24 Ақпан, 2010

ПАРЫЗ БЕН ҚАРЫЗ

1308 рет
көрсетілді
38 мин
оқу үшін
Қазағын оятып, қалғытпаған Алаш арысы аруағын ардақтауға байланысты атқарылатын іс әлі ауқымды. Биылғы жыл рухани уызды да мол мәйекті жыл болғалы тұр. Мәуесі үзілердей, жемісі таңдайға татитындай, сірә. Миымызды біліммен, іліммен жаңғыртуға дәмеліміз. Тілеуімізді бергей. Иықтастырылып төрт бірдей мерейтойдың шырағы жанбақшы.Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 2009 жылғы 4 наурыздағы №31-і өкімімен бекітілген 2009-2011 жылдары республикалық деңгейде өткізілетін мерейтойлар мен атаулы күндердің тізбесіне жүгінсек, биыл Ш. Уәлиханов пен Г.Н. Потаниннің – 175, М. Дулатовтың – 125, ал Б. Момышұлының 100 жылдықтары аталып өтпекші. Қуанышты, әрине. Ғылымымыз бен әдебиетіміздің қалыптасып, дамуына орасан зор үлес қосқан тұлғалардың, сондай-ақ Отан қорғаудың ерен үлгісін паш еткен біртуар батырдың мерейтойын халқымыз боп атап өтуден асқан бақыт, шаттық болар ма? Бұл құжат бойынша келер жылдың да төбелі тойлары қыр астынан қылтиятындай. Атап айтсақ, Д. Нұрпейісованың – 150 және Қ. Аманжоловтың 100 жылдығы аталмақ. Ең зоры – тәжірибе бар, қысылыс жоқ. Тәуелсіздіктің арқасында қолда барды қадірлей білетін намыс оянды. Ұлттық мақтаныш­тарымызды уақытылы, орынды дәріптей білсек, алғы дәуірлер тынысы да кең ашылатыны түсінікті. Ертеңсіз бүгін жоқтың жарқын мысалындай. Осы өлшемге салсақ, былтырғы жо­ғары талғаммен өткізілген төрт мерейтой : Біржан сал Қожа­ғұлұлының – 175, К. Әзірбаев­тың – 125, Ғ. Құрманғалиев пен Ә. Тәжі­баев­тың – 100 жылдық­тары поэзия мен өнердің қайталанбас қызығын еселеген есте қаларлық оқиға санатынан саналады. Асылдарын ардақтай білген халық өнеге өміршеңдігімен де бедел-абыройын үстемелейтіні белгілі. Қазақ елі жыл бойына ән мен күйге, сөз маржанының кұдіретіне малы­нып, сергек сезіммен ажарланып тұрғандай күй кешіп, еңселене түсті. Бұл да болса, рухани өре­ліліктің белгісі ғой. Тәуелсіз елге тән тектілік, мінез десек, әбден жарасады. Лайым, солай болғай. Той тойлағанда, құр әншейін тойшыл дақпырттан аулақтанып, ойшыл бола бастағанымыздың нәтижесі де жетерлік. Бірақ енді салыстырмалы түрде айтсақ, көңілде бір түйткіл бар. Әлде ағаттық, әлде байыбына терең бойламау ма? Қисынын ажырату қиындау. Әйтеуір, Үкімет назарына іліксе екен дейміз. М. Дулатовтың мерейтойын бекіткен Үкімет қаулысымен танысқан Гүлнәр Міржақыпқызының да көңілі дауыл соққандай алай-түлей. Биыл 95 жасқа келетін кейуананы абыржытқан не нәрсе? Қаулыда көрсетілген іс-шаралардың орындалуына жауаптылар тізімі түзілгенде, өткені бар, өтетіні бар тойларға бірқатар министрліктермен бірге тұлғаның туған облыстары, тіпті кейде өзге басқару аймақтары, сондай-ақ ірі қалалардың әкімдіктері міндеттелген екен. Ал Міржақыптың тұсындағы белгі тек қана – Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Білім және ғылым министр­лігін айқындап тұр. – Сонда қалай, Міржақып әкем туған Қостанай облысы бұл атаулы датадан сыртқары қалмақшы ма?– деп бізге жәудірей қарайды Гүлнәр апай. – Неге өзгелерінің облыстары, қалалары атап көрсетілген де, орындалуына жауаптылар дәл менің әкеме қатысты тұсында шектеліп қалған? Туған облысы жоқтай әсер қалдырмай ма, өзі? Апайды да түсінуге болар. Мұндай шек­теудің жай-жапсарын біз де толық тұспалдай алмадық. Бөліп-жарудан аулақпыз, мысал үшін айтайық, Г.