24 Ақпан, 2010

ЗАҢ ҚАЙ ТІЛДЕ ЖАСАЛЫП ЖАТЫР?

1813 рет
көрсетілді
38 мин
оқу үшін
Жалпы жағдай. “Тіл туралы” Заңның 4-бабында “Мемлекеттік тіл – мемлекеттің бүкіл аумағында, қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемле­­­кеттік басқару, заң шығару, сот ісін және іс қағаздарын жүргізу тілі”, – деп жазыл­ған. Бірақ осы қағиданы ойдағыдай жүзеге асыруда мемлекеттік органдарда нақты әрекет тіпті жеткіліксіз. Кәсіби Парла­менттің жұмыс істей бастағанына 20 жыл болса да, Үкімет мыңдаған заң жобала­рының бірде-біреуін мемлекеттік тілде ұсына алмады. Республиканың мемлекеттік органдары мен ұйымдарында заң, ресми құжаттар және барлық қаулы-қарарлар мемлекеттік жауапты адамдардың ойланып-толғанып, тікелей араласуымен жазылмай, орыс тілінде дайындалады. Мәселенің байыбына бару, оған те­реңірек үңілу үшін ресми құжат дайындау ісіндегі мемлекеттік тілдің жай-күйіне нақ­тырақ тоқталайық. Құжат деп, ең алдымен, заңдардан бастап әртүрлі деңгейдегі нор­мативтік құқықтық актілерді, сонымен бірге нормативтік емес құқықтық актілерді де түсінуіміз керек. Кеңес өкіметі тұсында, тіпті, күні кешеге дейін ұлт тілінде білім алып, ол білімін заң дайындау саласында іске жаратқан мамандар болды ма, егер болмаса, орыс тілінде білім алып, сол тілде жұмыс істейтін адам жоғарыда айтылған нор­мативтік актілерден бастап ресми құ­жаттарды қазақ тілінде дайындай ала ма деген сұрақ алдан кесе көлденеңдей береді. Тіпті нормативтік құқықтық актілердің жобасын әзірлеуге мұрындық болып, оны құқықтық сараптамадан өткізетін Әділет министрлігінің өзінде мұндай маман бар ма екен? Егер заңды мемлекет тілі – қазақ тілінде жазуға көше бастасақ, бұл істі тап осы министрліктен бастау керек, өйткені ол осы органның төл міндеті, заңның табиғатын, заң нормасын, заңи техниканы олардан артық кім білмек. Қай салада әзірленген заң жобасы болмасын, осы мекеменің батасын алмай өтпейді. Заң жобаларының мемлекет тілінде жазылмайтынына Үкімет тарапын ғана кінәлауға болмас. Конституциялық қағи­даға сәйкес заң жобаларын Мәжіліске ұсынатын үш субъектінің бірі – Үкімет болса, бірі – Парламент депутаттары. Алайда Үкіметтің мүмкіншілігі кімнен болса да мол. Заңды мемлекеттік тілде жазатын адам жоқ деп, ауызды қу шөппен сүртіп, әрекетсіз отыра беру – оңай, ал жоқтан бар жасау қиын, әрине. Қандай да болсын жаңа іс өмірге оңайлықпен жолдама ала алмайды, сондықтан бұл іске соны серпін беріп, бір арнаға салу үшін жұрт болып жұмылуымыз керек. Үкімет тарапынан заң жобаларын әзірлеуші мемлекеттік органдар заң шығару ісіне оның қыр-сырын, заң техникасын жетік меңгерген, белгілі заңгерлерді тартып, оларға қазақтың тілін жетік білетін, бас-аяғы бүтін сөйлем құра алатын маман­дар­ды қосып берсе, бұл істен күш пен қар­жыны аямаса, тап осындай күйде отырмас па едік деген де ой келеді. Ал депутаттардың заң шығару баста­­масына келетін болсақ, мемлекеттік тілде әзірлеу мәселесі Парламент депутаттары та­рапынан да мәз болмай тұр. Бірінші сай­ланымда мемлекеттік тілде әзірленген бір ғана заң болғанын білеміз. Ол – “Көші-қон туралы” Заң (бастамашысы – Әкім Ыс­қа­қ). Ал екінші сайланымда Мәжіліс депутаты Фариза Оңғарсынованың бас­та­машылығымен “Қазақстан Республика­сындағы баланың құқықтары туралы” Заң қабылданды. Әзірге бар-жоғы осы екеуі ғана. Көріп отырсыздар, бір сайланымға, яғни әр бес жылға бір-бірден ғана келеді екен. Енді осы сайланымға көп үміт арты­лып отыр. Оған дайындық жұмыстары да жоқ емес. Әділет министрлігі, яғни Үкімет