– Ғалым Байназарұлы, теңгеміздің «өмірге келуіне» өзіндік қолтаңба қалдырған қаржыгерсіз. Осы жұмыстың басы-қасында жүріп, теңгені айналысқа енгізуге Ұлттық банк ұжымы, өзіңіз үлкен еңбек сіңірдіңіз. Жоқтан бар жасау қашан да оңай емес екені белгілі, елдің қаржы жүйесінің 25 жыл бұрынғы жағдайы мен қазіргісінің арасы жер мен көктей шығар...
– Иә, ол еліміз енді ғана егемендігін алған кезең болатын. Кеңес Одағынан бөлінген мемлекеттер өз бетінше өмір сүруді жаңа бастап жатқан кез. Оған дейін біздің экономикамыз, қаржы, банк жүйесі бір орталықтан, Мәскеудегі одақтық мекемелер арқылы басқарылды. Соған орай, бізде дербес қаржы-кредит саясаты, банк жүйесі, ұлттық валюта болған емес. Алыс-жақын шетелдермен есеп-қисап айырысатын шоттар, ішкі және сыртқы есеп-қисап ашатын жүйе, дербес төлем балансы, басқа да инфрақұрылымдық жүйелер жоқ болатын. Сол себепті, кеңестік біртұтас экономика ыдырағаннан кейін егемендік алған мемлекеттер үлкен қиындыққа ұшырады. 1991-1992 жылдары өзінің ұлттық валютасы жоқ, рубль аймағындағы елдер амалсыздан Ресейдің экономикасында жүргізіліп жатқан реформаларға, қаржы және несие саясатына тәуелді болып қала берді. Ал Ресейде Е.Гайдар бастаған «жас монетаристер» тобы үкімет билігіне келіп, бағаны бетімен жіберді. Соның салдарынан ақша құнсызданды, тауардың тұтыну бағасының өсімі шарықтап кетті, инфляция мыңдаған пайыздан асып жатты. Мысалға, сол 1991 жылы инфляция деңгейі бір жылдың ішінде 147,1 пайызға, 1992 жылы 2960,8 пайызға жетіп, ал 1993 жылы 2165,0 пайыздан асып жығылды. Сөйтіп алғашқы үш жылдың ішінде 5272,9 пайыздан астам инфляция туындады. Ал ол кезде Үкіметтің қолында инфляциямен күресетін арнайы қаражаттық қор немесе орталық банктің алтын-валюта резерві және басқалары болған жоқ. Ол кезде алтын-валюта резерві әлі құрылмаған-ды. Ал біздің мемлекеттік бюджет үлкен дефицитпен орындалып жатты.
Осындай қиын жағдайда біздің алдымызда үш негізгі мәселе тұрды. Бұл ретте мемлекетіміздің саяси егемендігін, оның тіреуші, негізгі күші болатын дербес экономикасын құру міндеті алға шықты. Осыған орай бірінші кезекте дербес ақша-қаражат саясатын қалыптастыру, тәуелсіз банк жүйесін құру, сөйтіп экономиканы өз бетімізше басқаруға мүмкіндік беретін жаңа басқару тетіктерін жасап, іске қосу мақсаттары тұрды. Екіншіден, осыған байланысты ұлттық валютаны жасау керек болды. Үшіншіден, осы ұлттық валюта қолданысқа қосылған жағдайда валютаның дербес айналымын қамтамасыз ететін жаңа қаражат кеңістігі, осы кеңістіктегі жұмысты жүргізетін қабілетті, заманауи жеке құрылымдар, бұрын-соңды болмаған жаңа қаржылық инфрақұрылым жасау қажет еді, онсыз валюта өз міндетін орындай алмайтын. Инфрақұрылым ішінде бізге тез арада алтын-валюта қоры, электронды банкаралық қаражат, валюталық биржалары, банкноттық фабрика, монета сарайы, валюта және құнды металл, онымен қоса, бағалы қазына сақтау қоймалары, дербес төлем және есеп айыру жүйелері, шетел банктерімен корреспонденттік қатынастар қалыптастыру, қаржылық есебімізді, бухгалтерлік есеп жүйесін шетел стандарттарына көшірудің алғышарттарын бастау, банк саласының жаңа бақылау жүйесін жасау, онымен өз деңгейінде жұмыс істей алатын мамандар дайындау, барлық құрылымдарды озық заманауи компьютерлік технологиямен, жаңа көлік байланысы жабдықтарымен жасақтау және басқа жұмыстарды іске асыру керек болды.
Мен 1992 жылдың басында, нақтырақ айтсам, қаңтардың 17-сінде Ұлттық банк төрағасы болып тағайындалдым. Жоғарыда аталған барлық нысандарды, басқа да сан қырлы шаруалардың барлығын біз қысқа уақыт, 1992-1993 жылдар аралығында, біржарым жылдық мерзімде іске қосып үлгердік. Әсіресе гиперинфляция кезінде бағаның шарықтап ырықсыз өсуіне төтеп бере алмай, банкроттық жағдай бастарына тікелей төнген, экономиканың қара шаңырағын құрайтын түсті және қара металл, уран, титан, мұнай, газ, көмір өндірістерін, теміржол, басқа салалардағы аса ірі ғылыми-өндіріс орындарын, ауылшаруашылық комплексін сақтап қалу шараларында Үкімет, болмаса басқа қаражат институттарының бұл мәселені шешуге қажетті қаражаттық мүмкіншіліктері болмады. Осы мақсаттағы шараларды орындау жолында Ұлттық банк және жаңа құрылып жатқан екінші деңгейдегі банк жүйесіне ел Президенті және Жоғарғы Кеңес тарапынан жауапты міндеттемелер жүктелді, бұл олар үшін үлкен сын болды. Барлық қиындықтарға қарамастан Ұлттық банк және банк жүйесі осы тарихи міндетті ойдағыдай орындап, осы жағдайға тығыз байланысты егемендік құқымызға негізделген арнаулы дербес қаржы-кредит саясатын іске асырып, 1991-1993 жылдардағы гиперинфляцияның алпауыт апатынан ірі өндіріс ошақтарын, экономиканы құрдымға кетірмей, сақтап қалды.
