Қазақстан • 12 Қараша, 2018

Рәміздер – егемендіктің нышаны

766 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астанада Мемлекеттік рәміздер мен ведомстволық және оларға теңестірілген өзге де наградалар геральдикасы мәселелері жөніндегі республикалық комиссияның кезекті отырысы өтті.

Рәміздер – егемендіктің нышаны

Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова төрағалық еткен жиынға Парламент депутаттары, орталық және жергілікті атқарушы органдардың жетекшілері, белгілі қоғам қайраткерлері мен ғалымдар қатысты.

Отырысты ашқан Гүлшара Әбді­қалықова аталған салада белгілі бір реттілік қалыптасқанын айта келе, аза­мат­тардың мемлекеттік рәміздерге деген құрмет сезімін қалыптастыру бағытында ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүйелі түрде ілгерілету, патриоттық тәрбиенің рөлін, әсіресе жастар арасында одан әрі жалғастыру қажет екенін жеткізді. 

«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев таяудағы  Жолдауында: «Әрбір қазақ­стан­дық жүргізіліп жатқан реформа­лардың мәнін, олардың Отанымызды өркендету жолындағы маңызын жете түсінуі тиіс. Реформаларды табысты жүзеге асыру үшін қоғамымыздың ортақ мақсатқа жұмылуы аса маңыз­ды», деп атап өткен болатын. Ол – Қазақстан азаматтарының ел мен жерге, Отанға деген құрметінің артуы, Тәуелсіздігіміздің нығаюына ықпал етуі», деді Мемлекеттік хатшы. 

Отырыста Жоғарғы соттың Жам­был, Алматы және Павлодар облыс­тары әкімдіктерінің мемлекеттік рәміз­дерді пайдалану, қолдану және наси­хаттау жөніндегі есептері тыңдал­ды. Сондай-ақ Жоғарғы сот­тың Сот­тардың қызметін қамтама­сыз ету департаментінің басшысы Нұ­рсерік Шәріпов еліміздің заң­дарын­да мемлекеттік рәміздерді заң­сыз пайдаланғаны, қорлағаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік көзделгенін, осы бағытта сот практикасын халыққа дұ­рыс түсіндіру мәселесін Жоғарғы сот назарда ұстап отырғанын айтып өтті. 

«Естеріңізде болса, былтыр мем­лекет­тік туды пәтеріне заңсыз ілді деген желеумен Қызылорда облысының тұрғыны жауапқа тартылған болатын. Сөйтіп оған 450 мың теңгеден астам айыппұл салынды. Әрине бұл іс ел ішінде резонанс тудырды. Жоғарғы сот істі қарай келе, аталған азаматтың әрекетінен заң бұзушылық таппады. Себебі мем­лекеттік туды үйге іліп қою деген тәртіп әлі күнге дейін регламенттелме­ген», деді Нұрсерік Шәріпов. Оның айтуынша, Жоғарғы сот аталған жағдайды еске­ре отырып, мемлекеттік рәміздерді қол­дану бо­йынша арнайы қағида қажет екенін ұсынып, Үкіметке хат жолдаған. 

Жиын соңында 2019 жылға ар­нал­ған жұмыс жоспары бекітілді. Г.Әбді­қалықова мемлекеттік органдар бас­шы­ларына мемлекеттік рәміздерді пайдалану, қолдану және насихаттау бойынша нақты тапсырмалар берді. 

Ақмарал АҒЗАМҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»