Аймақтар • 12 Қараша, 2018

Батыс Қазақстан облысы ет экспорты бойынша бірінші орында

530 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысы 2018 жылдың тоғыз айында шетелдерге 1,5 мың тоннадан астам ет экспорттап, Қазақстан аймақтары ішінде бірінші орынға шықты. Бұл жөнінде облыстық мәслихатының кезекті ХХ сессиясында өңір басшысы Алтай Көлгінов мәлімдеді.

Батыс Қазақстан облысы ет экспорты бойынша бірінші орында

2018 жылдың алғашқы тоғыз айында атқарылған жұмыс туралы есептік баяндама жасаған Алтай Көлгінов Батыс Қазақстан облысының әр саласында қол жеткен биылғы жетістіктерге Мемлекет басшысының Ақ Жайыққа биылғы жұмыс сапары ерекше серпін бергенін айтады.

- Президентіміз облыстың әлеуметтік-экономикалық даму бойынша нақты тапсырмалар жүктеді. Атап айтар болсақ, күн тәртібінен түспеген жол мәселесі, өңір экономикасында орны бар өндіріс ошақтарының проблемалары талқыланды. Мысалы, «Зенит» және «Гидроприбор» зауыттары бойынша 3 жылға тапсырыстармен жүктемелеу жөніндегі келісімге қол жеткізілді. Энергетика министрлігі «Конденсат» акционерлік қоғамымен мұнайды тасымалдау кестесін бекітті. «ЗКМК» акционерлік қоғамы қазақстандық арнайы өнімдердің жаңа өндірістерін игеру бойынша еуропалық компаниялармен озық технологияларды өңірімізде іске асыру қарастырылды. «Омега» өндіріс ошағының аумағында «Орал трансформатор зауыты» екінші зауыт салуды жоспарлауда. «Квант» компаниясының өнім түрлерін ұлғайтуды және өндірісті кеңейтуді қаржыландыру бойынша Даму банкісімен несие бөлу жөнінде келісімге қол жеткізілді. Сондай-ақ компания екінші фабриканы салуды бастады. Республикалық маңызға ие Орынборға дейінгі 144 шақырым жолын қайта жаңғырту бойынша «Қазавтожолдың» қатысуымен жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуге конкурс жарияланды, жол құрылысын 2019 жылы бастау жоспарлануда. Қазталов, Жәнібек және Бөкей ордасы аудандарына апаратын 275 шақырым – республикалық маңызды автожол құрылысына, «Қазавтожол» күрделі жөндеу жұмыстары бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуде. Жол құрылысы келесі жылдан басталады. Сонымен қатар, Сайхыннан Хан ордасы елді-мекеніне дейінгіжол салынатын болады. Президенттің тапсырмасына сәйкес алдағы 3 жылдың ішінде жол салынады, - деді Алтай Көлгінов облыс мәслихаты депутаттарының алдында.

Биыл тоғыз айда Батыс Қазақстан облысы 1,2 трлн. теңгенің өнімін өндіріпті. Бұл өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда, 0,6%-ға артық. Қазақстанның жалпы ішкі өнімінің 4,9%-ы БҚО-ның үлесінде. Бұл аймақтар арасында жетінші көрсеткіш.

Өңірде өңдеу өнеркәсібі де дамып келеді. Бұл салады өндірілген өнімнің көлемі 137 млрд. теңгені құраған. Сыртқы инвестиция 165 млрд. теңгені құрап, олардың негізгі капиталдағы үлесі 60%-дан асқан. Бұл көрсеткіш бойынша Батыс Қазақстан облысы республикада алдыңғы қатарда. Индустрияландыру картасына сәйкес құны 22 млрд. теңгені құрайтын 10 жоба іске қосылып, 362 жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр екен. қазірдің өзінде бұл жобалардың тең жарымы іске қосылған, қалғаны жыл соңына дейін пайдалануға берілмек.