– Айтқандай, ұлттық валютамыз алғаш қолданысқа енген тұста теңгенің бағамы 1 АҚШ долларына шаққанда 4,75 теңге болған екен. Тіпті 1 теңге 500 рубльге айырбасталған. Ал қазіргі жағдайды өзіңіз білесіз, АҚШ ақшасының құны аспандап тұр. Теңге бағамының бұлайша құбылуына не себеп?
– Әрине, валюта – экономиканың басқару құралдарының негізгілерінің бірі. Бірақ бұл халықаралық дағдарыстардан, экономика құрылымындағы біржақтылықтан туындайтын әсерлерге тыйым бола алмайды. Ал ұлттық валютамыз теңге айналымға енген 25 жыл ішінде ел экономикасында орын алған қиын дағдарыстардың зардаптарымен күресуде тарихи миссиясын толығымен орындады деп ойлаймын. Егер бізде өз валютамыз емес, басқа елдің валютасы қолданыста болған болса, экономиканың басқару саясаты, оны жетілдіру мәселелері қолымызда болмаған болар еді. Басқа елге тәуелді бодандық қалпымызға қайта оралар едік. Осы уақыт ішінде экономикамыз үш дүркін үлкен дағдарысты бастан кешірді. Әсіресе кеңес дәуіріндегі жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға көшу кезеңіндегі (1992-1997 жж.) дағдарыс өте ауыр болды. Осы жылдары (1995 ж.) өнеркәсіп өндірісі 1990 жылмен салыстырғанда 52 пайызға, ауылшаруашылығы 48 пайызға құлдырап, экономикада құрылымдық диспропорциялық дағдарыс пайда болды, мұнай мен газ өндірістеріне біржақты тәуелділік орын алды. Бұл уақытта мұнай бағасы біресе өсті, біресе құлдырады. Ал отандық экономиканың 25-30 пайызы, экспорттағы 60-65 пайызы мұнай мен газдың бағасына тікелей байланысты. Сондықтан бұл кезде теңгенің долларға қатысты бағамы да бір орында болған жоқ. Әсіресе 1998 жылы Ресейдің дефолттық дағдарысы кезінд әлсіреп, 1999 жылы теңге бағамы қатты құлады. Одан кейін 2009 жылы Дүниежүзілік қаржы дағдарысы басталған кезде ұлттық валютамыз тағы да үлкен соққы алды. Одан соң 2014-2015 жылдары тағы құнсызданды. Төмендеу 30-40 пайызға дейін жетті. Міне, осылардың салдарынан қазірге дейін теңгеміз еңсесін толық тіктей алған жоқ. Әлі күнге бағам біресе асып, біресе түсіп тербелісте тұр.
Алғаш қолданысқа енгенде 1 теңге 500 рубльге айырбасталғаны рас. Алайда біздің есебіміз бойынша, сол кездегі құнсызданудың қарқынын есепке ала отырып, 1 теңгені 1000 рубльге айырбастау керек еді. Бірақ сол кездегі Ұлттық комиссия мен Үкімет бұл мәселенің экономикалық тиімділігінен гөрі саяси жақтарына көбірек мән беріп, Ұлттық банктің ұсынысын қабылдамады. Сол қателік те теңге бағамына осы уақытқа дейін кері әсерін тигізіп отыр деп ойлаймын.
– Биыл ұлттық валюта бағасын қадағалауды қайтадан Ұлттық банкке беру керек деген ұсыныстар да айтылып жатты. Сіз бұған не дейсіз?
– Иә, соңғы екі жылда Ұлттық банк теңге бағамын ашық кеңістікке, нарықтың реттеуіне қоя берді. Әрине, егер елде инфляция деңгейі 2-3 пайыздан аспай, экономикасы тұрақты болса, осылай болғаны өте дұрыс. Бірақ экономикамыз сыртқы факторларға бағынышты, шикізаттың әлемдік нарықтағы бағасына тәуелді, ішкі экономикадағы мұнай мен газ бағыттарынан басқасының қуаты мардымсыз кезде, әрине, менің ойымша, теңгенің бағамын әлі де болса орталық банктен реттеген жөн сияқты. Біздің экономикамыз Қашаған мұнай өндіріс орны іске қосылғаннан бері және мұнай бағасының жоғарғы қарқынмен көтерілуіне байланысты біраз өсу жолына түскендей. 2017 жылы экономиканың өсу деңгейі 4 пайыздан сәл асты. Ал теңге бағамы экономиканың өсіміне, тауар бағаларына, әсіресе халықтың күнкөрісіне тікелей әсер етеді. Сондықтан мұны шама келгенше ырықтандырған жөн, теңгені долларға телу мәселесінен шығатын басқа баламалы жолдарды зерттеп, іздеу керек.
– Әңгімеңізге рахмет. Кәсіби мерекеңіз құтты болсын.
Әңгімелескен Динара БІТІК,
«Егемен Қазақстан»