Аймақтар • 12 Қараша, 2018

Алаштың басын қосқан фестиваль

534 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Сәрсенбінің сәтінде Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында шетелде тұратын қандастарымыздың қатысуымен «Қасиетті Қазақ елі» атты халықаралық өнер фестивалі өтті. Шараны Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы, «Отандастар» қоры коммерциялық емес акционерлік қоғамы және Қоғамдық даму министрлігі бірлесіп ұйымдастырған.

Алаштың басын қосқан фестиваль

«Қасиетті Қазақ елі» атты өнер фестиваліне еліміздің түкпір-түкпірінен келген қан­дастарымызбен қоса, Гер­мания, Франция, Қытай, Ре­сей, Моңғолия, Түркия қа­тар­лы алыс-жақын шетелдер­ден 50-ден астам өнерпаз қа­тысты. 

Фестиваль аясында «Мү­шәй­ра», «Терме» және «Қол­өнер шеберлігі» сынды үш­ аталым бойынша бәйге ұйым­дасты­рылды. Дүниежүзі қа­зақ­тары қауымдастығы Төра­ғасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбеков: «Өткен жылы Астанада өткен Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайында Елбасы әлем­нің әр түкпірінде жүрген қандас­тарға қол ұшын беру мақ­сатында «Отандастар қоры» деген қор құру керек­тігін айтқан болатын. Қазіргі таңда ол қор да құрылып, оның басына елімізге белгілі, бе­делді аза­мат Нұртай Әбіқаев ағамыз кел­генін білесіздер. Міне, бүгінгі шараға да сол қор атсалысып жатыр. Сонымен бірге Елбасы бағдарлама жасауды тапсырған, ол бағдарлама да жасалып, бекіді. Бұл фести­валь­­дың өтіп жатқаны да сол бағ­дарламаның арқасы. Кеше дөңгелек үстел өткіздік. Жан-жақтан келген қандастардың ұсыныс­тарын тыңдадық. Оның бәрін хатқа түсіріп, ірік­­­теп алдағы уақытта іске асы­­­ру­ға күш саламыз», деді.

Халықаралық «Алаш» әде­би сыйлығының иеге­рі, ақын Қазыбек Иса баста­ған­ қа­зы­лар алқасы әр елден кел­ген өнерпаздар шығармашы­лығына баға беріп, жүлделі жүйріктерді анықтады.

«Қолөнер шеберлігі» аталымы бойынша III орынға Ре­сейден келген Артықбай Сма­­ғұлов ие болса, II орынды Түркиядан келген Наргиз Тіней алды. Ал I орынға Мо­ңғолиядан келген өрімші Ха­был Қайып лайық деп танылыпты. 

«Терме» аталымы бо­й­ын­­­­­­ша III­ орынды Арман Қа­лел­­бекұлы (ҚХР), II орынды Жанғар Мәмбетназаров (Өз­бек­стан), I орынды Нұржі­гіт Есxат (ҚХР) иеленді.

«Мүшәйра» аталымы бо­йын­ша III орынды Алаш Тұр­сынәліұлы  (ҚХР), II орын­д­ы Нарқұлан Райxанұлы (Моң­ғолия), I орынды Шынар­бек Жомартұлы (Моңғолия) ен­шіледі. Сондай-ақ үш аталым бойынша бір бас жүлде тағайындалып, оны Қытайдан келіп, «Мүшәйра» аталымы бойынша бәйгеге қатысқан Жұматай Көксубай иеленіп, 400 000 теңге көлеміндегі қар­жы­лай сыйлықты қанжыға­ла­ды. 

Барлық аталым бойынша үшінші орын иегеріне 100 000 тең­ге, екінші орын иегеріне 150 000 теңге, бірінші орын иесіне 250 000 теңге жүлде табысталды. Сонымен бірге 11 арнайы жүлде беріліп, әр- қай­сысына 50 000 теңгеден үлестірді.

Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»