тарапынан да бірнеше заң жобасын мем­ле­кеттік тілде ұсынамыз деген уәде бар. Үкі­метіміз мемлекеттік тілде жазылған осын­дай заң жобаларына оң көзқарас танытып, дұрыс қорытындысын беріп жатса, онда өз тілімізде дайындауға ынта да арта түсер еді. Осы жерде мемлекеттік тілде заң әзір­леу ісіне кім жауапты деген қисынды сұрақ туады. Тәуелсіздік алған 18 жыл ішінде мемлекеттік тілде заң әзірлеу ісінде қалып­тасқан дәстүрі мен орныққан терминоло­гиясы жоқ біздер шындықтың бетіне неге тура қарамаймыз. Парламент пен Үкімет аудармашыларының күшімен жылдар бойы қордаланған проблемаларды бірден шешіп тастауға тырысатынымыз қалай? Мемле­кеттік тіл мемлекеттің ісі болғандықтан мем­лекеттік деңгейде қойылуға тиіс емес пе. Бұл жерде аудармашылар атқарып отыр­ған үлкен істі бір мысқал да кемітуге болмайды. Мемлекеттік тіл дамуының қазіргі деңгейінде құжат тілі сол аударма­шы-мамандардың күшімен орнығып келеді десек, артық айтқандық болмас. Жазушы, ақын, журналистер өзінің ойын қағазға түсіргенде өзінің сөздік қорында, сөз бай­лы­ғында бар сөздерді қолданады. Ал ау­дармашылар құжатты аударғанда көптеген сөздердің баламасын сырттан іздеуіне тура келеді. Өйткені өзінің сөздік қорында бар сөздермен кейде құжат мәтінін, әсіресе заң тіліндегі нормаларды дәл жеткізіп беру қиын. Осындай жағдайда әртүрлі сөздік­терді, энциклопедияларды ақтаруына тура келеді, осылайша ресми тілімізді қалып­тастыруға өлшеусіз үлес қосады. Алайда аудармамен алысқа ұзай алмайтынымыз тағы да анық. Біздің түпкі мақсатымыз – мемлекеттік тілде жұмыс істеп, құжатты тікелей мемлекеттік тілде дайындау. Осы орайда біздің тіліміз ресми тілдің жүгін алып жүре алмайды деген әңгіменің де ұшығы шығып қалады. Ахмет Байтұр­сыновтың бір өзі бірнеше оқулықтың тілін жасап шыққанын еске алсақ, туған тілі­міздің ресми тіл қалыптастырудағы мүм­кін­дігін тек пайдалана білу керек сияқты. Ахаң айтқан: “Тілдің міндеті – ақылдың аңдауын аңдағанша, қиялдың меңзеуін меңзегенше, көңілдің түйгенін түйгенше айтуға жарау – мұның бәрін де жұмсай білетін адамы табылса”, – деген сөздің байыбына барсақ, көп нәрсенің кілті сонда жатқандай. Ал қазіргі жағдай – мемлекеттік тілге деген қырын қараушылықтың, қазақ тіліндегі заң мәтінін әзірлеудің бар жүгін аудармашыларға артып қоюдың салдары. Біз бүгін жекелеген сөздерге сын айтып, соны жөндегенге мәз боламыз. Бірақ, бұл өзімізді-өзіміз алдау ғана. Тілге деген көзқарас түзелмейінше, мемлекеттік тілде заң жобасын дайындауға мемлекеттік тапсырыс беріліп, күш пен қаржы бөлініп, бұл іске мамандар мен заңгерлерді барынша жұмылдырмайынша, іс оңға баспайды. *  *  * Ұлттық заңнама және ресми аударма. Бүгінгі күні мемлекеттік тілдің ресми қолданылу жүгін атқарып отырған ресми аударманың мемлекеттік қызметке жаппай енуі сонау 90-шы жылдардың басына тұспа-тұс келді. Егемен ел болуымыз бұрын на­зар­дан тыс қалған қазақ тілінің мемлекеттік дәрежеде қолданылу аясын кеңейтуге жол ашты. Ресми құжаттарды әзірлеу ісінде кеңес дәуірінен қалған тәртіп, яғни орыс тілінің үстемдігі бәз-баяғынша сақталып қалса да, енді оның қазақша нұсқасының болуы міндетке айналды. Жалпы, тәуел­сіздігіміздің тарихымен есептесек, 90-шы жылдардың алғашқы жартысын ресми аударма дамуының бірінші кезеңі деп айтуға болады. Бұл кезең туған тілдің теңдік алғанына қуанған көңілден арылмай, әйтеуір істі бастап алсақ, көш жүре түзелер деген ниетпен жұмысты жолға қою кезеңі болды. Құжаттың қазақша аудармасы бар ма, бар деген ыңғайда оның сапасына онша мән