Қазақстан • 16 Қараша, 2018

Оралмандар үміті – «Отандастар» қоры

515 реткөрсетілді

Соңғы жылдары елімізге сырттан келетін оралман ағайындар саны азайды деген әңгіме жиі айтылуда. Неге олай? Осы сұраққа жауап іздеп біз көші-қон мәселесімен ұзақ жыл шұғылданған, нақтырақ айтқанда ширек ғасыр Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төрағасының орынбасары қызметін атқарған танымал жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сұлтанәлі Балғабаевты әңгімеге тарттық:

– Оралмандар көшінің тоқы­рауы­на әртүрлі себеп көп, – деп бастады әңгімесін Сұлтанәлі Базарбайұлы, –  Оның бәрін айтып тауысу мүмкін емес. Дегенмен алдағы уақытта оралмандар көші жалғасады деген  үміт бар. Өйткені жақында Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықованың төр­­­­­ағалығымен «Отандастар» қо­ры қамқоршылар ке­­­ңесінің басқосуы өтті. Ендігі үміт осы – «Отандастар» қорында. Ел­басы Дүниежүзі қа­зақтарының V құрылтайында  «Отандастар» қорын құрып, осы қор арқылы Дүниежүзі қа­зақ­­тары қауымдастығына шетелдегі ағайынмен байланыс жасауды мін­дет­­теген болатын. Демек, бұдан былай аталмыш қордың  арқасында оралмандар көші қайта жанданады деген  үмітіміз бар.  

– Түсінікті. Үміт  ақталу үшін бі­рінші кезекте қандай мәсе­лелер ескерілуі керек жә­не «Отандастар» қоры мен Қа­­уым­дастық бірлесіп жа­сай­тын кешенді бағдарлама қа­был­данады дейсіз, осы құжатта нендей мәсе­лелер басты назарда болғаны жөн.

– Ең алдымен бағдарламада орал­мандар көшінің маңызды­лығы мен­ қажеттілігі жан-жақты ашылып көр­сетілуі керек. Қазір Елбасы мем­леке­тімізді дамыған елдердің қатарына жет­кізуді мақсат етіп отыр. Соның бір са­ласы – демография. Қазір елі­міз тұр­­­ғындары 18 миллион­нан асып, 19 мил­лионға бет ал­ды. Кең-байтақ жерді жиыр­ма миллионға жетпейтін халық­пен еркін игере аламыз ба? Оның үстіне демографиялық өсі­міміз де көршілес елдермен салыстырғанда өте төмен. Мы­салы, 1967 жылы  Қазақстанда 12,4 миллион, Өзбекстанда 10,8 мил­лион халық болған екен.  Яғни біз көршілерімізден 2 миллиондай артық болыппыз. Арада елу жыл өткенде, яғни 2017 жылғы есеп бойынша Өзбекстан халқы 34 миллионға жақындап, үш есеге көбейіпті. Түрікменстан, Тәжікстан,  Қырғызстан  халқы да үш есе өскен. Өкінішке қарай, біз бар болғаны жарты есе ғана өсіп, 18 миллионнан  әрең асып отыр­мыз. 

Тұрғындар саны өспеуіне бір себеп – елді тастап шетке кө­шушілер көп. Айталық, кейінгі 10 жылда елімізден 324 мың адам сыртқа көшкен. Ал келушілер бар болғаны 283 мың адам. Оның сыртында бала туу жөніндегі жағдайымыз да мәз емес. 1980 жылдары республика көлемінде бір жылда 800 мың сәби дүниеге келсе, қазір бұл көрсеткіш екі есе азайып, 400 мыңның айналасында болып тұр.

Демографиялық жағдайымыз осы қалпынан өзгермесе, бұл фактор эконо­микамызға кері әсер етері анық. Мысалы, бір ға­на Солтүстік Қазақстан облысында бүгінгі таңда тұрғындары 50 адамға  жетпейтін 100 елді ме­кен бар екен. Олардың 38-і  жа­қын арада мүлдем жабылады. Қалғандарының болашағы бұл­дыр. Яғни халқымыз неғұрлым тезірек көбейсе, экономикамыз да соғұрлым тез дамиды, қор­ғанысымыз да нығая түседі. 

