Байқауға 8 бен 11-сынып аралығындағы 27 оқушы қатысқан. Өскелең ұрпақты ізгілікке баулитын айтулы шараны «Зейнолла Сәнік атындығы мәдениет қоры» мен Абай атындағы республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын орта мектеп-интернаты бірлесіп ұйымдастырған.
– Бұл байқаудың негізгі мақсаты – жаһандану заманындағы жастардың, бабалардың бізге қалдырған өнегелі өсиетін, би-шешендердің шешендік толғауын, ғибратты шығармаларын, ана тілін қаншалықты деңгейде танып білді, сөз биігіне қай деңгейде сусындады, соған жауап іздеу. Іс-шара биыл тұңғыш рет шымылдығын түріп отыр. Ұрпағымыз үшін аса қажетті бұл байқау ары қарай дәстүрлі түрде жалғасын тапса деген ниеттеміз, – дейді «Зейнолла Сәнік атындағы мәдениет қорының» қызметкері Жарқын Сәленұлы.
Сайыс қорытындысына сәйкес жүзден жүйрік деп танылған оқушыларға арнайы диплом мен естелік сыйлықтар табысталды.
Арман ОКТЯБРЬ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