Қазақстан • 12 Қараша, 2018

«Шабыт» жеңімпаздары марапатталды

86 реткөрсетілді

Өткен аптаның со­ңында  XXI «Шабыт» халықаралық шығар­машыл жастар фести­валінің жабылу салтанаты өтті. Кеште бес негізгі аталым бо­йын­ша сынға түскен үміткерлер арасынан Гран-при және Президент кубогын иеленген талантты жас­тар марапатталды.

Елордамыздың 20 жыл­ды­ғына арналған фести­валь­дің жабылу салтанаты Бейбітшілік және келісім сарайында өтті.

Өнер әлеміндегі да­рын­ды жастар үшін үл­кен сах­наға жол ашатын – «Ша­быт» фестивалі би­ыл классикалық музыка, халық музыкасы, эстрадалық вокал, хореография және жур­налистика бо­йын­ша үздік­терді таңдаған болатын.

«Журналистика» аталы­мы бойынша тележурналист Нартай Арал­байұлы бас жүлдеге ие болды. Ақи­қаттың ақ-қарасын са­па­лы сараптап, өзіндік сти­лімен де, сөз саптау мә­не­рімен де көрерменнің ыс­тық ықыласына бөленген жүргізуші көпшілікке «Мә­селе» бағдарламасымен танымал.

Айта кетейік, «Журна­листика» аталымы 6 жылғы үзілістен кейін қайта қосы­лып отыр.

«Халық музыкасы» аталымы биыл 3 секцияға бө­лінді. «Үздік қылқобызшы» – Шолпан Шарапатова атанса, «Шертер, бас шертер» бойын­ша Әділжан Годжанов, «Прима-қобыз» бойынша Айым Мейірханова Гран-при иеленді.

«Хореография» аталымы бойынша елімізді әлемдік аренада танытып жүрген «Наз» мемлекеттік би театры жеңіске жетті.

Мейіржан Кеңесбаев, Айя Ғаббасова, Леонид Мы­совский және Бағжан Есір­кептің шекті квартеті – «Классикалық музыка» аталымының «үздік «каме­ралық ансамблі» болып танылса, «Соқпалы аспаптар» бойынша Гран-при Арыстан Әбілдинге бұйырды.

«Эстрадалық вокал» аталымы бойынша астаналық Ахмет Сұлтанға тең келер әнші болмады.

XXI «Шабыт» халық­ара­лық шығармашыл жастар фестивалінің ең бас­ты жүл­десі – Президент кубогына гобоишы Ислам Әлиев ие болды. Сонымен қатар ол «Классикалық музыка: ағаш үрмелі аспаптар» аталымында үздік деп танылған болатын. 

Президент кубогын та­быстаған Астана қала­сы әкімінің орынбасары Ер­мек Аманшаев: «Бұл фес­ти­вальдың сапасы жылдан-жылға артып, еліміздегі мәдени брендке айналып жатыр. Биыл әлемнің 10 елі­нің талантты жастары елордада бас қосты. Қазылар алқа­сының құрамында 15 елден келген көрнекті мәдениет өкілдері бар. Барлық қолдау көрсетушілерге алғыс біл­діремін», деді.

Халықаралық өнер бай­қауының жеңімпаздары ақшалай сыйлықтармен және «Шабыт» фестивалінің дипломдарымен марапатталды.

Қарлығаш ҚҰРАМЫС,

«Егемен Қазақстан»

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Жаңғырық жайлы хикая

Руханият • Кеше

Қаламның қарагері

Руханият • Кеше

Дәстүр білген адаспас

Руханият • Кеше

Ұқсас жаңалықтар