Театр • 13 Қараша, 2018

Жастар театрының отыз күндік өнер сапары

502 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Еліміздің Орталық және Оңтүстік өңірлерін үздік қойылымдарымен аралаған Астана қаласының Жастар театры отыз күндік өнер сапарынан оралды. 

Жастар театрының отыз күндік өнер сапары

Елордамыздың 20 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған Қа­зақстан өңірлеріндегі Астананың мә­де­ниет күндері аясында Алма­ты, Шым­кент, Тараз, Балқаш, Қара­ғанды қа­ла­ларында өткен гастроль­дік сапар қыр­күйек айының 20-сы мен қазанның 16-сына дейін жал­ғасты. Гастроль бағ­дарламасына театр репертуарындағы ең үздік қойы­лымдар іріктеліп алынып, өңір көрермендерін қуантты. Атап ай­тар болсақ, Б.Соқпақбаевтың «...Көзіме бір көрінсең, бала ғашық...» сахналық повесі, У.Шекспирдің «Асауға тұсау» комедиясы, М.Леви­дің «Жер мен көктің арасы»­ мелодрамасы, Ж.П.Пило, О.Шуль­тездің «Моцарт» мюзиклі, Н.Жақып­байдың «Жанарымдағы жалғыз әуен» музыкалық қойылымы, Ғ.Мүсі­реповтің «Жібек» спектаклі және балдырғандарға арналған Ю.Алесиннің «Золушка» музыкалық ертегісі Орталық және Оңтүстік өңірдің қала­лары көрермендері мен шаһар қонақ­тарының толассыз қошеметі мен ыстық ықы­ласына бөленіп қайтты. 

Астананың 20 жылдығына арнал­ған гастрольдік сапар бағдарламасы аясында Әулиеата өңірі – көне Тараз шаһарында драматург Болат Бекжановтың «Өмір» драмасының тұсауы кесіліп, тұңғыш рет тараздық көрермен назарына ұсынылды. Ұлт ертеңі мен ұрпақ арасындағы нәзік тін – тек пен тамыр мәселесіне те­рең үңілтіп, заманның запыранға толы ащы шындығын суреттейтін қойылымның көрермен кө­ңілін қозғап, сезімін сілкінткені сөзсіз. 

Айта кетейік, «Жібек» мюзиклі 22 маусым мен 9 шілде аралығында Оң­түс­тік Кореяның мәдени астанасы Дегу қаласында өткен ХІІ­ Дэгу Халықаралық мюзикл фес­ти­валінің (Dimf – daegu international musical festival) арнайы шақыртуына ие болып, фестиваль төрінде өнер көрсетті. Мюзикл жанры дамыған Франция, Ұлыбритания, Қытай, Корея, Тайвань, Чехия, Ресей сынды ірі мемлекеттермен иық тірестіре өнер көрсету жас ұжым үшін үлкен мәртебе ғана емес, тең­дессіз тәжірибе де болғаны сөз­сіз. Қазақ елінің көк туын жел­біретіп, ұлттық клас­сикалық төл туындымызды әлемдік аренада жаһан көрермендері назарына ұсынып, фестивальдің «Арнайы дипломымен» марапатталды.

Сонымен қатар осы жылдың қыр­­күйек айында Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдас­ты­руымен өткен елордамыз – Ас­­тан­а қаласының 20 жылдық ме­­рей­тойы және көрнекті театр актері, режиссер, Қазақстанның халық әртісі Р.Сейтметовтің 80 жылдығына арналған Қазақстан драма театрлары фестивалінде де дәл осы «Жібек» мюзиклімен бақ сынап, сахна сарапшылары мен көрермен қауымның қошеметіне бөленіп, «Үздік қойылым» аталымында топ жарып, фес­тивальдың бас жүлдесін қанжығасына байлады.

Өткен маусымның жаңалығына айнал­ған аталған қойылым Жас­тар театрының жылашар бағдарл­а­масын да жандандырып, ұзақ уақыт үзілістен соң сағыныса қауышар талғампаз көрерменін тек қана мәр­тебелі театр өнері сыйлар рухани ләз­затқа кенелтетіне сенеміз. Ен­деше, театрға асығыңыз! 

Назерке ЖҰМАБАЙ, 

«Егемен Қазақстан»