Өнер • 13 Қараша, 2018

Бабадан қалған байрағын жырдың көтеріп

286 реткөрсетілді

Көкшетауда «Ел бірлігі» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен аймақтық жас ақындар айтысы өтті. Жыр сайысында Көкшетаудағы Көкен Шәкеев атындағы ақындар мектебі мен  Қызылжардағы Ерік Асқаров атындағы ақындар орталығының шәкірттері өзара бақ сынасты. Шара мүшәйра және айтыс аталымдарынан тұрды. 

Айтыс өнерінің ақтаңгері Көкен Шәкеев атындағы ақындар мектебі­нің атынан жыр додасына Сая Тұрсын­бекқызы, Думан Самат, Ерден Нұрахмет, Абзал Жұмабек қатысса, Ерік Асқаров атындағы ақындар орталығынан Диас Аяған, Дәулет Құрмаш, Сара Құлахмет және Ақан сері атындағы мәдениет кол­леджінен Бағзор Ерболқызы өз өнер­лерін ортаға салды. Төрт жұп болып ай­тыс­қан өрімдей жастардың өнерге де­ген құлшынысы жеңіске деген ұмы­тылысымен ұштасып, тыңдарманды қуант­ты.

Сахнада өз өнерін ортаға салған жас­тар да сүйегіне сөз сіңген, талабынан үміт күттіретін деңгейде екен. Аламан бол­ған соң алуан-алуан жүйріктің әліне қарай шабатыны да рас. Бұл жолы да бір қайнауы ішінде, шикіліктер де көзге көрініп тұрды. Бәлкім дайындықтың аздығы ма, жоқ әлде, тәжірибенің жұ­таңдығынан ба әйтеуір жеке басқа тиі­су, сынап-мінеу, тіпті шамданып, ашу шақырып, айтар сөзін ұмытып жат­қандар да кездесіп жатты. Мұны албырт жастықтың қызуы деп түйсіндік. Ал айтыскерлердің сахнада өзін-өзі ұстауы, ұлттық киімдері, мақамы келісті болды. Әсіресе қызылжарлық Дәулет Құрмаштың тапқырлығы мен орынды әзілі, ұтымды ұйқастары жырсүйер қауымды тәнті етті. Алқалы топтың алдында өнер көрсету оңай емес. Жүздеген көрерменге не айтамын, қандай мәселе қозғаймын деген көкейдегі келісті оймен шықпасаң, сөзден тосылып, табан астында сөз тауып айта алмауың әбден мүмкін. Қыз бен жігіт айтысының үл­гісін көрсеткендердің қатарында Дәулет Құрмаш пен Бағзор Ерболқызы бар. Бағ­зордың: «Алдарыңа ақын қызың келіп қалды, Сара мен Қыз Жібектің жал­ғасындай» деген сөзіне, Дәулеттің: «Жібектің жалғасымын деп отыр ғой, Төлегендей бриллианттың бүтінімін» деген жауабы үйлесе кетті.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, мү­шәйра және айтыс аталымдарына бөлін­ген сөз додасы бойынша сайысқа жас ақын­дар кезектесіп шығып отырды. Олар­дың арасында мектеп оқушылары да бар. Ермек Жүмин жүрекжарды жырын оқыса, Жансая Жұмабекова кербез Көкшетауды өлеңіне арқау ет­кен.  Бала ақынның «Сарыарқа – жүзік­­тей, Көкшетау – гауһары» деген өлең жолдары әдемі өрілген.  Өзінің жыр шумақтарын оқыған Көкен ата мек­те­бінің оқушылары Қарашаш Ұғы­лан,­ Дамир Бақытжан және Ерік ақын ор­та­­лығының шәкірттері Жарқанат Қи­наухан, Абылайхан Әшім­хан­­­ұлының да­ өлеңдері де көптің көңілі­нен шықты. 

Мүшәйрада жүлделі үшінші орынды Ермек Жұмкей, екінші орынды Жарқанат Қинаухан иеленді. Жансая Жұмабекова жүлделі бірінші орынды қанжығасына байлады. Ал айтыс аталымы бойынша үшінші орынға Думан Самат, екінші орынға Абзал Жұмабек лайық деп танылды. Ал сөз саптауы мен суырыпсалмалық қабілетімен көп ішінен дараланған жас дарын қызыл­жарлық Дәулет Құрмаш бас жүлдені ие­ленді. Айтыс пен мүшәйрада бағын сы­наған барлық жас ақындарға Алғыс хаттар мен «Ел бірлігі» қоғамдық бірлестігі аты­нан ұлттық нақыштағы сыйлықтар тарту етілді. 

Байқал БАЙӘДІЛ,

«Егемен Қазақстан» 

Ақмола облысы

Соңғы жаңалықтар

Күлкі керуені № 20

Руханият • Кеше

Халің қалай, Қостанай?

Аймақтар • Кеше

«Йокериттен» жеңілді

Хоккей • Кеше

Ұқсас жаңалықтар