Н. Потаниннің тойына жоғарыда келтірілген қос министрлікпен қатар, Павлодар облысының әкімі де міндеттелген. Кереку­ліктерге қызғаныш жоқ. Дегенмен осы тұста Қостанай обысы әкімінің намысы неге қай­ралмайды екен деген орынды сұрақ туын­дайды. Үкімет қаулысының оларға да жетіп жатқаны бесенеден белгілі емес пе? Жә, артық нығырлап қайтеміз. Мүмкін әлгі қос министрліктен түскен төте жарлық немесе нақты міндеттеу төменгі аймақтарда – Міржақыптың туған жерінде күшіне еніп, мерейтойды дайындап, өткізуге мұрындық болар деп ойлаймыз. Сондай қынулы сәттерде облыс шенеуніктері де тасада қалмас деп сабамызға түсер едік. Әйтсе де әлдебір түртпесе қыңбайтындар “бізге міндеттелмеген” деп, томағасын сыпыртпай қойса қайтерсің? Күдік алғаннан соң ғой, көңілдегі кірбіңді жібітіп отырғанымыз. Гүлнәр апай осы түйткілдер жөнінде пысықтап алу мақсатымен Үкіметке өтініш-хат жолдамаққа бекінгенін жасырмады. Кәрі жүрек қалауын қалай шегерерсіз... Біздіңше, Қостанай облысының әкіміне де өтініш арнаса, артық болмайтындай. Себебі, М. Дулатовтың туғанына 125 жыл толуына байланыстырып атқаратын қаншама қыруар шаруалар бар десеңізші. Алдымен, Карелиядан 1992 жылы мүрдесі әкелініп, қайта жерленген Жангелдин ауданындағы Бидайық елді мекеніндегі кесенесі мен мұражайын күрделі жөндеуден өткізу қажет секілді. Рас, анабір жылдары жеңіл жаңғыртылған, бірақ онша көңілдегідей болмады. Мұражайы қыста жылытылмағандықтан, жинақталған құжаттар бүлініп кеткелі тұр. Аумағы шағын саябақ та күтімсіздіктен қуарып біткен. Бір кездері шаруашылығы шалқыған үлкен кеңшардың орта­лығында үш жүзден астам отбасы мекен­десе, бүгінде соның отыз шақтысы қалған. Ауыз су тапшылығы қинайды. Жарық біраз үзілістен соң әйтеуір Дулатовтың 120 жылдығы қарсаңында қайыра жанған еді. Жол мәселесі де күн тәртібінен түспей келеді. Алақандай ауылдың тұрғындарына медициналық бастапқы көмек тіпті ойласты­рыл­маған. Бас ауырып, балтыр сыздаса 160 шақы­рымдағы аудан орталығына жету қиямет-қайым. Осындай зәру жағдаяттардың шешімі бір орайласса, даңқты перзенттерінің мерейтойы тұ­сын­да сәтімен тиянақталар еді-ау. Осы ретте үлгі-өнегеге сайып, бір мысал ұштығын шығарайық. Жақсы жаңалық жерде жатпайды. Алматы облысының әкімі жуырда ғана М. Мақатаевтың туған ауылы Қарасазға барып, ақынның келесі жылғы 80 жылдық тойына күні­бұрын әзірлікті бастап кеп жі­беріпті. Мұқағалидың мұ­ражайын түбірімен жаң­ғыртып, ауылдың тұрмыс­тық-әл­еуметтік бей­несін жаңа за­ман тала­бына сай өзгерту мақсатымен “Жол картасы” бағдарламасының қаржысын құймақ көрінеді. Міне, ақынын іздеген ізетті әкім осындай-ақ болар. Елінің қамына қамығатын, халқының жарқын болашағын рухани игіліктермен әдіптей білетін, ұлттың ұлы мақтаныштарын дә­ріптеуге ділмарлық жасамайтын басшы бас­та­масы өзге аймақтағы әріптестеріне ой тастаса игі еді. Жангелдин ауданының орталығы Торғай кентінде бес-алты мұражай бар. Солардың бірегейі А.Байтұрсынов пен М. Дулатов әдеби-мемориалдық мұражайы. Бұған да жаңғырту жұмыстары жүргізілмегеніне не заман. Кей тұсынан тамшы білінеді. Жәдігерлерді жарқырата жайып қоятын орын тапшы. Баяғы Ғафу Қайырбеков жырлап, “ашық аспан астындағы мұражайлар мекені” деп Торғайға баға бергеніндей, расында да Шақшақ Жәнібек, Ә. Жангелдин, Н. Ахметбеков, т.