берілмеуі, аудармашының авторлық стилін ескеру осы кезеңге тән құбылыстар. Көш, шынында да, жүре түзелгендей болды. Уақыт өте ресми құжаттың, оның ішінде заңнаманың өзіне тән бұлжымас ортақ стилі болатыны, құқық қолдану мәселесі құжат тілін әркімнің стиліне салуды көтермейтіні анықтала түсті. Ресми аударманың көркем аудармадан басты ерекшелігі де осында еді. 90-шы жылдардың одан кейінгі жартысын қамтыған екінші кезеңде аударманың сапасы мен мағынасына мән беріле бастады. Терминкомның жұмысы жанданып, терминологиялық қорымыз біршама байи түсті. Бұл кезеңнің бір кемшілігі – мемлекеттік тілдегі құжаттар заң терминдері мен атау сөздердің баламаларын сынап көретін эксперименттік алаңға айналды. Ол тәжірибені ресми аударманың дамуында орын алған кемшілік десек те, бұл сол кездегі қажеттіліктен туындап еді. Қоғамдық өмірдің сан саласында жоғары қарқынмен жүргізілген реформалар нәтижесінде тілдік айналымға күн санап көптеп енген жаңа сөз тіркестері мен сөз орамдары ғылыми-теориялық, заңгерлік сараптамалық тұрғыдан жүйелі сараптаудың болмауы салдарынан аудармашыны осы­лайша өз бетінше әрекет етуге мәжбүр етті. Заң нормаларының практикада қолда­ны­луында қиындық туғызатын бұл жағдайдан әлі де толық арыла алмай отырмыз. Қазіргі кезеңді ресми аударма дамуының үшінші кезеңі деп айтуға болады. Бұл терминдерді бір ізге түсіріп, бұрын жаңсақ қолданылғанын түзету, олардың мағынасына көңіл бөлу кезеңі. Осы жерде тағы бір тоқтала кететін маңызды мәселе: бізде ресми аударма ісі, әйтеуір тілден хабары бар ғой деген ниетпен, негізінен журналистер мен филологтарға жүктелген. Ал өз басым заңның мәтінімен жұмыс істейтін адам міндетті түрде заңгер болуы керек, тым болмаса ол құқықтың әр саласынан ха­бардар болуы керек деп ой­лаймын. Өйткені, майталман аудармашы-журналистердің өзі заңның мәтінімен жұмыс істеуге келгенде, сол заңның таби­ғатын түсі­не алмай қиналады. Әрине, бұл олардың кінә­сі емес. Бүгінгі күнге дейін солай болып келді, қазір де солай. Сөздің мағынасын жете түсініп, қазақи ұғымға сай сөйлем құрға­нымен, әр заң мен құқықтық актіде норма бо­латынын, әр сөздің болмаса да әрбір сөй­лемнің норма жүгін арқалап тұратындығын кез келген аудармашы түсіне бермейді. Ал оны аңдамаған адам қазақшаға еркін аударып, немесе тігісін жатқызып редакциялап, бір қарағанда әп-әдемі, бас-аяғы дұрыс сөйлем құрғанымен, орыс тілін­дегі түпнұсқамен салыстырып, заң шыға­ру­шының не айтпақ болғанын зерделегенде, оның айтпақ ойын, яғни норманы бұзып алатын жағдайлар да аз емес. Сондықтан заң мәтінімен жұмыс істейтін аудармашы да, редактор да оның табиғатын түсінетін адам, яғни заңгер болуы керек. Бұл мәселені баса айтып отырған себебім – заң жобаларымен күнделікті жұмыста осыған көзіміз әбден жетіп жүр. Жалпы мемлекеттік тілдің орнығып, кеңінен қолданылуында ресми аударманың алатын орны, атқарар рөлі ерекше. Бұл жал­пыға бірдей танылған факт. Ресми аудар­ма­ның түп мақсатының өзі – мемлекеттік рес­ми құжат тілін, заңнама тілін қалыптастыру. Біздің ресми аудармамыз бұл міндетін белгілі бір дәрежеде орындап келеді. Бірақ, бір ғана аудармамен алысқа бармай­тынымызды тағы да қайталап айтамыз. *  *  * Ұлттық заңнама тілінің тезаурусы мен терминологиясы. Қоғамдық қатынастардың бір немесе бірнеше ұқсас саласын реттейтін заңдық бір норманың мәтіндік, редакция­лық жағынан өзгеріске ұшырамай, қалып­тасқан шаблон секілді қайталанып келуін тезаурус деуге болады. Өкінішке қарай, біздің мемлекеттік тілдегі заң мәтініне