Бастауыш партия ұйымдарының қызметін жандандырудың тиімді жолдары мен тетіктерін талқылау мақсатында ұйымдастырылған форумның ашылуында «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев барша қатысушыларға сәттілік тілеп, форумның маңызына тоқталды. «Елбасы бізге партия қызметін жүйелі жаңғыртуды тапсырғанын білесіздер. Бастауыш партия ұйымдарының тиімділігін арттыру – сол жұмыстың басты бағыттарының бірі. Сондықтан соңғы айларда осы салада айтарлықтай жұмыстар атқарылып, Шымкент, Қарағанды, Павлодар және Ақтөбе қалаларында бастауыш ұйымдардың төрт бірдей аймақтық форумы өтті. Соның қорытындысы ретінде бүгін республикалық форумда бас қосып отырмыз. Осындай игі бастамалар бастауыш партия ұйымдарының жұмысын заман талаптарына сай жетілдіріп, олардың тиімділігін арттыра түсетіні сөзсіз», – деді М.Әшімбаев.
Сондай-ақ ол форум барысында айтылған өзекті пікірлерді әрбір нұротандық тиімді пайдалану керектігіне назар аударды. «Бүгінгі іс-шараны тәжірибе алмасатын, толғандырып жүрген сауалдарға жауап алатын пікір алмасу алаңы ретінде қарастырған абзал. Сондықтан баршаңызды ашық және еркін диалогқа шақырамыз», – деді М.Әшімбаев.
Жиында Қоғамдық даму министрі Дархан Кәлетаев елімізде ауылды жандандыру мақсатында арнайы Жол картасы әзірленгенін жеткізді. Сол үшін «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында бекітілген алты бағытқа жетіншісі қосылып, «Ауылым – алтын бесігім» атты арнайы бағыт енгізілмек. Сондай-ақ министр алдағы «Жастар жылына» арналған арнайы Жол картасы да дайындалғанын атап өтті.
Ал Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов «7-20-25» тұрғын үй бағдарламасы бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталып, форумға қатысушылардың сауалдарына жауап берді.
Өз кезегінде Білім және ғылым вице-министрі Асхат Айтмағамбетов Елбасы Жолдауында айтылған «Педагог мәртебесі туралы» заң аясында мұғалімдердің жүктемесі азаятынын айтты. Сондай-ақ ол бес әлеуметтік бастаманың үшінші бағыты – қолжетімді және сапалы жоғары білім мен студенттердің жатақханадағы жағдайын жақсарту бойынша қолға алынған нақты істерге назар аударды.
Жалпы, бастауыш партия ұйымдары – жергілікті жерлерде партия саясаты мен оның стратегиялық міндеттерін жүзеге асырып, халықпен және әрбір нұротандықпен етене жұмыс істейтін партиялық құрылым. Бүгінде партияның 6 мыңға жуық бастауыш ұйымы бар. Соның ішінде 1000-нан астам мүшесі бар 104 ірі бастауыш ұйым тіркелген. Партия қызметін жаңғырту аясында жүргізілген сараптамалар нәтижесінде бастауыш ұйымдардың партия филиалдарымен және Орталық аппаратпен байланысы жүйелі жолға қойылмағаны, бастауыш ұйымдар деңгейінде жүзеге асырылатын нақты жобалардың болмауы, оларды қаржылай қолдаудың ретсіздігі және материалдық-техникалық жабдықталуының көңіл көншітпейтіні сияқты бірқатар өзекті мәселелер анықталған. Осы түйткілдерді тиімді шешу жолдары Бастауыш партия ұйымдарының жұмысын жандандыру тұжырымдамасында айқын көрсетілген.
Форум делегаттары аталған тұжырымдамада қамтылған мәселелерді панельді сессияларда кеңінен талқылады. Мәселен, «Партияішілік менеджмент» сессиясында қатысушылар партия жұмысындағы заманауи технологиялар, соның ішінде ішкі бизнес үдерістерін автоматтандыру, Е-Аналитика жүйесін енгізу, жобалық тәсіл және бастауыш ұйымдардың өз жобаларын жүзеге асыру сияқты партия қызметін жандандыратын ұтымды тұстарды қарастырды. Осы мәселе жөнінде шетелдік сарапшы, Түркияның Әділет және даму партиясының Шығыс Анадолы өңіріндегі үйлестірушісі Махмұт Сами Маллы кеңінен сөз қозғап, шетелдік тәжірибеге тоқталды. Келесі сессияда қатысушылар партияның кадрлық резервін қалыптастырудағы жаңа әдіс-тәсілдерге назар аударды. Бұл сессияда Ресейдің «Единая Россия» партиясының департамент басшысы Н.Финько кадрлық резерв қалыптастырудың халықаралық тәжірибесіне назар аударды.
«Тиімді коммуникация» деп аталған үшінші сессияда делегаттар партия жақтастарын ортақ мақсаттарға жұмылдыру, қоғамдық пікірлерге байланысты әрекет ету, қоғамдық күн тәртібін қалыптастыру сияқты партия жұмысындағы базалық міндеттерді жүзеге асыру кезіндегі заманауи коммуникацияның рөлі жайында пікір алмасты. Сондай-ақ қатысушылар украиналық саясаттанушы Всеволод Зелениннің пікірлерін тыңдап, өз сауалдарына жауап алды.
Панельді сессия кезінде бастауыш ұйымдардың жұмыс тиімділігінің көрсеткіштері де жан-жақты талқыланып, қатысушылар өзара байланыс, қаржыландыру, жергілікті жердегі мәселелерді дер кезінде анықтау сияқты бірқатар басымдықтар бойынша өз пікірлерін білдірді. Ал бұл жиында шетелдік тәжірибе жөнінде Ұлыбританияның саяси консалтинг бағытында қызмет көрсететін CSM компаниясының атқарушы директоры, Халықаралық саяси консультант қауымдастығы директорлар кеңесінің мүшесі Р.Мерфи айтып берді.
Республикалық форум бүгін өз жұмысын жалғастырады.
Жолдыбай БАЗАР,
«Егемен Қазақстан»