Негізі айтпағымыз, еліміздегі демо­гра­фиялық жағдай сырттан­ келетін оралмандарға тіке­лей­ бай­ланысты. Соған орай «Отан­дастар» қоры мен Қауымдастық бірлесіп жасайтын бағ­дарламада жоғарыда атап өтілген дү­ниелер  ескерілуі тиіс деп ойлаймын.   

–  Еліміздегі демографиялық ахуал­ға оралман бауырлардың қо­сар үлесі зор демексіз ғой. Ендеше қандас­тары­мызды ата­жұртқа орал­­­­­­тудың  басты-бас­ты тетіктері бағ­дарламада кө­рініс тап­қаны дұрыс шығар?

– Әрине. Оралмандар кө­шін ұйым­­дастыру жөніндегі өзі­міздің бұ­ған дейінгі жақсы ісТерімізді қазіргі жағ­дайға бе­йімдеп, одан әрі дамытуы­мыз қажет. Сонымен бірге жіберген кемшіліктерімізден сабақ алған жөн. Сонымен қатар  Германия, Израиль сияқты этностық көш­ті жақсы жүргізетін мемлекет­тердің тәжірибесін зерттеп, оның оңтайлы тұстарын өзімізде пай­далану керек. Осы екі мәселенің біріншісіне, яғни  өзіміздің  оралман көшіне қатысты же­тіс­­­тіктерімізге тоқталайын. Тоқ­­­са­ныншы жылдары  шетел қазақтарының Қазақстанға ора­луға деген  құлшынысы ерекше болды. Олар  атажұртқа ағылып келіп жатты. Қазақстан үкіметі де көші-қонға айрықша ынта-ықылас танытып, жұмыстарды ұйымдастыруға көңіл бөліп, жағдай жасады. Мына жағы Моң­­ғолия, сонау араб елдері мен Түр­­кияға дейін арнайы ұшақтар жіберіп,  ағайындарды жүздеп, мыңдап көшіріп әкелді. Бұл жұмыстарды ұйымдастыруға сол кездерде  көші-қонның басы-қасында жүрген Саят Бейсенов, Ғазиз Есмұханов,  Памир Ка­ма­лиев,  Мұхит Ізбанов, Ма­рат Қонақбаев, Данияр Арғын­баев, Ахмет  Әбибеков, Марат Тоқ­санбаев және басқа да азаматтар ерекше еңбек сіңірді. Ішкі істер министрлігі Паспорт және виза жұмыстары бас  басқар­­масының бастығы Өмірбай Мұсаев та бұл  игілікті іске ай­рық­ша жанашырлық танытты. Марқұм Қалдарбек  Найман­баев бастаған Дүниежүзі қа­зақ­тары қауымдастығының қыз­меткерлері де осы қызу істің бел ортасында жүрді. Біз қазақтар тұрат­ын шет- елдерге жиі шығып, оларға атажұртқа оралудың жол-жобасын көрсетіп, келетін отбасылардың тізімін жасап, көші-қон мекемелеріне өткізуді тұрақты жүргіздік. Жергілікті әкімшіліктермен  байланыс жасап,  келген оралмандардың дұрыс орналасып, жаңа ортаға тез бейімделуіне қолдан келгенше көмектестік.

Нәтижесінде, жыл сайынғы көші-қон квотасының саны 20­ мың отбасына дейін жетті. Эт­ностық  көш осы қалпымен тоқ­тамай жүре бергенде қазіргі кезде оралмандар саны біз айтып жүрген бір миллион емес, одан әлдеқайда көп болатыны анық еді. Бірақ... 

– Иә, бірақ демекші уақыт өте келе көштің қарқыны саябырсып, тоқтауға шақ қалды. Бұған не себеп? 

– Мұның себептері әртүрлі. Мысалы, бір кезде оралмандармен  айналысқан Көші-қон комитеті қақпақылға ұшы­рап, ақырында жабылып тынды. Қа­зір Еңбек және халықты әлеуметтік  қорғау министрлігінің құрамында бас­қарма ғана. Қызметкерлері са­наулы,  мүмкіндігі шектеулі, үл­кен шаруа тындыруы екіталай. Бұл бір. Екінші себеп – бұл жұ­мыс­ты жүргізудің жүйе­ленген бағдарламасы болмауы. Мұндай  бағдарлама «Халықтың көші-қоны туралы» заң негізінде жасалуы тиіс еді. Тәуелсіздік алғаннан бері бұл заңға өзгертулер мен толықтырулар көп ен­гі­зілді. Жа­ңа жобаны дайындайтын жұ­мыс то­бы мен  депутаттар заңның осы жолғы нұсқасы өте керемет, орал­мандарға  барлық жағдай жасалады деген әңгіме айтады. Бірақ заң қа­былданғаннан кейін оның  бәрі жайына қалады. Оралмандардың жағдайы  жеңілдемек түгілі  бұрын­ғыдан қиындай түседі. Бұл туралы  кезінде «Егемен Қазақстан»  газетінде  «Қабыл­дан­ған заң қайда қалды?» деген проблемалық мақала да жария­лағаным бар.

– Енді  жоғарыда айтылған «Отан­дастар» қоры мен Қа­уым­дастық бір­лесіп жасай­тын бағдарламаға қай­та орал­сақ. Сіз көші-қон жайымен ер­те­ден таныс, тәжірибелі тұл­ға ретін­де жоғарыдағы бағдарла­маға өз тара­пы­ңыздан қандай ұсы­ныс берер едіңіз?

– Мен үшін жаңа бағдарламада  кө­ші-қон мәселесіне ерекше кө­ңіл бө­лініп, оралмандарды көбей­­ту­­­дің бар­лық мүмкіндіктері қарас­ты­рылуы  аса  маңызды. Бұл жө­ніндегі біраз ұсы­ныстарымды жо­ғарыда шет  жа­ғалатып айттым да. Дегенмен бірнеше мәсе­леге назар аударғым келеді. Әң­­гі­меміздің басында оралман­дарды көбейтудің екінші жолы – өркениетті елдердің  эт­ностық көшті жүргізудегі озық тә­жірибелерін  тиімді пайдалану деген едім. Бұл өте маңызды шаруа. Көптеген мемлекеттер репатрианттарды, біздіңше айтқанда орал­мандарды көшіріп алуды олар­дың  бұрыннан өмір сүріп жат­қан тұрғылықты жерінен бас­тайды. Атажұртқа визаның қай түрімен қоныс аударады,  бар­ған соң тұрақты тұруға, тір­­келуге, азаматтық алуға  қандай құжат­тар керек болады – оның бәрі сол жақта дайындалады. Шекарадан өткенде кім күтіп алады, қай өңірге орналасады,­ бас­пана мәселесі қалай ше­ші­леді, не жұмыс істейді – бәрі де­ ескеріледі. Эт­ностық көшті ұйым­дас­­тыруда біз де осындай өр­кениетті жолға түсуіміз керек. «Халықтың көші-қоны туралы» заңда мұның бәрі еліміздің Сыртқы істер министрлігіне жүктелген. Бірақ әртүрлі себептермен бұл әлі күнге орындалмай келеді.  Осы  мәселені реттеу керек.

Екіншіден, оралмандарды­ күтіп алып­ орналастыру мәселе­сімен еш­кім айна­лыспайтынын жоғарыда айт­тық. Дейтұрғанмен біраз облыстарда орал­­­­­­­­мандарға арналған  бейімдеу орта­лық­тары бар. Бірақ олардың жұмысы бү­гінгі заман талабына сай емес. Болашақта осы мәселе  де назарда болғаны жөн.

Оралмандардың тұрақты тір­келіп, азаматтық алуындағы құ­жаттарды азайт­қан жөн. Соңғы жыл­дары оларға әуелі ықтияр хат беру керек, азаматтыққа құ­­­жат­ты содан кейін өткізеді де­ген ереже шықты. Бірақ ық­тияр хат  –  азаматтық алмай,­ бе­лгілі бір уақытқа дейін ғана тұратын тұл­ғаларға берілетін құжат. Сон­дықтан Қазақстанда  тұрақты қа­латындарға бірден азаматтық  бер­ген жөн. Басқа елдерде осындай. 

Мысалы, күні кеше Ресей пре­­зи­д­ен­ті Владимир Путин дүниенің түк­пір-түк­піріндегі орыстар мен орыс­тілді азамат­тарды ешқандай кедергісіз, әуре-сар­саңға салмай  миллиондап қабылдап, бірден азаматтық беретін бағдарламаға қол қойды. Енді әлемнің әр тарабынан Ресейге репатрианттар толассыз ағылатыны анық. Ал біз оралмандардың келуін жеңіл­детпек түгілі, неше түрлі сылтау­мен барған сайын қиындатудан тан­бай отырмыз.

– Әңгімеміздің соңында өзі­ңіз ұзақ жыл жұмыс істе­ген Дүниежүзі қазақ­тары қауым­дастығы ұжымына қандай тілек айтар едіңіз? 

– «Отандастар» қорының құры­луына байланысты Қауым­дастықтың жұмысын қазіргіден  күшейтіп, жаңа деңгейге кө­теруге үлкен мүмкіндік туды. Ар­қа сүйейтін осындай тірегі бол­мағандықтан Қауымдастық ке­зінде көп қиындыққа душар болды. Әсіресе қаржы мә­се­ле­сі­нің дұрыс шешілмеуі шаршата­тын. Қыз­­меткерлер жарытымсыз жалақыға жұмыс іс­теді. Жоспарланған іс-ша­раларға  керекті азын-аулақ қар­жыны әр­кімге алақан жайып, әрең ала­тынбыз.  Қаржының жоқ­тығынан қаншама   жоспарымыз жүзеге аспай қалды. Ал­матыдан Ас­танаға көшіп, қыз­меткерлер құрамы түгелдей жаңарған Қауымдастық  ендігі жер­де мұндай  қиындықтардан құтылып, қанатын кең сермеп, биікке көтеріледі деп ойлаймын. 

Әңгімелескен Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Нұрлыбектің домбырасы

Руханият • Бүгін, 12:13

«ХАТ ҚОРЖЫН»

Қазақстан • Бүгін, 12:01

Күлкі керуені

Руханият • Бүгін, 11:14

Екі қола медаль еншіледі

Бокс • Бүгін, 09:57

«Барыстың» қарқыны қатты

Хоккей • Бүгін, 09:52

Кипрді де жеңе алмадық...

Футбол • Бүгін, 09:51

«Қара алтынды» қапысыз ағызған

Қазақстан • Бүгін, 09:44

Қыз әулие

Руханият • Бүгін, 09:34

Қайталанбас қымыз дәмі

Қазақстан • Бүгін, 09:33

Рухани жаңғырған ауыл

Руханият • Бүгін, 09:28

Екіжақты келісімге қол қойылды

Қазақстан • Бүгін, 09:26

Тәлім мен тәжірибе ұштасқан ұя

Қазақстан • Бүгін, 09:10

Жамбылдықтардың жарқын жобасы

Аймақтар • Бүгін, 08:36

Түгел түркіні түгендеген

Әлем • Бүгін, 08:20

Кей өңірлерде ауа райы өзгереді

Аймақтар • 12 Қазан, 2019

Ең қысқа әңгіме. Иесіз зындан. Дидар АМАНТАЙ

Ең қысқа әңгіме • 12 Қазан, 2019

Ең қысқа әңгіме. Ислам Қабылұлы

Ең қысқа әңгіме • 12 Қазан, 2019

Сенаторлар сенбілікке шықты

Қазақстан • 12 Қазан, 2019

Ұқсас жаңалықтар