тезаурус тән емес. Тезаурусты былай қойғанда, мемлекеттік тілдегі заң мәтіндерінде терминдер мен атау сөздердің жарыспалы баламаларынан аяқ алып жүре алмайсыз. Тезаурус туралы терминдер бір ізге түсіп, әбден қалыптасып болғанда ғана айтуға болады. Әзірше әңгіме оның алғышарты ретінде терминология туралы болмақ. Бұл мәселені қозғағанда біз терминдерді ұлттық заңнама терминологиясы шеңберін­де қарастыратынымызды бірден айтып өтуіміз керек. Өйткені, заңдар қоғам өмірі­нің барлық саласын реттейтін жоғары құқықтық акт болып табылады. Сондықтан заңнама терминдері қоғамның тіршілік-тынысының барлық саласын қамтиды. Ұлттық заңнама терминологиясында шеш­ілмей жүрген бірқатар өзекті проб­лемалар бар. Оның біріншісі – норматив­тік-құқықтық актілердегі атау сөздердің, терминдердің бірізділігі проблемасы. Нор­мативтік құқықтық актілер жобаларының орыс тілінде әзірленуі, Парламентке келіп түскенше осы жобалардың сол тілдегі мәтіні ғана пысықталып, ал қазақ тіліндегі аударма нұсқасының назардан тыс қалуы, депутаттық жұмыс топтарында да жобамен жұмыстың негізінен орыс тілінде жүргізілуі, жалпы алғанда ұлттық заңнама тілінің, оның терминологиясының орыс тіліндегі нұсқаға байланып қалуы ұлттық заңнаманың тілі мен терминдеріндегі бірізділіктің сақтал­мауына себеп болып отыр. Тиісті сала мама­нының, заңгердің тезінен өтпеген ұлттық термин алды-арты, кейінгі қолданылу жағдайы болжанбай, жалғыз аудармашының ой-өресіне байланып, бір қайнауы ішінде, шала-шарпы күйінде кетіп жатады. Мәселенің түйіні нормативтік құқықтық актілер жобаларын қазақ тілінде әзірлеуде жатыр. Сонда ғана бірнеше сатыда алуан түрлі мамандар талқысынан өткен әмбебап терминдер қалыптасар еді. Кеңес өкіметі тұсында ұлттық термино­логиямыз интернационалистік принциппен дамыды. Түбірі сақталып, жалғауы орысшаға бейімделіп өзгертілген халықаралық тер­миндер, атау сөздер біздің тілдік ортамызға сол күйінше еніп кетті. Бірнеше ұрпақ сол терминдердің тілімен оқып, бұл сөздер әб­ден құлаққа сіңісті болып қалды. Енді кеп біз оларды жаппай аударуға көштік. Жөні келсе аударған дұрыс, әрине. Бірақ, өкініш­ке қарай, терминді, атау сөзді аударған кезде көпшілік жағдайда оның кез келген сөз тіркесіндегі әмбебап мағыналық прин­ци­пі, яғни терминнің аудармасына деген ака­демиялық көзқарас сақталмады. Көп­шілік жұрттың оны қалай қабылдайтыны, аударма терминнің тілдік ортаға сіңісу мәселесі ескерілмеді. Содан келіп бір сөзді бірнеше нұсқада аудару проблемасы пайда болды. Ака­демиялық көзқарас соңғы жыл­да­ры қап­тап кеткен сөздіктерде де сақтал­маған. Осы­­­ған байланысты академик Ә. Қайдаровтың сонау 90-шы жылдардың ба­сында айтқан: “Қазақ тілі терминологиясы әр түрлі жағдайларға байланысты бүгінде дағдарысқа ұшырап отыр: оның ғылыми принциптері жаңа үрдіске бағыт-бағдар беріп, алда жүріп отырудың орнына артта қалып, термин практикасы аяқ асты болып бара жатыр. Осының салдарынан әркімнің өз білгенінше термин жасауы немесе оны ауыстыруы, алмастыруы тәрізді бейберекет әрекетке (анархия) жол беріле бастады”, – деген сөзі бүгінгі күні күрделі проблемаға айналып, алдымыздан шығып отыр. Осы орайда Терминкомға мемлекеттік мәртебе берілсе, біздің жұртшылыққа тарап, қоғамдық пікір туғызатын ресми құжат­тарымыз бен баспа басылымдарымызда бұрыннан екшеліп, електен өтіп, қалыптас­қан сөздер мен тіркестерді әркімнің өз бетінше бұрмалап жазуына, жаңа сөздердің баламасын долбарлап жасай салуға да жол берілмес еді-ау деген ой келеді. Адам психологиясы бір