Экономикалық негізі мығым елге тұрақтылықпен бірге дамуға ықпал туғызатын жағдай жасау қазір басты мақсатымыз болып отыр. Ауқымды өзгерістердің қарқынын төмендетпеу үшін билік тармақтарының өкілеттіктерін қайта бөлу бойынша Елбасының бастамасымен Конституцияға және заңдарға оңтайлы өзгерістер енгізілген болатын. Саяси реформаның нәтижесінде Үкіметке, министрліктерге және әкімдіктерге әлеуметтік-экономикалық үрдістерді реттеудегі біршама өкілеттіктер берілгеннен кейін биліктің атқарушы тармағының шешім қабылдау жылдамдығы мен жауапкершілігі арта түсті. Осы орайда мемлекеттік аппараттың кәсібилігін арттыру маңыздылығы алдыңғы қатарға шықты.
«Мемлекеттік қызметтің жағдайы туралы» Ұлттық баяндамада көрсетілгендей, Қазақстанның мемлекеттік қызметі реформасының нәтижесінде транспарентті және есеп беретін мемлекет қалыптасып, кәсіби мемлекеттік аппарат құрылды, құқық үстемдігі мен жазаның бұлтартпастығы қамтамасыз етілді. Кәсіби мемлекеттік аппаратты құру үшін мемлекеттік қызмет меритократия, прагматизм және адалдыққа сүйенген мансаптық модельге көшірілді. Мемлекеттік қызметке кәсібилігі жоғары мамандарды тарту және жұмыс істеп жүрген мемлекеттік қызметшілердің уәждемесін арттыру мақсатында жаңа еңбекақы төлеу жүйесі қолдана бастады, оның алғашқы оң нәтижелерін Елбасы өз баяндамасында атап өтті. Айта кететін жайт, еңбекақының 2-2,5 есе өсуі мемлекеттік органның өз бюджеті есебінен жүргізіліп жатыр. Яғни ол қосымша қаржыға сүйенбей, ішкі резервтердің негізінде жүргізіледі. Мысалы, мемқызметшілердің функционалды міндеттерін қайта қарау негізінде штаттық кестені оңтайландыру, мемлекеттік органға тән емес жұмыстарды нарыққа беру үрдісін жалғастыру, мемлекеттік органның қарамағындағы мекемелерді қысқарту немесе нарыққа беру, басшының қарамағында кемінде 10 қызметшіден аз болмау, бар вакансияларды қысқарту және тағы басқалары.
Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі өзіне функционалды талдау жүргізгеннен кейін артық құрылымдар және басшылық лауазымдардың қысқартылуы есебінен қызметкерлер жалақысын 2-2,5 есеге дейін көтеруге мүмкіндік алды. Цифрландыру негізіндегі кадрларды басқару, мемлекеттік сатып алу, құқықтық қызметтер орталықтандырылып, келешекте 4600 қызметкер қысқарып, жылына 5,5 млрд теңге үнемделеді деп күтіліп отыр. Қазірдің өзінде мемлекеттік органдар өз жұмыстарына баға беріп, нәтижелілігі төмен үрдістерден және тиімділігі төмен материалдық ресурстардан бас тарту жолдарын анықтап алғаны жөн. Жергілікті жерлерде мемлекеттік немесе жергілікті бюджеттен қаржыланатын жылжымайтын мүлік саны көп, онда жұмыс істеп жатқан қызметкерлерді бір ғимаратқа жайғастырудың өзі көп қаржыны үнемдейтіні анық.
Елбасы Жолдауда мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін түбегейлі арттыру керектігін нақтылап айтты. Мемлекет пен қоғам арасындағы алшақтықтың қысқаруы мемқызметшілердің халыққа сапалы қызмет көрсетуінің бірден-бір көрсеткіші екенін ескертті. Мұны ашықтық негізінде кері байланыс орнатып, халықтың мәселелерін дер кезінде және сапалы түрде шешу, мемлекетімізді көркейту деп түсіну керек.
Стратегиялық мемлекеттік қызметті құру жолында Қазақстан Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы уәкілетті органмен бірлесіп біршама жұмыстар атқарып келеді. Атап айтқанда: тәжірибеге бағдарланған оқу бағдарламалары бекітіліп, мемлекеттік қызметшілердің құзыреттілігін арттыруға бағытталған пәндер енгізілді, шетел университеттерін бітірген және мемлекеттік қызметте көп жылғы еңбек өтілі бар, үш тілді еркін меңгерген мамандар дәріс беруге тартыла бастады, академия «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасына енген жалғыз жоғары оқу орны болып материалдық-ресурстық базасын жаңартты, оқуға қабылдау үрдісі мемлекеттік органдар мен мемлекеттік қызметшілердің сұранысына бейімделіп, ашықтық қағидатына негізделіп жүргізілді, академияның білім беру жүйесі облыс орталықтарында жаңадан бой көтерген филиалдарға таратылып, аймақтардағы білім беру сапасы жоғарылатылды. Елбасының Мемлекеттік басқару академиясында Назарбаев Университетпен бірлесіп, «Жаңа формацияның басшысы» арнайы қайта даярлау оқу бағдарламасын жүргізу туралы тапсырмасы уақтылы және сапалы түрде орындалады.
Президенттің мемлекеттік қызметшілерге жасап жатқан әлеуметтік, экономикалық қолдаулары негізінде жаңа белестерді бағындыруға бізде толық мүмкіндік бар.
Ерлан ӘБІЛ,
Қазақстан Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Басқару институтының директоры