Тұрғындар аулаларына жиналып, ризашылықтарын білдірді. Тұрғындар атынан сөз алған ПИК төрайымы Ділдә Желдібаева Даниал Кенжетайұлына аулаларға жағдай жасап қана қоймай, бейнебақылау камераларын да орнатқандықтарын айта кетті.
− Елбасымыз биылғы Жолдауында халықтың әл-ауқатын арттыруды тапсырып отыр, біз бұл міндеттерді орындауымыз қажет. Балалар ойнайтын алаңдар, кешке қарай ақсақалдар бас қосатын орындар болуы керек. Міне, 100 түп көшет отырғыздық деп жатыр, бұл тамаша іс. Енді Семейдің сыртындағы аралды да қалыпқа келтіріп, саламатты түрде демалатын орынға айналдырамыз. Бейнебақылау камералары бар аулалар Өскеменде де, Семейде де болады. Осы арқылы дамыған елдердің мәдениетіне жетеміз, аулаларды көріктендіруді жылма-жыл жалғап отырамыз, − деді Даниал Ахметов.
Айта кету керек, қалада алғашқы 9 аула жөнделуі үшін 611 миллион теңге қаражат қарастырылған. Қазіргі уақытта 405 миллион теңге нақты 6 аула үшін берілген. Қалған үш ауланың жоба-сметалық жұмыстары қарастырылуда. Алда тағы да аулалар жөнделуі үшін қаржылар қарастырылмақ.
− «Менің аулам» бағдарламасы 3 жылға негізделген. Осы үш жыл ішінде қалада 62 бірлескен аулаларды жөндеу көзделіп отыр, − деді қала әкімі Ермак Сәлімов, − жөнделетін аулалар комиссия арқылы таңдалып алынды. Басты талап − ауланың кең аумағы және жекеменшік ПИК жетекшілігі болуы керек. Қариялар отырып демалатын орындықтар, балалар ойнайтын алаңқайлар, спортпен айналысуға болатын баскетбол, волейбол, футбол алаңдары, ауланың жарықпен қамтылуы сияқты көптеген маңызды дүниелер осының ішіне кіреді.
Раушан ҚАБЖАНҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
СЕМЕЙ