нәрсені жаңадан жасап, қиналғаннан гөрі дайынды пайда­ланғанға бейім. Сондықтан біздің ғылымға талаптанған жастарымыз ғылым саласын­дағы, оның ішінде заң ғылымы саласындағы зерттеулерін қазақ тілінде жазуды, ондағы атау сөздер мен терминдерді қазақшаға аударғанды жан қинайтын артық жұмыс санайды. Ал орыс тілінде біршама пысық­талып, дайындалған терминдер, терми­но­логия бар. Оның үстіне, көпшілік ғылыми әдебиеттер, мақалалар негізінен сол тілде және басқа тілде. Осы себепті де орыс тілін­де жазғанды, тіпті оған да шамасы келмесе, ғылымға қол сілтеп, қоя салғанды жөн кө­реді. Кімді жазғырасың. Нормативтік акті­лердің жобаларын орыс тілінде дайындауға тапсырыс беретін Үкіметті ме, әлде мемлекет тарапынан байыпты бағыт боларынан үміт үзіп, өз бетінше әрекет жасап жатқан жур­налистерді ме, немесе үлкендердің тіл саясатындағы шатасқан тірлігіне араласудан қашатын жастарды ма. Тіліміздегі, оның ішінде ұлттық заңнамадағы терминдерді бір ізге түсіруіміз қажет. Бұл – елдігімізге сын. Ол үшін терминдерді ретке келтіріп алу керек. Содан соң халықаралық теорияның қазіргі принципіне сай терминдерді стандарттау және өзара үйлестіру жұмысына көшуіміз қажет. Себебі, біз халықаралық құқық теориясынан, оның терминологиясынан тыс қала алмаймыз. Үлкен қиындық туғызып жүрген проблеманың бірі – мемлекеттік тілдегі терминдік қордың әлі жеткілікті деңгейде қалыптаспағаны. Еуропаны айтпағанда бұрынғы ТМД елдерімен салыстырғанда да біз бұл жөнінен көп кенжелеп қалғанбыз. Мысалы, Балтық жағалауы елдерінде мемлекеттік терминология комитеттері бекіткен терминдер саны 200 мыңға таяу болса, біздегі бекітілген терминдер одан шамамен он есеге жуық аз екен. Жоғарыда біз орыс тіліндегі термино­логияның артықшылығы жөнінде айттық. Ал енді ол да жоқтан бар болып, аспаннан аяғы салбырап түсе қалған жоқ. Кезінде КСРО халықтарының мемлекеттік тілі – орыс тілінің қоғамдық өмірдің барлық саласында жұмыс істеуін қамтамасыз ету мақсатында термин мәселесімен арнайы түрде айналысатын, білікті ғалымдар мен әлеуметтанушылардан құралған Ғылыми-техникалық терминология комитеті құры­лып, оған арнайы институттар бағынды­рыл­ды. Яғни, ол – жүйелі түрде жүргізілген жұмыстың жемісі. Біздің қазіргі Мемтер­минкомды білікті аппараты, қажетті қар­жы­сы бар тұрақты жұмыс істейтін мемлекеттік органға айналдырудың кезі келген сияқты. Сондай жағдай жасалғанда ғана, олардан нәтижелі жұмыс талап етуге болады. Ал Мемтерминкомның консультативтік-кеңесші орган ретіндегі қазіргі жағдайымен ұлттық терминдерімізді қалыптастыру сияқты үлкен жұмысты тиянақты жүргізу әсте де мүмкін емес екені белгілі. Кеңесші орган болғандықтан оның шешімдерінің де жалпыға бірдей міндетті күші жоқ. Терминология бүгінгі күні ең күрделі және проблемасы көп сала. Қазір жарыса шығып жатқан жаңа сөздер көп. Сөздік­тер­дің өзі ала-құла. Кәсіби, салалық, ғылыми терминдердің әр жерде әр түрлі жазылуы бәрімізді де жаңылдырады. Заң, медицина, техника, экономика, әлеуметтану, саясат­тану, тағы басқа салалардың өзіне тән терминдері мен атау сөздерін бір ізге түсіру де әлі басталмаған жұмыс. Ғылым, өндіріс салаларын терминмен толық қамтамасыз ету үшін кем дегенде 300 мыңдай сөз бекітілу керек екен. Ал 90-шы жылдардан, яғни егемен ел болғаннан бергі ұлттық терминологиямыздың 20 жылдық кезеңінде бар болғаны 150 мыңдай сөз бен аталым мақұлданғанын ескерсек, бұл салада атқарылар істің әлі де көп екенін байқаймыз. 