Аймақтар • 12 Қараша, 2018

Атырауда енді көлік кептелегі болмайды

477 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Атырау қаласы күн санап көркейіп келеді. Жаңа ғимараттар бой түзеп, саябақтарға сән кіріп, әлеуметтік нысандар қатары артты. Көлік көбей­ген­діктен бұрынғы тар көшелер қолай­сыздық туғызатын еді, енді бұл мәселенің  де ше­шімі табылды.

Атырауда енді көлік кептелегі болмайды

Қала­ның үш орта­лық көшесін қайта жаңғырту және ке­ңейту жобасы аяқталды. Баймұханов, Владимирский, Тайманов көшелері кеңіп, жүргізушіге де, жолаушыға да жайлы жағдай жасалды. «Атырауинжстрой» ЖШС жол жиектерін орнату, жаяу жүр­гіншілер жолы мен дренаж науаларын салу, суару құбырларын жүргізу, тұрақтар және оң жақ бағыттағы өтетін жолдар салу, аялдама павильондарын орнату, көше жарығын ауыстыру мен жол белгілерін салу секілді жұмыстарды уақытында және сапалы орындады. 

– Жобаны іске асыру жолдарда автомобиль қозғалысының қарқынды өсуімен, сондай-ақ көлік санының көбеюінен туындады. Үнемі көлік кептелісі болатын, қозғалыс кезінде қолайсыздықтар туындайтын көше­лер­дегі қозғалысты жеңілдету үшін жолақтарды ұлғайту жүргізілді, – дейді Атырау қаласы əкімінің орынбасары Нұрлан Таубаев. 

Бір атап өтерлігі, жол құрылысы ке­зінде жергілікті асфальтбетон зауытының өнімі қолданылған. Бұрынғы дренаж науалары сақталып, жаңалары салынды. Жауын-шашын суы мен еріген судың ағып кетуі үшін жолдарды бойлай жиырма текше метр жерасты сыйымдылығы орнатылды. Жөнделген көшелердің бойында жаңа тұрақ алаңдары салынды. Қазір жоба аясында 23 аялдама павильондарын орнату және көше жарығын ауыстыру жұмысы жүріп жатыр.

Бақытгүл БАБАШ,

«Егемен Қазақстан»

АТЫРАУ