б. мұражайлар кешені орналасқан кентті осы саланың жанашырлары қамқорлыққа алғаны жөн-ақ. Ақыры, осы мәселе қозғалған екен, Қостанай облысында рухани байлықтың мұндай көмбесіне керги қарайтын мінез қалыптасқаны байқалады. Қостанай қаласынан Б. Майлинге мұражай ашу жөнінде классик мұрасын зерттеуші Т. Бейісқұловтан, бертінде халық жазушысы Ә. Нұршайықовтан облыс әкіміне қаншама өтініш хаттар түскенімен, сол баяғы жартас бір жартас. Мәселе мызғымай тұр. Бұл өңірдің халықтық сипаттағы танымал тарлан таланттары С. Көбеев, С. Қожамқұлов, І. Омаров, Қ. Бадыров, С. Мәу­ленов, Ғ. Қайырбеков сияқты марқасқалардың әрқайсысына мұражай ашса да, көптік етпес еді. Бірақ та бір батыл бастаушысы болмай тұрғаны. Ұлттық парыз бен намыс әлсірегендей ме? Астана қаласының 10 жылдығына тарту ретінде алматылықтар Жамбылдың, ақтөбеліктер Әлияның, тараздықтар Бауыржанның ескерткіштерін елорда төрінде мақтанышпен орнатқанда, қостанайлықтар үш бұрышты брезент кермеден күнқағар жасап, концерттік алаң құрып бердік деп, даурыққаны әлі есте. Сол кезде мерекемен астастырып ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың немесе Міржақып Дулатовтың ескерткіштерін қасқайтып әкеп қоюға болар еді ғой. Кім қолын қағар еді әкімнің?! Өндірістік көрсеткіштермен өзекті талдырмаған дұрыс-ақ, одан да өткіні – рухани бай мұрамызды қалтарыста қалдырмағанымыз тіптен артық емес пе? Облыста ірілі-ұсақты қаншама театрлар бар. Солардың бірінде, М. Дулатовтың “Балқия” пьесасы неге сахналанбайды? Тіпті бір театрға есімін берсе, артық па? Бір тәлімді жағы – көшелері көбейіп келе жатыр. Алматы мен Астанада, Қостанай мен Арқалықта дегендей. Бір өкініштісі, Арқалықтағы көшесі құлатылған № 9 шағын ауданмен бірге өшті. Оны жаңғыртып атау ойластырылмағандай. Ал Астанадағысының ұзындығы 4 шақырымдай. Әңгіме оның ұзын-қысқасында емес. Иесінің рухы сезіліп, болмысы көрініп жатса игі. Ал мұнда, яғни көшеде Дулатовқа қатысты бір белгі, дерек жоқ. Кім екенін бөгде кісі бал ашып біле ме? Көше басына толық мәліметін жазып қойса, сол аңдатпадан мол сыр ұғылар еді-ау! Міржақыптың жетінші атасы Мадияр Жауғаштыұлы туралы “Егемен Қазақстанда” (29.07.2009) танымдық мақала жариялап едік. Сол түрткі болып Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне жерленген баба есімі Әзірет-Сұлтан мұражайындағы тақтаға қашалып жазылды. Енді Міржақып мерейтойы тұсында 1723 жылы “ақтабан шұбырындыда” халқын жаудан аман алып шығып, әуелі Ұлытауға қоныс аударып, кейін Торғай өңіріне келіп өмірінің соңына дейін Сарықопа, Қызбел бойын тұрақты мекен еткен (1726 жылы Ордабасыда үш жүздің бас қосқан жиынына қатысқан ол 1735 жылы қартайып өз ажалынан қайтыс болады) баба­мызға арнап сол қасиетті өлкеде ас берілсе деген тілегіміз және бар. Міржақыптың кіндік қаны тамған жер қазіргі Қызбел ауылында да ме­рейтой аясында біраз тәлімді істер атқаруға болар еді. Алаш ардақтысына осындағы есімі берілген орта мектепте Міржақып оқуларын өткізсе, оның бірте-бірте шеңберін кеңейтіп жоғары оқу орындарында да орнығуы қам­та­масыз етілсе. Мектеп мұра­жайының жәдігерлері қайта сұрыпталып, толық­тырылса деген пікір бар. Үйренерлік істі атасақ, бұл ауылға Венгрия ма­диярлары жиі ат ізін салып, көмегін жасап тұрады. “Ма­дияр” мешітін салып беріп, түрлі спорттық, қос ұлттың дәстүрлі ойындарын ұйым­дастырды. Тарихи-этногра­фиялық конференция өт­кізіп, халықтар бірлігін нығайтуға дәнекер бола білді. Сонымен бірге олар мұндай достық рәуішті кездесулерді ал­да­ғы уақытта да жалғас­тыра­тынына сенім білдірді. Мүмкін, биылғы белесті жылы да өзгеше қырынан белсенділік танытып қалар. Бізде, жасыратыны жоқ, мерейтойға байланыстырылып қана үдемелі іс-әрекет істеледі де, іле бәрін есімізден тарс шығарып аламыз. Жүйелі іс қана берекелі болмақ. Міржақып ауылына жасалатын қамқорлық туралы әр кезеңде жарысып жарылқамақ болды. Өкініштісі сол, ұмтылыс– ұмытшақтыққа тірелді. Биыл не істемек керек? Іс-шара аясында М. Дулатов туралы естеліктер жинағын шығару қолға алынса. Оның көптомдығын әзірлеуге (5 томдығы бар – Қ.