Қазақстан • 14 Қараша, 2018

Үкімет басшысы Жамбыл облысында болды

540 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев  Жамбыл облысына келді. Үкімет басшысы өңірдегі жұмыс сапарын Тараз қаласындағы «Көкжиек-2030» жауапкершілігі  шектеулі серіктестігінің  жұмысымен танысудан бастады.

Үкімет басшысы Жамбыл облысында болды

Сүт өнімдерін шығарумен айналысатын кәсіпорын  Елбасы Жолдауына сәйкес ағымдағы жылы қайта кеңейтіліп құрылып, модернизацияланған.  Италияның «FRAU IMPLANTI» компаниясының жаңа үлгідегі автоматтандырылған желідегі құрал-жабдықтарымен жасақталған. Жоба құны 1,6  миллиард теңге. Кәсіпорын жетекшісі Әбдіғали Бегімбетов  Бақытжан Әбдірұлына орталықтың тәулігіне 80 тонна сүт өңдеуге қауқарлы екендігін баяндады.

Бақытжан Сағынтаев бұдан соң  Тараз қаласында құрылысы жүріп жатқан №15 мөлтек ауданына атбасын бұрды. Бүгінгі таңда мұнда 80 пәтерлі 10 көпқабатты тұрғын үй бой көтеруде. Олар «Нұрлы жер» және «7-20-25» мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде салынуда. Жаңа мөлтекаудандағы құрылыс жоспары мен мемлекеттік бағдарламалар  аясындағы атқарылып жатқан жұмыстар туралы Бақытжан Сағынтаевқа облыс әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев баяндап берді. Оның айтуынша, Елбасының «Бес әлеуметтік бастамасының» бірінші бағыты – «Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» аясында өңірде бірқатар жобалар іске асырылуда. Тараз қаласындағы қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген 462 гектар жер телімінде жаңа екі мөлтек аудандарының құрылысы жүруде. Аталған аудандарда «7-20-25» бағдарламасы аясында ұсынылатын 480 көп қабатты және 969 жеке тұрғын үй құрылыстары басталып, ағымдағы жылы 10 көппәтерлі үй (800 пәтер), 2019 жылы 25 үй (1 380 пәтер) пайдалануға тапсырылатын болады. Жалпы, Тараз қаласында 686 пәтер бағдарлама аясында азаматтарға ұсыну үшін дайын.

«7-20-25» кредиттеу бағдарламасы аясында әкімдік пен ҚР Ұлттық банкінің филиалы, бағдарламаға қатысушы банктер арасында бірлескен іс-қимыл жоспары бекітілген. «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» филиалында бүгінде 44 648 салымшыдан 10 миллиард теңге жиналған. Ипотекалық несиенің алғашқы жарнасының 30 пайыздан 20 пайызға төмендеуіне байланысты, пәтер алуға мүмкіндігі бар азаматтардың саны 3 есеге артты.

Премьер-Министрдің барған келесі нысаны жылына 2100 тонна өнім өндіретін «Сәуле» кондитерлік фабрикасы болды. Мұнда фабрика басшысы Сәуле Жанабекова зауыттың жұмысы, тыныс-тіршілігі  туралы жан-жақты мәліметпен бөлісті. Жобаның жалпы сомасы 1,2 миллиард теңгені құраған. Облыс орталығында орналасқан кәсіпорын жылына 2160 тонна өнім өндіруге қауқарлы. Кәсіпкер 2016-2017 жылдар аралығында жабдық сатып алуға және коммерциялық жылжымайтын мүлікті қайта жаңартып, вафли өндіретін желі сатып алуға несие алған. Кондитерлік өндіріс негізінген вафли өнімінің түрлерін шығарумен айналысады.

Бүгінгі таңда фабриканың жоба құны 850,0 миллион теңге болатын  екінші кезеңінің құрылысы  жүргізілуде. Жоба іске қосылған кәсіпорынның толық жылдық қуаты 4500 тонна болады деп жоспарлануда. Соған орай тағы жетпіс адамдық жұмыс орны ашылады деп күтілуде.  Жобаның екінші кезеңі осы жылдың аяғында пайдалануға берілмек.  «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы арқылы  қомақты қаржы несие алып, жұмысын жандандырып отырған кәсіпорын өңір экономикасын арттыруға өз үлесін тигізуде.

