Қоғам • 16 Қараша, 2018

Атаулы көмектің мүмкіндіктері артып келеді

271 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматы қаласында тіркелген әрі аз қамтылған отбасыларды әлеуметтік қорғау мақсатында көрсетілетін көмек түрлері жайында кеңінен мағлұмат алуға болады. 

Атаулы көмектің мүмкіндіктері артып келеді

Алматы қалалық Жұмыс­пен қамту және әлеуметтік бағ­дар­ламалар басқармасы басшы­сының орынбасары Айнұр Мұ­­қажанованың айтуынша, биылғы ағым­дағы жылдың 1 қаңтарынан атау­лы әлеумет­тік көмек (АӘК) жаңа нұсқада көрсетіліп келеді. Жаңа ны­сандағы АӘК жан басына шаққандағы орташа табысы кедейлік шегінен аспайтын (Алматы қаласы бойынша 15 919 теңгені құрайды) азаматтарға көрсетіледі. Ке­дей­лік шегі ең тө­менгі күн­көріс деңгейінің 50 пайызын құрайды және әр тоқ­санға есептеледі. Биылғы жыл­­дың IV тоқсанына күнкөріс дең­гейінің көлемі 31 838 теңгені құрап отыр.

Атаулы әлеуметтік кө­мек­­­­тің шартсыз және шар­т­­ты ақшалай екі түрі қа­­рас­тырылған. Оны тағайын­дау үшін қалалық халықты жұмыспен қамту ор­та­лығына барып өтініш беру қажет. Онда отбасы құрамы ту­ралы, (өтініш берушінің отбасы мү­шелерінің) тапқан табысы жайлы және жеке қосалқы ша­руашылығының бар-жоғы туралы мәліметтермен қатар әлеуметтік келісімшарт­тың­ кө­шір­месі мен өті­ніш­ беру­шінің (отбасы мүшеле­рінің) тұрғылық­ты жері бойынша тіркелгенін растайтын құжаттың көшірмесін тіркеу қажет.

Биылғы жылдың 9­ айын­­­да 491 отбасына­ (2 387 адамға) 100 млн тең­ге мөл­ше­рінде АӘК тағайын­дал­ған. Оның ішін­дегі 54 жұмыс­сыздың 50-і тұрақты және уа­қытша жұмыс орындарына, 4-еуі кәсіптік оқы­ту­ курс­тарына жіберілді. Бұл­ бағ­дарлама шегінде аз­ қам­­тыл­­ған азаматтарға атау­лы­ әлеу­мет­тік көмек алу мүмкін­дігі, жұмысқа ор­на­ластыру мақ­сатында те­гін кәсіптік оқыту мен қай­та оқыту және биз­нес-жоба­ларын жүргізіп немесе жос­парлап жүрген жұмыс­сыз­дар үшін шағын несие алу мүмкіндігі бар. Мұның нәти­же­сінде отбасының табысы тұ­рақ­талып, еңбек нарығында бейім­делу мүмкіндігі пайда болады.

Басқарманың әлеуметтік тө­лемдер бөлімінің бас­ ма­маны Мұратбек Сейнасинов­тың айтуынша, қала тұрғын­дарын цифрлы эфирлік телерадио хабарларын та­ра­туға толық көшіру мақса­тын­да құрылғылармен қам­тамасыз ету жалғасын тауып келеді. Бү­гінгі таңда атаулы әлеу­меттік көмек 491 от­ба­­сы­на тағайындалған, оның­ ішін­де 133-іне жалға­ма­лар ор­на­тылған. Жал­ға­малар­ды алу үшін тір­келген тұрғылық­ты ме­кенжайы бо­йынша бас­қар­маның аудан­­дық бөлім­деріне өтініш біл­­діруге болады.

Әлеуметтік қорғау жө­нін­­дегі ведомствоаралық ко­миссия­сының мәліметтері бойынша Алматыда халық­ты­ әлеуметтік жағынан қам­та­­масыз ету мақ­са­тында ал­дағы уақытта 1,3 мың жаңа жұ­мыс орны құ­рылады. Бұл мүм­кіндіктері шектеулі, зей­нетке дейінгі жастағы тұл­ғалар және жастарды қам­тымақ. Сон­дай-ақ қысқа мер­зімді курс­тардан жыл са­йын 1-1,5 мың адамға дейін қа­был­данады. «Шаштараз», «Ті­гінші» сияқты 50 маман­дық бойынша қосымша бі­лім алуға мүмкіндіктер қа­рас­тырылған. Курстардың ұзақ­тығы 1-6 ай. 

Эльвира СЕРІКҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