Ә.) кірісетін уақыт келген секілді. “Міржақыптану” ғылыми-зерттеу орталығы ашылса. Оқырмандар тілегі ескеріліп, Астанадан “Оян, қазақ!” атты мектепаралық кітапхана жұмысын бастаса, жас ұрпақтар тәрбиесін ширатуға ықпал етер еді. Туған ауылындағы кітапхана қорын толықтыру тұрғысынан да ұсыныстар бар. “Міржақып жүрген ізбенен” экспедициялық жорығы ұйымдастырылса, қаншама беймәлім деректерге қанық болар едік. Ел ішін былай қойғанда, табаны тиген сырт жерде – Санкт-Петербург, Омбы, Орынбор, Уфа, Ташкент, Қазан, Минск, Мәскеу, т.б. шаһарларда алаш арысына қатысты тұнған сыр жеткілікті екені мәлім. Демеушілер табылып жатса, осы бір абыройлы іске жұмылғалы тұрғандар жинақы отырғанын еске саламыз. Осындайда М. Дулатов атындағы қор ашылса, иықтағы біраз жүк сырғыр еді деген ойдамыз. Сөз орайы келгенде айта кетейік, Қостанай облысы Қамысты ауданының әкімі Бақберген Өтеулин даңқты Міржақып атасының туған жеріне кіреберістегі қара жолдың бойына ескерткіш белгі орнатып, азаматтық көрсетті. Мадияр Жауғаштыұлының есімін Түркістанға қашап жаздырған да сол. Арқалық қаласында тұратын тағы бір ұрпағы Бәйгерей Балғаұлы жыл сайын М. Дулатовты еске түсіру жөнінен спорттық турнирлер өткізіп келеді. Ал Құрманғазы Жанділдиннің де көмегі өзінше. Бұл азаматтар биылғы жылы да меценаттық қырынан жарқырап көрінер деген сенімдеміз. Деректі фильмдер түсірудің шебері Х. Омаровтың Міржақыпқа қатысты шынайы дүниелері баршылық. Бірақ соларды қалың жұрт толық біле бермейді. Теледидарларда аракідік жылт еткені болмаса, назарға ұдайы ұсы­ныл­майды. Естуімізше, оның шығармашылық жоспарында Міржақыпқа қатысты әлі де құнды тақырыптар басым екен. Солар көрермендердің көзайымына айналып жатса, құба-құп. Міржақыпқа қатысты еңбектерде кейде деректі көпе-көрінеу бұрмалап, оқырманды шатастыру фактілері де кездесіп қалады. Мысалы, 2005 жылы “Жалын” баспасынан шыққан “Жүз тұңғыш” атты қос кітаптың екіншісінде Міржақыпты Қазбек ауылында туған деп жазған. Дұрысы – Қызбел ауылы. Оның мәйіті 1992 жылдың қазан айында әкелініп қайта жерленді деп көрсетілген. Дұрысы – қыркүйек айы болатын. Осылайша ұңғи түссек, басқа да жарияланымдардан ағаттық ізі байқалады. Аз айтсақ та, көп айтсақ та, діттегеніміз – Міржақып Дулатовтың 125 жылдық мерейтойын ұрпаққа үлгі-өнеге боларлықтай етіп, ұлттық мақтанышымыздың ғасырдан астам бұрын айтып кеткен ұлағатының бүгінгі тәуел­сіз­дігімізге де молынан қызмет жасап жатқанын саралап көрсетіп дегендей, жоғары деңгейде ұлықтап өткізсек, Алаш арысы алдындағы парыз бен қарызымыз сәл де болса өтелер еді-ау! Қайсар ӘЛІМ. ЖОҒАЛЫП КЕТКЕН МЕКТЕП Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: “Біз білім-ғылым саласында бәсекеге қабілетті болмасақ, өз мақсатымызға жете алмаймыз. Барлығы мектептен, ал Қазақстан үшін ауыл мектебінен басталады”, – деген еді. Сол қияндағы ауыл мектебінің жайын ел газеті “Егемен Қазақстан” арқылы тиісті орын­дарға хабардар етсек деп, осы жанай­қайымызды жолдап отырмыз. Берекесі мен бірлігі жарасқан кішкентай ғана Шығыс Қазақстан облысы, Аягөз ауданы, Қарағаш ауы­лында Жамбыл Жабаев атын­дағы орта мектеп балаларымызға көп жылдан бері білім беріп келе жатыр еді. Оқу сапасы бойынша аудан көлемінде алдыңғы орында екенін де еске сала кетсек дейміз. Сол ұядан қырандай түлеп ұшқан түлектеріміз елімізді дамытуға өз үлестерін қосып жүр. Осы білім ордасының ғимараты тозығы жетіп тұрғандықтан Елбасымыздың “100 мектеп, 100 аурухана” бағдарла­масы аясында салынатын құрылыс жоспарына енген еді. 2008 жылы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігіне Рес­публикалық бюджеттік комиссия 180 орындық Ж.