2004 жылғы 21 сәуірде Үкіметтің қау­лы­сымен Қазақстан Республикасындағы мем­лекеттік терминологиялық жұмыс тұжы­рымдамасы бекітілді. Онда терминологиялық ахуалға сипаттама беріліп, ұлттық терми­нологияны дамытудың негізгі міндеттері белгіленді. Олардың бәрін тізбей-ақ екі-үшеуіне тоқталайық. Бұлар: қазақ терми­но­логиясын реттеу. Бұл міндет – мемлекеттік іс болып табылады. Сондықтан Мемтер­мин­ком­ның мәртебесі өзгертіліп, оның мін­деттері, құрылымы қайтадан қаралып, жаңа бағыттары белгіленген ресми орган ретінде бекітілуі қажет; компьютерлік термино­ло­гия­лық база жасау; мемтерминком қабыл­даған сөздерді Үкімет қаулысымен бекіту. Ал енді алға қойылған осы міндеттердің орындалуы қалай? Тұжырымдамада Мемтерминкомды мемлекеттік орган ретінде құру бірінші міндет ретінде белгіленгенімен, ол әлі күнге шешімін тапқан жоқ.  Терминологиялық электрондық қор жасау жөнінде де осыны айту керек. Мұндай қордың әлі күнге дейін болмауынан бір терминнің алты рет қабылданған кездері де болыпты. Терминком қабылдаған сөздер Үкіметтің қаулысымен бекітілсін деген нұсқау да орындалған жоқ. Сондықтан Тұжырымдамада белгіленген міндеттердің орындалу жайына мониторинг жүргізетін кез келді деп ойлаймыз. *  *  * Ұлттық заңнама және терминография. Терминография туралы сөз қозғай бастағанда алдымен алаңдататын мәселе, біз үшін, сөздіктер мәселесі болып отыр. Осыдан бір­шама уақыт бұрын, яғни 90-шы жылдары, тіпті 2000 жылы да сөздіктердің жетіспей­тіндігінен, жоқтығынан қиындық көрсек, қазір олардың көптігінен зиян шегіп жүрміз десем, жұрт таңырқайтын да шығар. Алайда осы саладан хабары бар адам көкейдегі сөз етпек ойды бірден түсіне қояды деп ойлаймын. Айтпағымыз, бүгінгі күні термин сөздер мен атаулардағы ала-құлалықтың қайнар көзі, бірінші кезекте, тап осы сөздіктер десек, қателеспейтін шығармыз. Әрине, бұған мерзімдік басылымдардың да қосып отырған “үлесі” аз емес. Бұл қазір ресми тілімізді, оның ішінде ұлттық тер­миндерді қалыптастыруда бытыраңқылықты болдырмаудың орнына, оны үдетіп отырған тағы бір үлкен мәселе. Баршамызға белгілі, қарапайым қазақ ана тілінде заң оқымаса да, газет не жур­налды шолып, теледидар көріп, радио тың­дай­тыны анық. Демек, жалпы қазақтың сана­сына жаңа сөзді заң емес, бұқаралық ақпарат құралдары сіңіреді және әрқайсысы әртүрлі баламада таныстырады. Иә, газеттер сөзжасамның неше түрлі нұсқаларын ұсынып жүр. Олардың принципіне сүйенсек, аударылмайтын бірде бір сөз болмауы керек сияқты. Мысалы, “ро­яль”, “фортепиано”, “процент”, “бизнес” сияқты халықаралық сөздерді ақ тер, көк тер боп аударудың не керегі бар. Термин қабылдаудың ғылыми принциптерін нақты қарастырып, осы жолда көп еңбек сіңірген ғалымдардың бірі Құдайберген Жұбанов халықаралық терминдерді қазақ тіліне аудармай сол қалпында алу керек деген еді. Мысалы, революция, совет, теория, практика, хирургия, климат, тенденция деген сөздер осы қатарға жатады. Соңғы кездері сөз жасаушылар көбейіп кетті. Соның кесірінен жарыспалы сөздер жаппай етек алды. Бұрын қалыптасқан сөздердің жаңа баламалары пайда болып, жұртты шатастырды. Мысалы, “охрана” сөзі әуелде “күзет” деп алынған еді. Енді оны қазақ тілді тәуелсіз басылымдар “қорғауыл”, “сырттауыл”, “сайдауыл” деп те алып жүр. “Семьяны” әлі күнге дейін “жанұя” деп жа­зады. Ол әлдеқашан “отбасы” деп қабыл­данған жоқ па? “Қазаншының еркі бар қайдан құлақ шығарса” деген мәтел тілге жүрмейді. Қазақ Алтайдан Атырауға дейінгі ұлан-байтақ жерді жайлап отырса да тілінде диалект жоқ еді, енді сол диалектіні өзіміз қолдан жасап бергелі отырмыз