Президент іс-шарада сөйлеген сөзінде «Астана» халықаралық қаржы орталығының биржасындағы алғашқы сауда-саттықты бастау рәсімінің ұлттық валютамыз – теңгенің 25 жылдық мерейтойы қарсаңында өтуінің символдық мәні зор екенін айтты.
Нұрсұлтан Назарбаев төл теңгемізді енгізу өз қаржы жүйемізді қалыптастырып, мемлекетіміздің экономикалық дербестігін қамтамасыз етуге мүмкіндік бергенін атап өтті.
– Содан бері Қазақстан экономикасы едәуір өсіп, халықтың тұрмыс деңгейі де артты. Ауқымды реформалар жүргізіліп жатыр. «Астана» халықаралық қаржы орталығының іске қосылуы – елімізді одан әрі орнықты дамытудың маңызды қадамы, – деді Елбасы.
Қазақстан Президенті рәсімге қатысушыларға әлемдік уран нарығының 20 пайызға жуығын қамтитын «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясы бүгін ІРО-ға алғаш рет шығып отырғанын айтты.
– Келешекте біз «Қазақтелеком», «Эйр Астана», «ҚазМұнайГаз» және өзге де ұлттық компаниялардың активтерін сатылымға шығаруды жоспарлап отырмыз. «Астана» халықаралық қаржы орталығы елімізге шетелдердің капиталын тартудың құралына айналып, қор нарығын дамудың жаңа деңгейіне шығаруға тиіс. Мұнда әлемнің үздік тәжірибелері жаппай қолданылып, тәжірибелі серіктестер мен сарапшылар тартылған, сондай-ақ оның жұмысына қатысушылар үшін теңдессіз жағдайлар жасалған, – деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев келешекте «Астана» халықаралық қаржы орталығы өңірдің басты қаржы хабына айналып, Азияның үздік қаржы орталықтарының қатарына қосылуға тиіс екенін атап өтті.
– Қаржы орталығы қазірдің өзінде елордамызға «қаржы астанасы» деген жаңа мәртебе берді. Жаһандық қаржы орталықтарының рейтингінде бас қаламыз тек соңғы жылдың өзінде
27- сатыға көтерілді. Астана тұрғындары мен елорда қонақтары үшін мейлінше қолайлы жағдай жасалатын «ақылды қала» ретінде одан әрі дами береді, – деді Елбасы.
Соңында Қазақстан Президенті мемлекетіміздің барлық бастамалары халқымыздың әл-ауқаты мен еліміздің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталғанын айтты.
Миллиондаған отандасымыз акционер атанды
Сонымен «Астана» халықаралық қаржы орталығы биржасының алаңында «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясының жай акцияларын шартсыз сату, сондай-ақ жаһандық депозитарлық қолхаттарды шартты сату басталды.
Осы орайда салтанатты рәсім аясында Мемлекет басшысына есеп берген «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімов осыдан бірер жыл бұрын ЭКСПО-2017 құрылысы басталған тұста Елбасының енді салына бастаған ғимараттар болашақта «Астана» халықаралық қаржы орталығына беріледі деген сөздерін еске салды. Сонымен қатар Елбасының осы тұрғыдағы жоспарының толық жүзеге асқандығына тоқталды.
А.Есімов, сондай-ақ жекешелендірудің кешенді жоспарының аясында «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының» алты компаниясы IPO/SPO-ға шығатындығын атап өтті.
– Бұл – Қазақстанның квазимемлекеттік секторының дамуындағы жаңа кезең. Қордың 2018-2028 жылдарға арналған даму стратегиясына сәйкес біздің мақсатымыз – компаниялардың тиімділігін арттыру және активтер портфелін басқаруды жақсарту. Жекешелендіру осы мақсатқа жетудегі құралдардың бірі, – деп атап өтті А.Есімов.
Басқарма төрағасының сөзіне қарағанда, Лондон және АХҚО биржаларына «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ны шығару табысты басталған. Әлемдегі нарықтың күрделі жағдайына қарамастан, шетелдік және отандық инвесторлар бұл оқиғаға аса маңыз берген. Нәтижесінде IPO-ға 49 шетелдік және 16 отандық заңды тұлға, сондай-ақ Қазақстанның 2700 азаматы қатысқан. Осы арқылы еліміздің миллиондаған тұрғыны «Қазатомөнеркәсіп» АҚ-ның акционеріне айналып шыға келді.
– Бұл компанияның тек инвестициялық тартымдылығының нышаны ғана емес, алдымен елімізде Сіз жүргізіп отырған экономикалық саясатқа сенімнің белгісі, – деді басқарма төрағасы А.Есімов Мемлекет басшысына.
«Қазатомөнеркәсіп» АҚ-ның ықтимал инвесторларының ұсыныстары ойдағы жоспардан да артық нәтиже берген. Дәлірек айтқанда, акцияларға сұраныс ұсыныстан 1,7 есеге артып түскен. Мәселен, листингтің алғашқы күні-ақ 45 млн АҚШ доллары көлемінде төлем түскен және алдағы күндері тағы 405 млн күтілуде. Сондағы жиынтық 450 млн АҚШ доллары Ұлттық қорға аударылмақ. Нәтижесінде бұған дейін Ұлттық қордан «Самұрық-Қазына» АҚ-ға бөлінген қаражат уақытынан бұрын қайтарылғалы отыр. Оған қоса акциялары биржаға шығарылған «Қазатомөнеркәсіп» АҚ-ның табысы арта түсіп, капитал тартуға және болашақта тиімділігін арттыруға мүмкіндік бермек.