Жабаев атындағы мектептің жаңа құрылысын салу үшін республикалық бюджеттен 223,614 млн. теңге қаржы бөлу туралы ұсыныс енгізді (ҚР БҒМ 2009 жылғы 28 тамыздағы № 3652-21804-Д/08-4-хаты). Осы жақсы­лықты естігенде төбеміз көкке бір елі жетпей қалып еді. Бірақ артынан қуанышымыз су сепкендей ба­сылды. Себебі, біздің мектепке деген қаржы көрші Ақши ауылына ауыстырылады да, салынуға тиіс Ж.Жабаев атындағы мектептің жаңа ғимаратының ақшасы ай мен күннің аманында осылай жоғалып тынады. Бұған кім кінәлі екенін қиянда жатқан ауыл тұрғындары көз жеткізе алмай дал болуда. Ол аздай іс басында жүргендер биыл Ж.Жабаев мектебін жауып, 150 оқушыны көрші ауылдағы мектепке көлікпен тасып оқытуды жоспарлап қойыпты. Көрші ауыл 17 шақырым жерге орналасқан. Бізді қинайтыны сол ауылға барып білім алатын ұл-қыздарымыз таңғы сағат 7-де тұрып жолға шығады да түскі 3-те кері қайтады. Ересек балаларға бұл “жарасатын” тірлік шығар. Ал бойы сөмкесінен аспайтын төменгі сынып оқушылары қыс көзі қы­рауда қалай барып келеді? Тоңбай ма, шаршап-шалдықпай ма? Оның үстіне оларды қандай көлік тасиды? Оның үздіксіз жүріп-тұратынына кепілдік бар ма? Таңғы 7-ден түс ауғанға дейін тамақтану жағы қалай ұйымдастырылады? Әлде білім алуды былай қойып, ары-бері жүрумен уақыт өткізе ме? Біздің Қарағаш ауылының тұр­ғындарының тіршілігі мал ғана. Соның еті мен сүтін, артылып жатса қалған өнімдерін тиын-тебен етіп отырған жайымыз бар. Былайғы жұрттың мемлекет беретін жәрде­м­ақы мен зейнетақыдан басқа табыс көзі жоқ десе де болады. Міне, осындай жерге салынатын, Білім және ғылым министрлігі бекіткен жаңа мектеп неге “жоғалып” кетеді. “100 мектеп, 100 аурухана” бағдар­ламасына Аягөз ауданындағы Қа­рағаш ауылының Ж.Жабаев атындағы орта мектебінің жаңа ғимараты деп кірген ғой. Сондай Ақши қайдан шықты? Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ауылды көркейту – Қазақстанды көркейту, деп жастарды кіндік қаны тамған елді мекенді түлетуге ша­қырып келеді. Ал бізге жасалып отырған мына жайсыз тірлік сол ауылды өркендету емес, өшірудей болып көрініп отыр. Мектеп жабылса халық Қарағашта ұзақ тұра алмайды. Ұл-қызының соңынан аудан орта­лығын, басқа білім орындары бар жерлерді жағалайды. Ондай “жұ­маққа” ат басын тіреген жағдайда бізге кім қамқорлық көрсетеді? Үй-жайды қайтеміз? Азын-аулақ малымызды қанша пұлдасақ та қоныс аударған жерге барып төрт кереге ала алмайтынымыз анық. Қалалы жерлер біз үшін ғайыптың құсындай. Себебі, естуімізше ондағы үйлердің бағасы 50-60 мың доллар­дан кем емес көрінеді. Бізді қинайтыны әп-әдемі жұмыс істеп тұрған мектепті не үшін жабатыны. Балаларымыз жыл сайын ҰБТ-дан жоғары көрсеткішке қол жеткізіп, грантқа ие болуда. Аудан­дық, облыстық олимпиада жеңім­паздары да баршылық. Бұған қоса кешегі қиындықтарды артқа қал­дырып, сапырылысқан көші-қон енді-енді тоқтап, ауылымыздың ажарын үлкен-кішіміз қайтсек кіргіземіз деп жүргенде, мұндай ұй­ыт­қы тірлікке атажұртынан қанат­танғандар өз үлестерін қосу жолын қарастыра бастағанда жоғарыдағы түсініксіз, солақай шешім, рухани орта саналатын білім ордасының тағдырын тәлкекке салып қойды. Үлкендерді былай қойып, мектепте білім алып жүрген 150 оқушы бұл шешімге наразылықтарын білдіріп, кіндік қаны тамған елді мекенді болашағы жоқ ауылға