Қазақ әліпбиін латын графикасына көшіруге байланысты Мәдениет және спорт министрлігі жалпыұлттық диктант жазуға бастама көтерді. Іс-шара бүгін, 14 қарашада республика бойынша 11.00-де, ал мұнайлы өңірде жергілікті уақыт бойынша 10.00-де өтті.
Шараның негізгі мақсаты - латын графикасындағы қазақ әліпбиін іс жүзінде қолдануға бейімдеу, сондай-ақ Қазақстан Республикасының тіл саясатын жүзеге асыру, латын графикасындағы қазақ тілін меңгеру және тіл үйренуге қызығушылықты арттыру.
- Атырау облысында жаңа қазақ әліпбиінде диктант жазуда 80 мыңнан астам адамды қамту жоспарланған, бірақ менің ойымша, бұл көрсеткіш одан да артады. Кейін мамандар жалпы статистика шығарады. Біздің басты міндетіміз - халықтың латын графикасына көшуіне қаншалықты дайын екенін білу, - деді тілдерді дамыту басқармасының басшысы Асия Қыстаубаева.