ба? Енді сөздіктер мәселесіне оралайық. Соң­ғы жылдары жауыннан кейінгі са­ңы­рауқұлақтай қаптаған бұл дүниелердің пай­дасынан зияны көп болып тұрған сияқты. Олардың бірінде бар сөздерді екіншілерінің ой елегіне салып екшемей, сол күйінде көшіріп алатынынан я пайда, я зиян жоқ десек, бір сөзді әрқайсысы әртүрлі алатыны тек зиянын тигізіп жатыр. Сөзіміз жалаң болмауы үшін бірнеше мысал келтірейік. М. Ізімұлының 1999 жылы шыққан “Заңи терминдердің түсіндірме сөздігі” деген еңбегінде “неустойка” сөзі “тұрақсыздық айыбы” (210-бет) деп алынған. Алайда бұл сөз 2000 жылы шыққан 31 томдық сөздіктің “Юриспруденция – Заңтану” атты 30-томында “айып төлеу” (261-бет) деп алын­ған. “Айып төлеу” дегеніміз “оплата штра­фа” емес пе? Ал енді 2009 жылы жарық көрген “Заңдарда жиі қолданылатын терминдер мен сөз тіркестерінің қазақша-ор­ысша және орысша-қазақша сөздігінде” аталған сөз “айып тө­леу”, “айыпақы” және “тұрақсыздық айы­бы” деп үш түрлі аударылған (13, 299-беттер); Соңғы қабылданған заңдарда “не­доимка” сөзі “бересі” деп алынып жүрсе, “Юриспруденция – Заңтану” сөздігінде “алашақ” (257-бет), ал Заңдарда жиі қолданылатын терминдер сөздігінде екі түрлі, атап айтқанда, 37-бетте “сумма недоимки – бересі сомасы”, ал 295-бетте “толық төленбеген төлем” деп алынған. М. Ізімұлының сөздігінде “доказатель­ство” сөзі “дәлелдеме” деп алынған (115-бет). Оны Терминком да солай бекіткен. Ал Заңдарда жиі қолданылатын терминдер сөздігінде “айғақ” деп аударылған (12-б). “Айғақ” дегеніміз – “показание”, мыса­лы, осы сөздіктің 325-бетінде “показание” – “айғақ” деп, ал 249-бетінде “доказа­тельство” деген сөз “дәлелдеме” деп алынған. Ресми құжат аудармашылары басшылыққа алатын бір сөздікте бұл сөздің осылайша екі түрлі алынуы өкінішті-ақ. Енді “осмотр”, “обследование”, “про­верка”, “расследование” сөздері жөнінде. “Юриспруденция – Заңтану” сөздігінде “осмотр” – “қарау” (273-бет), “обследо­вание” – “тексеру” (265-бет), “рассле­д­о­ва­ние” – “тергеу” (309-бет) деп алын­ғанына қарамастан, заңдарда жиі қолда­нылатын терминдер сөздігінің 172 және 311-беттерінде “осмотр”, “обследование”, “проверка”, “расследование” деген сөздер “тексеру” деген бір ғана сөзбен ауда­ры­лыпты. Мұндағы “тексеру” дегеніміздің өзі “проверка”. Аталған жағдай тәжірибесі аз, жас аудармашыны шатасуға ұрындырады. Осындағы “осмотр” сөзін – “қарап тек­серу”, “обследованиені” – “зерттеп тек­се­ру” деп бекіткен жөн болар, “рассле­до­ва­ние” дегеніміз бұрыннан “тергеу” емес пе. “Юриспруденция – Заңтану” сөзді­гі­нің 322-бетінде “соучастие” деген сөз “қа­­ты­су” деп аударылған. Ал “қатысу” де­ге­німіз “участие”. Сонда “участиенің” “соу­частиеден” айырмашылығы болмағаны ма. Ал “процесс” сөзінің, қарап отырсақ, кездеспейтін саласы жоқ. Жаратылыстану ғылымында да, гуманитарлық салада да, құқық теориясы мен практикасында да кездеседі. Мағыналық ауқымының кең­дігіне орай бұрын “процесс” деп алынып жүрген осы сөзді Терминком таяуда ғана “үдеріс” деп бекітті. Түбірі қазақ тіліндегі “үдеру” деген сөзден шы­ғатын осы “үде­рістің” “процеске” мағыналық жағынан тура балама бола қоярына күмәніміз бар. Жалпы, қандай сөзді алсақ та ол алдымен санада сәулеленеді, яғни белгілі бір құбылыстың, нәрсенің бейнесін береді. Ал “үдеріс – үдеру” деген сөз Қазақ тілінің түсіндірме сөздігіндегі “үдере көшу” тіркесінен түсінетініміздей, жаппай әрі асығыс жасалып жатқан “үдере көшу” сияқты қарбалас тірлікті көз алдымызға әкелмей ме. Орыс тілінде “процестен” туындайтын “процессуальный” деген сөз бар. Егер “процесс” сөзі “үдеріс” деп алы­натын болса, соған сәйкес “процессуаль­ный” дегеніміз “үдерістік” деп аударылады. Сонда “Уголовный процессуальный кодекс” – “Қылмыстық үдерістік кодекс” (үдеру кезеңіндегі кодекс), “процессуальное положение” – “үдерістегі жағдай” (үдеру кезіндегі жағдай), “процессуальные документы” – “үдерістік құжаттар” (үдеру кезіндегі құжаттар) деген тіркестердегі “үдеріс” деген сөз “процестен” өзгеше, мүлдем басқа ұғымға жетелеп тұрған жоқ па. “Процесс” сөзінің осы баламасы жөнін­де әлі де жақсылап ойлану керек секілді. Бұл сөз де ендігі жерде әр сөздікке әртүрлі формада кіріп, жарыспалы терминдер қатарын көбейте ме деп қорқамыз. Құрылыс саласындағы “строительство”, “сооружение”, “строение”, “постройка” сөз­дері көбінесе “құрылыс” деген бір сөз­бен алынып жүр. “Сооружение” деген сөзді жеке кездессе “ғимарат” деп, ал осы сөздің тікелей баламасы “здание” деген сөзбен қатар кездессе “құрылыс” деп, ал егер “стро­ительство”, “здание”, “сооружение”, “строение”, “постройка” деген сөздер қатар кездессе, әркім әртүрлі амал жасап, өз бе­тінше аударып келеді. Осы күнге дейінгі бір­де-бір сөздікте аталған сөздерге жеке-же­ке балама тауып, бекіту әрекеті жасалған емес. Бұл мәселеде тәртіп болмаса, қалың жұртшылықты былай қойғанда, термин жасаушы мамандарымыздың өзі көп ұзамай әбден шатасатынын, ал уақыт өте келе оны ретке келтіру өте қиынға соғатынын қазірдің өзінде сезіп отырмыз. Мұндай жағдай заң мәтінінің аудармасы немесе терминдері жөнінде дау туа қалса, ең алдымен сөздіктерге жүгінетін заң шығарушыны, яғни депутаттар қауымын бір ұғымның бірнеше атауымен “қа­ру­ландыруға” “көп көмегін” тигізіп жүр. Бұл жерде де Терминкомның рөлі жөнінде айтпай кете алмаймыз. Алдымен осы органға мемлекеттік мәртебе берілуге тиіс. Өйткені, оның шешімдерінің міндетті күші болуы қазір аса зәру мәселеге айна­лып отыр. Бұл туралы тілдерді дамытудың қазір қолданылып жүрген бағдарламасында да, Мемлекеттік хатшы терминология мәселесі жөнінде 2007 жылы өткізген жиынның хаттамалық тапсырмаларында да айтылған. Бірақ әлі күнге нәтиже жоқ. Екіншіден, мемлекеттік мәртебе алған Терминком сөздіктер мәселесін мықтап қолға алуға тиіс. Қоғам өмірінің эко­номика, ғылым-білім, мәдениет пен өнер сияқты секторлары өз кезегінде сала-салаға тарамдалып кететіні белгілі. Міне, осы салалардың әрқайсысында басшылыққа алынатын бір ғана сөздік болуға тиіс. Мейлі ол “үлкен сөздік” деп атала ма, мейлі 2-3 кітаптан тұра ма, бәрібір, алайда ол бір ғана сөздік болуға тиіс. Оған сол са­лада шығып үлгерген барлық сөздіктердегі қамтылған сөздер екшеліп алынуы керек. Сөйтіп, ол баршамыз басшылыққа алуға тиісті міндетті басылым болуы керек. Бұл – үлкен жұмыс. Бір институттың жұмысы. Біліктілік пен білімді қажет ететін аса қиын әрі күрделі жұмыс. Алайда бұл – аса қажет жұмыс. Онсыз қазіргі жағдайды және, тірлік жасамасақ, болашақта орын алуы ықтимал бейберекеттікті түзеу мүмкін болмайды. Сондықтан терминографиядағы осы істі, қанша қиын болса да, қолға алатын уақытты өткізіп алмау керек. Заман ағымына ілесіп отыру үшін, көштен қалып қоймау үшін бұл – аса қажет іс. Ұлттық заңнама тілінің өзекті пробле­малары деуге болатын жоғарыдағы мә­селелер жөнінде әлі де талай әңгіме айтуға болады. Алайда оның бәрі бір іс тындырғанға жетпес еді. Дәуітәлі ОМАШҰЛЫ, Парламент Мәжілісі аппаратының Редакциялау және аударма бөлімінің меңгерушісі, Мемлекеттік терминология комиссиясының мүшесі. Астана.