қоспақ болған ағаларына арнап хат жазғанына куә болып отырмыз. Олар: “Өздеріңіз бір сәт ойлаңыздаршы, 50 жылдық тарихы бар біздің мектепті жабу қалай болады? Жыл сайынғы өтетін тестен жақсы көрсеткішке жетіп жүрміз. Өткен жылы аудандағы 36 мектептің арасынан 8-ші орынды иелендік. Ұстаздық дәстүрді жалғастырып келе жатқан қаншама білімдар мұғалімдер ертең жұмыссыз қалады. Мектебі жоқ ауылда болашақ болады дегенге кім сене қояды. Елбасы ауылды көркейту керек, ауыл біздің салт-дәстүріміздің, ұлттық болмысымыздың алтын діңгегі деп келеді. Ал алтын діңгекті құлату біздің санамызға сыймайды. Мек­тебіміз шағын, ғимараты ескі болғанмен – біз үшін қымбат. Жаңа мектеп салу жөніндегі бастама қалайша құрдымға кеткенін біз түсінбей отырмыз. Әлде сол жақсы идеяны жойып жіберу үшін жыр алыбы Ж.Жабаев атындағы мектепті жабу керек болып отыр ма? Біздің бұл сұрақтарымызға ат тізгінін ұстап жүрген ағаларымыз не деп жауап берер екен?” – депті 150 оқушы Елбасына жазған өтініштерінде. Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында “2020 жылға қарай орта білім беруде 12 жылдық оқыту моделінің табысты жұмыс істеуі үшін Үкімет барлық қажетті шараларды қабылдауы тиіс”, – деп атап өтті. Ендеше осы 12 жылдықты табысты өткізудің жолы ауылдағы мектепті жабу ма? Егер ауыл мектебін осылайша әр түрлі сылтауларды алға тартып жаба берсек, қазақ даласы бос қалмай ма? Жылы орыннан көшкен жұрт қинала жүріп күн көрер. Бірақ бұл – жері кең қазақтың ұлттық демографиясына кері әсерін тигізбей ме? Жоғарыдағыларды қайдам, бізді осындай мәселелер қинайды. Сон­дық­тан да газеттен араша тілеп, осы хатымызды жолдап отырмыз. Егер ба­сылымда жарық көріп жатса, жан­айқайымызды еститін құлақ, оқитын көз табылар деген үмітімізді үкілеп, сенімімізді тудай көтеріп өтініш хатымызды жолдап отырмыз. Көмек күтуші ата-аналар мен оқушылар атынан Ж.ТӨЛЕНОВА, Ш.БАЙЖҰМАНОВ, Ғ.БАЙҚАЗАҚОВА, Б.БАЙЫСОВА, Ж.АЗАНҒАЛИЕВ, барлығы 180 адам қол қойған. Шығыс Қазақстан облысы, Аягөз ауданы, Қарағаш ауылы. ҰЛТТЫҚ КОМПАНИЯ ҰМТЫЛЫСЫ Еліміздегі бірқатар мәшине жасау зау­ыттары мен бұрынғы қорғаныс бағытындағы кәсіп­орындардың басын қосып отыр­ған “Қа­зақ­стан инжиниринг” ұлт­тық компаниясы осы құры­лымдарды конверсиялау жолы­мен олар­­дың екінші тынысын ашу, әлемдік на­рық­тан жаңа әріп­тестер қарастыра оты­рып, қазақ­стандық өндіріске жа­ңа технологияларды транс­­ферттеу мақсатында құрылған бола­тын. Елбасының жаңа Жол­дауындағы еліміз­дің индус­триялық-инновациялық даму бағы­ты­на бұл ұлттық компа­нияның жұмыс қағидат­тары мейілінше сәйкес келетіндіктен ондағы жаңалықтарды ауық-ауық жариялап тұруды жөн көрдік. Жаңа жылдың алғашқы айы “Қазақстан инжиниринг” ұлттық компаниясы үшін сәтті басталды деуге болады. Қаңтарда аталған компания мен француздың “Талес коммьюникейшнс Франс” фирма­сының өкілдері Қазақстандағы бір­лескен кәсіпорын “Талес Қазақстан инжиниринг” жауапкершілігі шек­теулі серіктестігін әрі қарай да­мы­тудың маңызды мәселелерін тал­қылай келе өзара лицензиялық ке­лі­сім жасасу, елімізге жаңа техно­логияларды табыстау, Қазақстанда радиостанциялар шығаруға керекті құжаттарды дайындау жөніндегі уағдаластықтарға қол жеткізді. “Талес Қазақстан инжиниринг” ЖШС-ның құрылу тарихына тоқталатын болсақ, оның алғашқы негізі Елбасымыз Н.Назарбаевтың 2008 жылғы Францияға барған ресми сапары кезінде қаланды. Сапар ба­рысында француз кәсіп­орын­да­рын­дағы қазіргі замандық жаңа технологияларды елімізге жеткізіп, игеру үшін бірлескен кәсіпорындар құру туралы тиімді келісімге қол жеткізілген болатын. 