Алтай Көлгінов өңірдің ауылшаруашылық әлеуетіне ерекше тоқталды. Биыл облыста ауыл шаруашылығын қолдау шараларына 12 млрд. теңге бөлінген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 30%-ға артық. Ауыл шаруашылығындағы жалпы өнім 104 млрд. теңгені құрап, дәнді дақылдар алқабының аумағы 513 мың гектарға жеткен. 244 мың гектар егін алқабынан 168 мың тоннадан астам астық жиналды. Рас, егін шығымы биыл күткендегідей көп емес. Ала жаздай қуаңшылық ауылдағы ағайынның көңілін күпті қылып, тіпті қыстық жемшөп қорын жинай алмай қаламыз ба деген қауіп туғызған. Бірақ әкімнің айтуынша, 1,5 млн. тонна мал азығы жиналып, алдағы қыс маусымына қажетті жоспар 103,2%-ға артығымен орындалыпты. Сонымен қатар өңірге 2,5 млрд. теңгеден астам инвестиция тартылып, агроөнеркәсіп кешенінде бірқатар жобалар жүзеге асқан. Нәтижесінде «Күблей» компаниясында мал сойғанда қалатын қалдықтарды қайта өңдеу бойынша инвестициялық жоба іске қосылды. «Теректі май» компаниясында күнбағыс майын өндіретін зауыт қайта жаңғыртудан өтіп, өз өнімдерін экспортқа шығаруда. «Желаев нан өнімдерінің комбинаты» АҚ-да макарон өнімдерін өндіретін фабриканы іске қосты. Зеленов ауданында «DMD PRODUCTION» компаниясы қуаттылығы жылына 1000 тонна болатын консервіленген көкөністер мен жемістерді өндіруге арналған зауыт салып жатыр. «Орал жылыжай комбинаты» жалпы аумағы 5 га құрайтын жылыжай кешенінің құрылысын жүргізуде. Мұның бәрі өңірдің агрокешені алғы сапқа шығып келе жатқанын көрсетеді.

Әрине, осындай игілікті адал еңбегімен жасап жатқан – кәсіпкерлер, қарапайым адамдар. Дәл бүгін Батыс Қазақстан облысында шағын және орта бизнеспен айналысатындар саны 40 мыңға жеткен. Бір жыл ішінде өңірде бұл салада еңбек ететіндердің саны 9 пайызға немесе 115 мың адамға көбейген. Шағын және орта бизнес секторы өңірден шығатын өнімнің 40 пайызын беріп отыр. Бұл көрсеткіш жөнінен Батыс Қазақстан облысыы республика бойынша үшінші орынға шыққан.

Өңірде мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруға 36,3 млрд. теңге жұмсалып отыр. Атап айтқанда, «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша 19,1 млрд. теңге, «Нұрлы жер» бағдарламасына 17,2 млрд. теңге қарастырылған. Соның ішінде 450 шақырым жол салу үшін 32 млрд. теңге бөлінді. Республикалық маңызы бар жолдардың 285 шақырымына жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бірінші кезекте биыл 56,3 шақырымды құрайтын Орал-Саратов автожолының жөндеу жұмыстары аяқталады. Саратов облысымен шекаралас аумақта бұрынғы екі жолақты жолдың орнына сегіз жолақты жол ашылатын болады. Орал қаласында 8,8 млрд. теңге қаражатқа ұзындығы 50 шақырымды құрайтын 50 көше жолдары жөнделді. Бұл қаражаттың 6,3 млрд. теңгесі «ҚПО б. в.» компаниясы есебінен бөлінген. Ал «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында өңірде 3134 пәтерді құрайтын 26 көп қабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар аудан-ауылдарда 327 пәтерлік 104 тұрғын үй салынуда. Жыл соңына дейін облыс орталығында 688 пәтерлі 6 көп қабатты тұрғын үй, аудан-ауылдарда 139 пәтерді құрайтын 83 тұрғын үй пайдаланылуға берілмек.

Биыл 44 елді мекендегі 16 мың халықты табиғи газға қосатын 8 жоба жүзеге асырылып жатыр. Ол үшін 1,6 млрд. теңге бөлінген. Бүгінде Ақжайық, Бөкей ордасы, Зеленов, Жәнібек аудандарында 24 елді мекенге газ тартылып, тоғыз мыңнан астам ауыл тұрғыны от жағып күл шығару бейнетінен құтылды. Қалған 20 ауылға газ келер жылы жетеді. Сөйтіп өңірдің көгілдір отынмен қамтылуы 95 пайызға жететін болады. Сондай-ақ жалпы ұзындығы 1000 шақырымды құрайтын ауыз су құбырларын тарту және жаңарту жұмыстарына 4,5 млрд. теңге қаражат бөлінді.

- Биылғы тоғыз ай ішінде өңіріміз осындай әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне қолжеткізіп отыр. Бұл – барлық мемлекеттік құрылымның және азаматтық қоғам өкілдерінің бірлесіп атқарған жұмыстарының нәтижесі. Біз атқарылған жемісті жұмыстарымызбен тоқтап қалмай, алдымызда тұрған зор міндеттерді жұмыла атқаруға тиіспіз. Халқымыздың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған «Нұрлы жол», «Нұрлы жер», «7-20-25» мемлекеттік және басқа да салалық бағдарламаларды сәтті жүзеге асыруымыз қажет, – дейді Алтай Көлгінов.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Батыс Қазақстан