп, тиісті басшыларға шағын аудандағы мәселелерді шешу үшін тапсырма берген еді. Нәтижесінде Тараз қаласы әкімінің орынбасары Кенжебек Олжабай хат жолдап, мәселелердің ретімен шешіліп келе жатқанын айтты.

Тараздағы шағын аудан мәселесі шешімін тауып келеді

Қалалық әкімдіктің мәліметінше, Тараз қаласындағы «Шөлдала» ал­қа­бына газ құбырын жақындату құ­рылысына 2017 жылы республи­калық бюджеттен 623,2 млн теңге, облыстық бюджеттен 61,3 млн теңге, барлығы 682,2 млн теңге бөлінген. Мердігер мекеме – «Монолит-Дизайн» ЖШС. Жауап хатта құрылыс-монтаждау жұ­мыстары 2017 жылдың 1 сәуірінде басталып, 31 шілдесінде аяқталғаны және газ құбырының ұзындығы 24,355 шақырым екені жазылған. 

– «Шөлдала», «Құмшағал», «Көл­тоған», «Қызыл-абад» және 28 сая­жай алқаптарының ішкі орамдық таратушы желілерінің құрылысы» жобасының жобалау-сметалық құ­жаттамасын әзірлеуге 2018 жылы қа­лалық бюджеттен 9,0 млн теңге бө­лінген. Қазіргі уақытта алғашқы де­­ректер қоры жинастырылуда. Жо­балау-сметалық құжаттама әзір­­леніп, мемлекеттік сараптамадан өткеннен кейін республикалық бюд­жетке құрылыс-монтаждау жұмыс­тарын қар­жыландыруға өтінім жолданатын болады. Сонымен қатар тұрғындар тұтынылған электр энергия­сына заңды тұлға ретінде қосымша құн салығын есепке алғанда 1 кВт сағат үшін 22,27 теңгеден төлем жүргізіп келеді. Жеке тұлғалар үшін бекітілген тариф көлемі қосымша құн салығын есепке алғанда 1 кВт сағат үшін 14,95 теңге болып бекітілген. Электр энер­гиясын пайдалану бойынша ай сайынғы төлем жеткізуші ұсынған шот-фактура негізінде жүргізілуде. Саяжай тұрғындары электр энергиясын кооперативтің электр желі­лерінен алып отырғандықтан, электр энер­гиясының ақысын коопера­тивке тө­­леп отыр, – дейді Кенжебек Олжабай.

Мақала жазу барысында шағын аудан тұрғындарымен кездескенімізде, олар қоғамдық көлік мәселесін айта келіп, қалаға күн сайын қатынау қиындық туғызып отырғанын жеткіз­ген еді. Бұл орайда қала әкімдігі тарапынан бірқатар жұмыстар қолға алынған. Әкім орынбасарының айтуынша, бүгінгі таңда «Құмшағал» алқабына №54 автобус бағыты 8 кестемен, жүру аралықтары 20-22 минуттан жергілікті халыққа қызмет көрсетуде екен. Сонымен қатар ағымдағы жылы Химик, Ветеран саяжайларынан бас­тап Шөлдала, Құмшағал, Көлтоған алқаптары арқылы мөлтек аудандарға, №1 қалалық ауруханаға қатынайтын №61 автобус бағытының қызметін ұйымдастыру жөнінде конкурс өткі­зіліпті. Бағыттың жүру кестесі жер­гілікті тұрғындармен келісіліп, бү­гінде бағыт таңғы мезгілде үздіксіз қатынауда. Қазан айынан бастап жолаушылар ағымының көбеюімен аталған бағытқа қосымша кесте сандарын қосу да жоспарланыпты.

Сонымен қатар тұрғындар бір атаудың бірнеше жерде кездесе­тінін, тіпті жедел жәрдем көлігінің өзі берілген мекенжайды тап­пай­­­тынын айтқан еді. Бұл орайда Кен­жебек Олжабай Тараз қала­сын­дағы саяжай алқаптары, саяжай коопе­ративтері, гараждық коо­пе­ра­тив­тердегі қайталанатын 225 көше, 1 шағын аудан бойынша Үкімет­тің 2014 жылғы 24 ақпандағы №138 қау­лысына сәйкес жұмыстар жүр­гізіліп, республикалық ономас­тика комиссиясының 2017 жылғы 27 қарашадағы оң қорытындысына ие болғанын мәлімдеді. Қазіргі таң­да бұл мәселе Жамбыл облысы әкімдігі мен Жамбыл облыстық мәс­­лихатының қарауына енгізілген. Атал­ған көшелердің аншлагтарын жаңалауға қалалық бюджеттен 10 млн теңге қаржы бөлініп, бірлескен қаулы және шешім шыққан жағдайда аншлагтарын ауыстыру жұмыстары жүргізіледі.

– Ауызсу қорын анықтау үшін ин­женерлік-геодезиялық жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар «Құм­шағал» су бөгеті ғимаратын қайта жаң­ғырту және «Шөлдала» алқабына сорғы стансасымен жаңа су бөгеті ғимаратының құрылысын жүргізу жұмыстары қарастырылуда. Осы шаралар аяқталғаннан кейін «Шөлдала» мен «Құмшағал» алқаптарын сумен қамту үшін жобалау-сметалық құжаттама әзірленетін болады. 2019-2021 жылдары аталған желілердің құ­ры­лысын жүргізу жоспарланып отыр.

Ал 2018 жылдың 15 та­мыз күні аталған аумақтың тұрғын­да­рымен қала әкімдігінің мамандары жиналыс өткізіп, көтерілген мәсе­лелер бо­йынша тұрғындарға т­үсіндіру жұмыс­тарын жүргізді, – дейді Кенжебек Олжабай.

Хамит ЕСАМАН,

«Егемен Қазақстан» 

Жамбыл облысы