2009 жылы Алматыда құрылған “Талес Қазақстан инжиниринг” бірлескен кәсіпорнын осы келісімді жүзеге асырудағы алғашқы іс-шаралардың бірі ретінде қарастыруға болады. Енді Еуропадағы электронық бай­ланыс жүйелерін жасау саласын­дағы жетекшілердің бірінен сана­латын “Thales grup S.А.” компа­ниясымен өзара тиімді әріптестік негізінде бірлесіп жүргізілетін жоба іске асырылған жағдайда Қазақстанда жабық байланыс жүйелерін жасау мен ақпараттық қауіпсіздікті қам­тамасыз ету мәселелері оң шешімін таппақ. Еліміз үшін бұл келісімнің тағы бір тиімді қыры аталған технологияны игеретін отандық жаңа кадрлар Францияда оқып, сондағы кәсіпорындарда тәжірибе жинайтын болады. Міне, осылайша елімізде алдағы заманға сәйкес жаңа кәсіп түрі игеріледі. *  *  * Ұлттық компанияға Италиядан аты әлемге белгілі “Trevі”, “Drіllmec”, RCT компанияларының өкілері келді. Олардың мақсаты – Қазақстанда өз тех­нологиялары бойынша мұнай мен газ өндіру құрал-жабдықтарын шығарудың қандай мүмкіндігі бар екендігімен танысу. Италияның Пьемонте аймағындағы Қазақстанның Құрметті консулы Езио Биготти бастап келген бұл топ Қазақстан инжиниринг ұлттық компаниясының президенті Марат Мұқамедияровпен кездесіп, келіссөздер жүргізді. Кездесуден кейін итальяндықтар солтүстіктегі Петропавл ауыр машина жасау зауытында болып, екі күн бойы зауыттың өндірістік жағдайы, құрал-жабдықтары, жұмысшы кадрларының білік­тілігімен мұқият танысты. Қорытындысында бұл кәсіпорынмен бірлесіп жұмыс істеуге болады деген тоқтамға келді. “Біздің сапарымыз өте сәтті өтті деп есептеймін, – деді “Trevі” компаниясының өкілі Алессандро Скарпеллини. – Оның нәтижесіне ризамыз. Енді Қазақстан мен Ресейдің мұнай мен газ өндірістеріне қажетті қазіргі замандық құрал-жабдықтар шығаратын біріккен кәсіпорын ашуды ұйғарып отырмыз”. Сапар соңында “Қазақстан инжиниринг” ұлттық компаниясының президенті М.Мұқамедияров пен “DRІLLMEC S.p.A” компаниясының басшысы Клаудио Чиконьяни мұнай-газ өндірісіне арнап құрал-жабдықтар шығаратын жаңа қазақстандық-италиялық бірлескен кәсіпорынды құру туралы меморандумға қол қойды. Сұңғат ӘЛІПБАЙ. ДАЛА – ДӘУЛЕТ, АУЫЛ – ҚҰТ Кәкімжан КАРБОЗОВ, фермер, аудандық мәслихат депутаты. Қазақстанның көп салалы экономикасы соңғы уақытта жан-жақты және жүйелі дами бастағандығын көріп жүрміз. Тіпті, басы сонау АҚШ-та басталып, дүниежүзін шарлап кеткен, адамдарды әбден шаршатып бітірген дағдарыс деген құбыжығыңыздың өзі Қазақстанға қатты әсерін сездіре алмаған секілді. Шүкір, еліміз аман, жұртымыз тыныш. Жұмысынан айырылып, зарлап жатқандарды көре қойғамыз жоқ. Менің ойымша, осының бәрі Қазақстанның жер байлығымен қатар ел басшылығының алдын күні бұ­рын болжап оты­ратын және мұ­ны ха­лыққа тү­сіндіріп отыратын дұрыс саясатының ар­қасы. Мәселен, біздің еліміздің алдында 2030 жылға дейінгі уақытты қамтыған үлкен страте­гия­лық жоспары бар. Қа­зақстанның түп­кі көздеген мақ­сат­тары, қандай ел болмағы міне, осы жоспарда айқын­далған. Сонан кейін Елбасы жыл­ма жыл халыққа Жолдау жариялай­ды. Онда ағымдық саясатты белгілейді. Не нәр­сеге басым­дықпен мән берілетіндігін, не себептен ерекше назар аударыла­тын­дығын түсіндіріп айтады. Яғни осы стра­тегиялық жоспар мен жолдаулар арқылы халық дұрыс бағыт алып отырады. Кә­сіпкерлер өздерінің алдындағы ісін реттеп, оны мемлекеттің көздеген саясатымен сәй­кестендіреді. “Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып” дегендей міне, осылайша ұйымдаса отырып, жүйе бойынша жұмыс