Аймақтар • 12 Қараша, 2018

Атырау облысында жыл соңына дейін 30 әлеуметтік нысан іске қосылады

412 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте өңірдегі әлеуметтік нысандар құрылысының басым бағыттарын атап өтті.

Атырау облысында жыл соңына дейін 30 әлеуметтік нысан іске қосылады

Өңір басшысы «Мемлекет Басшысының Жолдауын іске асыру аясында 2018 жылдың 9 айындағы Атырау облысының әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары» тақырыбында сөз сөйледі.

Оның айтуынша, биыл Атырау облысында 13 нысан пайдалануға берілді: 724 орындық 2 мектеп, 1000 орындық 5 балабақша, 600 орындық 2 мәдениет үйі, 1 денсаулық сақтау нысаны, 480 орындық 2 дене шынықтыру-сауықтыру кешені және 100 орындық 1 жатақхана.

- Жыл соңына дейін жалпы алғанда 30 әлеуметтік нысанның құрылысын аяқтау жоспарлануда: 1244 орындық 6 мектеп, 1960 орындық 10 балабақша, 700 орындық 3 мәдениет үйі, 4 денсаулық сақтау нысаны, 70 орындық 2 дене шынықтыру-сауықтыру кешені, қаладан шығатын жолдарда 4 стационарлық көлік полиция бекеті және мамандандырылған ХҚКО, - деді Нұрлан Ноғаев.

Атырау облысының әкімі айтып өткендей, келесі жылы 28 әлеуметтік нысанның құрылысы аяқталады: 3264 орындық 7 мектеп, 850 орындық 3 балабақша, 1200 орындық 5 мәдениет үйі, 3 денсаулық сақтау нысаны, 123 орындық 2 дене шынықтыру-сауықтыру кешені, 450 орындық 3 жатақхана, 1 колледж, 1 лицей, оқушылар мен жастар сарайы, Құлсары қаласындағы кітапхана мен мұражай.

Сондай-ақ, Нұрлан Ноғаевтың айтуынша, Мемлекет Басшысының «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында көрсетілген міндеттерді іске асыру жұмыстары Атырау облысында бекітілген кесте бойынша жүргізілуде. Жалпы 127 маңызды іс-шаралар өткізу жоспарлануда, оның ішінде: 5 халықаралық, 2 республикалық, 75 облыстық, 45 қалалық және аудандық ауқымдағы іс-шаралар бар.