Ахметжан Есімовтің айтуынша, «Қазатомөнеркәсіп» АҚ-ның үлгісі болашақта өзге компанияларды да биржаға шығаруда зор тәжірибе болмақшы. Өз кезегінде, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ басқарма төрағасы Ғалымжан Пірматов:
– Біз ІРО-ны сәтті өткізіп, уран өнеркәсібіндегі әлемдік көшбасшы екенімізді дәлелдедік және «Астана» халықаралық биржасында листингтен өткен алғашқы компания болдық. Жергілікті және халықаралық инвесторлар компаниямызға үлкен қызығушылық танытты. Біздің жаңа акционерлеріміздің арасында қазақстандық инвесторлар мен жетекші халықаралық инвестициялық қорлар бар. Біз компанияның табысы мен болашағын жаңа акционерлермен бөлісуге және еліміздің игілігі үшін компанияны дамудың жаңа кезеңдеріне бастауға дайынбыз, – деп мәлімдеді.
Ұлттық атом компаниясы басшысының сөзін АХҚО басқарма төрағасы Тимоти Беннетт те толықтыра түсті.
Ол АХҚО өз инновациялылығын көрсете отырып, халықаралық стандарттар бойынша жұмыс істейтіндігін және реттелетіндігін атап өтті.
Мұнан соң сөз алған «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Қайрат Келімбетов АХҚО алаңына «Қазатомөнеркәсіп» АҚ ІРО-сын шығару тек «Астана» халықаралық қаржы орталығы үшін ғана емес, сонымен бірге Қазақстандағы капитал нарығын дамыту үшін де айтулы оқиға болып саналатындығына тоқталды.
– Бұл біздің алаңымыздағы ұлттық компаниялардың мемлекеттік жекешелендіру бағдарламасының аясында бірқатар орналастырудың бірінші ІРО-сы болып табылады, – деді Қ.Келімбетов.
Көл-көсір табыстың көзі
АХҚО биржасы биыл «Астана» халықаралық қаржы орталығын дамыту шеңберінде құрылған болатын.
Биржаның негізгі акционерлері – АХҚО, GoldmanSachs, Жібек Жолы қоры, Шанхай қор биржасы және NASDAQ америкалық биржасы. Соңғы аталған екі биржа әлемдегі ең ауқымды 5 биржаның қатарына кіреді.
Жалпы, АХҚО биржасының алдындағы негізгі міндет ел экономикасының игілігі жолында ұлттық нарыққа қызмет ету болмақ. Оның ішінде әлемнің үздік тәжірибелеріне сәйкес келетін биржа ұлттық компанияларды жекешелендіруге арналған алаңға айналуы тиіс. Сонымен қатар мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордың облигацияларын шығару, жеке компаниялардың құнды қағаздарын орналастыру міндеті де осы биржаға жүктелген.
Қазіргі уақытта АХҚО биржасы еліміздің қаржы нарығын дамыту мен тиімділігін арттыру арқылы болашақта жергілікті капитал нарығын жоғары деңгейге көтеру жұмыстарына кірісіп кетті. Ал дамыған капитал нарығы бүгінде басым бөлігін банк секторы құрайтын Қазақстанның қаржы жүйесін толықтырып, тепе-теңдікті қалыптастыруға ықпал етпек. Демек, «Астана» халықаралық қаржы орталығының еліміздегі және өңірдегі экономикалық іс-қимылдарды қаржыландырудың тұғырына айналар күні жақын.
Өз кезегінде «Астана» халықаралық қаржы орталығының құқықтық мәртебесі Мемлекет басшысы 2015 жылы қол қойған конституциялық заңмен бекітілген, ал жұмыс тілі – ағылшын тілі. Ал қаржы орталығының жұмысына қатысушыларға 50 жылға дейін салықтық жеңілдіктер қарастырылған, сондай-ақ олар үшін жеңілдетілген валюталық, визалық және еңбек режімдері көзделген. Бұл – қызметі ағылшын құқығына негізделген өңірдегі бірден-бір орталық. АХҚО Нью-Йорк, Сингапур, Лондон және Дубай қалаларындағы қаржы орталықтарының үздік моделі негізінде жұмыс жүргізеді.
Бүгіннің өзінде АХҚО-да Қытайдың Даму банкі сияқты ондаған халықаралық ірі компания тіркелген. Сонымен қатар Сингапур, Гонконг және Батыс Еуропаның халықаралық брокерлік үйлерінің қызығушылығын тудыруда. Дәлірек айтқанда, қазірдің өзінде Гонконгтағы екі ірі брокер – China International Capital Corporation және Shenwan Hongyuan Securities «Астана» халықаралық қаржы орталығының мүшесі мәртебесін иеленген.
«Астана» халықаралық қаржы орталығының «жасыл», исламдық және инновациялық қаржы құралдарын дамытудың өңірлік орталығына айналуға толық мүмкіндігі бар.
Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында: «Бизнесті шетел инвестициясымен, капиталға қолжетімділікпен қамтамасыз ету ісінде «Астана» халықаралық қаржы орталығы маңызды рөл атқаруға тиіс. Біз жеке сотты, қаржы реттеуішін, биржаны арнайы құрдық. Барлық мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялар осы алаңды белсенді пайдаланып, оның тез қалыптасуына және дамуына атсалысуы керек», деген болатын.
Демек, Астана – жасару мен жаңғыру жолындағы жасампаз ұлтымыздың жаңа келбеті болса, бұл қаржы орталығы оның қаржылық әлеуетінің нышаны болмақ.
Серік ӘБДІБЕК,
«Егемен Қазақстан»