істеудің маңызы зор. Елбасы өзінің соңғы жолдауларында ауыл шаруашылығын дамыту, ауылдағы халық­тың әл-ауқатын көтеру мәселесіне көп мән беруде. Өткен жылғы ақпан айындағы Сол­түстік Қазақстан облысына барған сапарында ауылды қолдау мемлекеттік саясаттың басты басымдықтарының бірі екендігін қадап тұрып айтты. Осы саясаттың жемісін Қос­танай облысының бір шетіндегі Амангелді, Жангелдин аудандарының тұрғындары да көріп отыр десем артық айтқандық емес. Мәселен, былтыр облыс орталығынан осы аудандардың жазда жолын жөндеп, қыста қарын тазалайтын арнайы жол мекемесі ашылды. Көкалат–Көлқамыс ауылдарының арасынан көтерме жол салуға 311 миллион теңге бөлініп, осы істің жобасы жасалынып, ол арнайы сараптамадан өтті. Өткен жылдан бастап Жангелдин ауда­нында көптен бері халықты толғантып келе жатқан ауызсу мәселесі шешімін таба бастады. Ақшығанақ, Қарасу ауылдарына су тұщытқыш қондырғы орнатылды. Енді биылғы жылы республикалық бюджеттен осы су проблемасын шешуге деп Жаркөл ауылы үшін 42 миллион теңге, Торғай ауылы үшін 89 миллион теңге, Көкалат ауылына 79 миллион теңге, Саға ауылына 3 миллион теңге бөлінетін болды. Сонымен қатар, аудан орталығынан 30 тұрғын үй салынып, пайдалануға берілді. Жангелдин ауы­­­лына жасалған осы жақ­сылықтар Ел­басы саясаты мен тапсырмасы арқа­сында облыс әкімі С.В. Ку­ла­гиннің, аудан­ның бұрынғы әкімі Б.Ахметовтың басшы­лығымен жүзеге асты. Мұны аудан халқы көріп, біліп, бағалап отыр. Аудан электр жарығымен қамтамасыз етілген. Барлық елді мекендер телефон­дан­дырылған. Баспасөз, радио, теледидар жұмыс істеп тұр. Ауданда тек Тентексай ауылы ғана жарыққа зәру еді. Оның да мәселесі шешілді. Ауданның жаңа әкімі Нариман Төлепов жергілікті бюджеттен 15 миллион теңгені қарастыруының арқасында биылғы жылы бұл ауылға да жарық тартылатын болды. Ауданда міне, осындай жұмыстар атқа­рылуда. Осының барлығы мемлекет басшы­лығының халыққа деген қамқорлығы нәти­жесінде жүзеге асуда. Сонымен қатар, мем­лекет өзінің ауыл шаруашылығы саласында елімізге қажетті көптеген өнім түрлерін өсіруге шаруашылықтар мен фермерлерді ынта­лан­дыру үшін субсидиялар бөліп отырғандығын естіп, біліп отырмыз. Бұл – үлкен жақ­сы­лық. Бірақ бір өкініштісі, осы субсидияларды алу оңай емес. Шаруа қожалықтары, фермер­лер көп әуреге түсіп, ақырында оған қолы жетпей жатады. Біздің Амангелді, Жангелдин аудандары егіні жоқ, өнеркәсібі жоқ, халқы бірыңғай малмен күн көріп отырған аудандар. Ауыл шаруашылығы министрлігі осы мәсе­лені ескеріп, бұл аудандардың шаруашы­лық­тарын субсидиямен қамтып, оны қол жетімді етуге мән берсе деген тілегіміз бар. Сондай-ақ, осы аудандарда жер қоры мол болған­дықтан “Нұрлы көш” жобасының аясында орал­ман­дарды шақырып, топтастырса жөн болар еді. Елбасы халық қатты күйзеліп, бір қо­ғам­нан екінші қоғамға өтіп жатқан сонау 1997-1999 жылдарғы ауыр кезеңнің өзінде көк­жиектің көрініп келе жатқандығын айтып, халықты жақсы күндердің орнайтындығына сендірген еді. Осыған енді халықтың көзі анық жете бастады. Біз, ауыл шаруа­шылы­ғының мамандары, өз саламыздың қарқынды дамығандығын көріп, еңбекке деген ын­та­мызды арттырдық. Халықымызда “дала ­­– дәу­­лет, ауыл – құт” деген сөз бар. Қазіргі ел дамуының қарқыны мен мемлекеттік саясаттың барысы осы сөздің рас екендігін көрсетіп отыр. Ендеше сонау қиын кезеңнің өзінде даму болашағымызды дәл айқындап, жақсы заман көкжиегін күні бұрын көре білген Елбасы Жолдауын жүзеге асыруға бәріміз болып жұмыла кіріскеніміз жөн. Қостанай облысы, Жангелдин ауданы.