Бұдан кейін Премьер-Министрдің қатысуымен Тараз қаласынан дарынды балаларға арналған ІТ лицей-интернаты ашылды. Бұл білім ошағы Елбасының тікелей тапсырмасымен қабылданған «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының шеңберінде іске қосылды. Лицей барлық заманауи құрылғылар және озық технологиялармен қамтылған. Тараз қаласының жаңа 14-шағын ауданында орналасқан лицей әзірге 120 орынды болып ашылғанымен, 2019-2020 жылдары құрылыс жұмыстары жүргізіліп, 300 орынға кеңейтіледі деп жоспарлануда.

Орналасқан жер аумағы 1,7 гектар.  Білім ошағы  оқушыларға IT технологиялар аясында қазақша, орысша және ағылшын тілдерінде білім бермек. Оқу нысанында 6 комплект сыныптары қамтылған.  Техникалық-материалдық базасына келер болсақ,  лицей кешені 12 оқу кабинеті, 2 компьютер кабинеті және кітапхана, ЛМК, медициналық кабинет, STEM-лаборатория, робототехника, Web-бағдарламалар кабинеттерімен жабдықталған. Сондай-ақ, спортзал, АКТ зал мен асханасы бар.

Өңірге жұмыс сапары барысында Бақытжан Сағынтаев Тараз қалалық жұмыспен қамту орталығында болып, онда жұмыс бағыттарымен танысты. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков өңірдегі жұмыспен қамту шараларының жүзеге асуы, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар туралы  және шағын несие беру мен осы орайдағы кездесіп отырған түйткілді мәселелерді баяндап өтті.

Облысқа жұмыс сапары барысында Бақытжан Әбдірұлы биыл қайта жаңғыртылған Қ.Рысқұлбеков атындағы саябақ пен «Желтоқсан» аллеясына және Жамбыл политехникалық жоғарғы колледжіне де келді. Жамбыл политехникалық  жоғарғы колледжіне барған Премьер-Министр оқу ордасының материалдық-техникалық базасымен танысты. Колледж 1560 орынға арналған. Мемлекеттік және орыс тілдерінде білім беретін білім ордасында 2 оқу, өндіріс кешендері, 420 орындық  екі жатақханасы, 74 оқу кабинеттері, 15 компьютерлік кластар, 21 оқушеберханасы, 11 зертханасы, 3 спорт залы, 2 спорт алаңшасы, кітапхана, оқу және акт залдары бар. Мұнда барлығы 586 адам еңбек етеді. Оның ішінде педагогикалық құрам 313 адам. Бұл туралы облыстық білім басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетова айтып берді.

Айта кету керек, аталмыш оқу ордасы осы жылдың қыркүйек айында Жамбыл политехникалық және Тараз химия-технеологиялық колледждерінің біріктірілуі аясында қайта жасақталып, өз жұмысын жалғастыруда.  Еліміздегі сапалы әрі білікті мамандар даярлауда «Кәсіпқор» республикалық холдингінің  10 жетекші колледждің қатарына енген. Аталған колледждің оқу шеберханасы фойесінде  Премьер-Министр назарына  «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының өңірдегі  орындалу  жұмыстары барысы бойынша әзірленген презентация ұсынылды.

Жамбыл өңірімізіне іссапары барысында Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев облыстық балалар ауруханасына, «Тараз су» мекемелеріне де арнайы атбасын бұрды. Сондай-ақ, жамбылдық кәсіпкерлермен, білім және денсаулық сақтау саласы қызметкерлерімен кездесіп, саладағы атқарылып жатқан жұмыстар мен жаңашылдықтар туралы ой бөлісіп, өзекті мәселелерді талқылады. «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы мен тарифтерді төмендету бойынша қолға алынған шаралар жайында жиындар өткізді.

Хамит Есаман,

«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы