Медицина • 16 Қараша, 2018

Алғашқы жарна 10 пайызға төмендетілді

472 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ақтөбе облысының әкімдігі мен «Қа­зақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ бас­қармасы арасында «Нұрлы жер» бағ­дарламасын іске асыру аясында аталған банк­тен же­ке депозит ашқан ақтөбелік аза­маттардың саны 90 мыңға жетіп отыр. 

Алғашқы жарна 10 пайызға төмендетілді

Сондай-ақ өз ке­зегінде банк бүгінге дейін өңір тұрғындарының «Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде тиіс­ті баспанаға қол жеткізуі үшін 20 миллиард теңгеден астам қаражат аударған. Бұл сома жыл аяғына дейін тағы да 2 мил­лиард теңгеге өседі деп кү­тілуде. Яғни аталған банк өңір­дегі өз салымшыла­ры­на материалдық қолдау көр­се­ту мен көмек беру шараларын одан әрі жалғастыра бер­мек. Бұл ретте облыс әкі­мі Бер­дібек Сапарбаев пен «Қа­зақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Басқарма төрайымы Ляззат Ибрагимова арнайы келісімге қол қойды. Банк басшысының айтуынша, жеке тұрғын үйді иеленуде ақтөбеліктер ел өңірлері арасында көш бас­тап келеді. Әсіресе олар бас­тапқы жарна төлеу ісін­­де бел­сенді. Осындай оң кө­рініс өз кезегінде ҚТҚЖБ-ның өңір­дегі салымшылары үшін кө­бірек қаражат аударуына әрі пайыздық мөлшерлеменің кеми түсуіне септігін тигізді. 

Осылайша Ақтөбе облы­сында «Нұрлы жер» мем­ле­кеттік бағ­дарламасы аясында тұрғын үй займының алғашқы жарнасы 20 пайыздан 10 пайыз­ға тө­мендетілді. Бұл жеңілдікті бас­пана кезегінде тұрған ҚТҚЖБ салымшылары «Нұр Ақтөбе» тұрғын үй алабындағы бір бөл­мелі пәтерлерді сатып алу кезін­де пайдалана алады. 

Жергілікті билік олар үшін­ бірінші кезекте 250 мил­лион тең­ге бөлді. Бұл қара­жат банк­­тің 500-ден аса салым­шысының ал­ғаш­қы жарнасын төмендетуге мүм­кіндік бермек. Қазіргі күні «Нұр Ақ­төбе­дегі» таза әрлеудегі 1 бөл­мелі пәтер­дің бір шаршы метрі­нің құны 100-120 мың теңгені құрайды. Пәтерлердің жалпы ауданы − 32-54 шаршы метр аралығында. 

− Салымшыда баспана құ­нының 10 пайызы болу керек. Ал­ғашқы жарнаның қалған 10 пайызын әкімдік бюджеттен береді. Оны қарыз алушы­ 5 жыл ішінде ай сайын 8250 теңгеден қайтарады. Пә­тер­ құ­нының қалған бөлігін «Тұр­­ғын үй құрылыс жинақ банкі» жылдық мөлшерлемесі 5 пайыз­дық жеңілдетілген қа­рыз­бен ұсынады, − деді Л.Ибра­ги­мова. 

Әрине мұндай жеңілдік кез келген азаматқа ұсыныла бер­мейді. Оған тек «Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде тұр­ғын үй кезегінде тұрған әрі тө­лем қабілеті расталған азаматтар ғана қатыса алады. Сондай-ақ олардың же­ке меншігінде өз­ге баспанасы болмауы керек. Тұ­тастай алғанда жыл аяғына дейін өңірде 870 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріл­мек. Оны иеленетін тұр­ғын­дардың арасында «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» са­лым­шыларының үлесі жоғары. 

Темір Құсайын,

«Егемен Қазақстан»

АҚТӨБЕ