Аймақтар • 12 Қараша, 2018

Парламентшілер Ақтауда кездесті

342 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ақтау қаласында Қазақстан Республикасының Парламенті Сенаты мен Ресей Федерациясы Федералдық Жиналысы Федерация Кеңесінің Ынтымақтастық жөніндегі комиссиясының 13-ші отырысы болды. Қазақстан мен Ресей сенаторлары Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияны ратификациялау мәселесін талқылаған отырысқа Иран делегациясы да қатысты.      

Парламентшілер Ақтауда кездесті

Шараны ашқан Сенат Төрағасының орынбасары Сергей Громов Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы кон­венцияға қол қойылған Каспий ма­ңы мемлекеттері басшыларының Ақ­тау саммитінің қорытындыларын Ас­тана жоғары бағалайтынын атап өтті. 

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев атап өткендей, аталған Кон­венция теңіз суын, түбін, қой­науын, табиғи ресурстары мен әуе кеңіс­тігін қоса алғанда осы су айдыны­на қатысты тараптардың барлық құ­қық­­тары мен міндеттемелері ай­қын­­далған және реттелген «Каспий те­ңізінің конс­титуциясы» болып табыла­ды. Сон­дай-ақ бұл құжат теңіздегі құ­қық­­тар мен егемендіктің аражігін ажы­ра­туға, қойнауын пайдалану, тра­н­зит пен тасымалдау құқықтарын жү­­зеге асыруға, су асты құбырлары мен же­лі­лерді жүргізуге, табиғи орта мен био­­­ло­гиялық ресурстарды қорғау­ға бай­­ла­нысты ауқымды мәселелерді қамтиды. 

 С.Громов ерекше құжатқа қол қою жөніндегі келісімге келудегі Ресей мен Иранның үлесін жоғары бағалады. Ол Конвенцияға қол қойылуы ерекше су айдынына екіжақты деңгейде де, көптарапты сипатта да бейбітшілік пен өзара тиімді ынтымақтастық аймағы мәртебесін бекітуге мүмкіндік беретінін атап өтті. 

Сөз алған Ресей Федерациясы Федералдық Жиналысы Федерация Кеңесі Аграрлық-азық-түлік саясаты және табиғатты пайдалану комитеті төрағасының орынбасары Сер­гей Белоусов, Иран Ислам Респуб­ли­касы Консультативтік Кеңесі Төр­ағасы­ның бірінші орынбасары Масуд Пезеш­киан Конвенцияны уақытында рати­фикациялаудың маңызы туралы айтты. 

Отырыс барысында екі елдің сенаторлары мен өкілдері Біртұтас эконо­микалық кеңістік аясында Маңғыстау облысы мен Ресейдің Дағыстан Рес­пуб­ли­касын мысал ете отырып, шекара­­лық аймақтарды дамытуды, Кас­пий­­дегі туризм, экология мен биоре­с­урс­тарды қорғау саласындағы ынты­мақ­­тастықты дамыту мәселелерін талқылады. 

С.Громов пен М.Пезешкианның кездесуінде парламентаралық ынты­мақ­тастық және екіжақты қатынас­тарды, оның ішінде парламентаралық үнқатысуларды одан әрі нығайту мәселелері де талқыланды. 

Отырысқа қазақстандық сенаторлар Жеңіс Нұрғалиев, Ольга Перепечина, Михаил Бортник, Ғұмар Дүйсембаев және Бақтыбай Шелпеков қатысты. 

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

Маңғыстау облысы