Соңғы кезде қоғам белсенділері мен кәсіби археологтар жоғарыдағы көмбе іздеушілердің көбейіп кеткені жайлы дабыл қағуда. – Заңсыз көмбе іздеу, археологиялық нысандарды тонау соңғы жылдары елімізде өршіп кетті. Мұның зарарын айтып жеткізу қиын. Қазақстан – ежелден Еуропа мен Азияны жалғап жатқан көпір іспетті, түрлі мәдениеттер тоғысында орналасқан мемлекет. Қадам басқан сайын ескерткіш оба мен ғұрыптық кешен, әр шақырымда қала қамалдарының қирандылары кездесіп жатады. Одан алынатын кез келген дерек өте маңызды. Жоғарыдағы заңсыз көмбешілер кесірінен аса құнды жәдігерлер тоналып, тіпті кейбірі шекара асып кетіп жатыр, − дейді Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының аға ғылыми қызметкері, белгілі археолог Ғалымжан Қиясбек.
Археологтың бұл пікіріне біз де қосыламыз. Өйткені қолдарына металіздегіш (металлодетектор) ұстап, ала жаздай дала кезіп, монета-тиын жинап жүрген немесе ескі оба қалашық үйіндісін жер қыртысын қопарған дала доңызындай түртпектеп қазушыларды былайғы ауыл-аймақ адамдары күнде көріп жүр.
Мысалы, күні кеше бізбен хабарласқан Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының жетекші ғылыми қызметкері, археолог Ералы Шардарбекұлы өткен жылы Жамбыл облысы, Шу ауданы, Ақсу ауылы аумағында орналасқан ортағасырлық Ақтөбе қалашығын көмбе іздеушілер 1,4 метр тереңдікке дейін қазып, ескерткіштің мәдени қабатына айтарлықтай зиян келтіргені жайлы айтса, Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданындағы Елеке сазына (Алтын адам табылған) қазба жұмыстарын жүргізген археолог Ғалымжан Қиясбекұлы, өңірдегі көптеген ескі қорым бір-екі жылдың алдында тоналып кеткені жайлы айтады.
Сол сияқты Семей қаласынан 100 шақырым қашықта түрлі ескерткіштер шоғырланған Көкентау елді мекеніндегі түрік дәуірінің обалары жақын арада көмбе іздеушілердің нысанасына іліксе, Іле алқабындағы атақты Қойлық қалашығының үйіндісін қопарушылар қазірдің өзінде өріп жүр. Тіпті ала жаздай Қарқара жайлауын тіміскілеп тапқан монета-тиындарын әлеуметтік желі арқылы ашық саудалаушыларға айтар сөзіміз жоқ.
* * *
Осы орайда, жалпақ даламызды көктей шолып, көнеден қалған құнды дүниелерімізді үптеп жүрген кімдер деген орынды сұрақ туады. Аталған мәселе бойынша ұзақ жыл үздіксіз шұғылданған және археологиялық қазба жұмыстарын жүргізуден тәжірибесі мол мамандардың айтуына қарағанда, көмбе іздеушілердің көбі ресейлік азаматтар, одан қалды олардың отандық жалдамалылары.
Бұлардың біздің елді бетке алуына негізгі себеп, «Ресейде заңсыз археологиялық қазба жұмыстарын жүргізуге қатысты» заңның күшеюі дейді археолог-маман, елордадағы Ұлттық музей қасынан құрылған «Халық қазынасы» ғылыми-зерттеу институтының жетекшісі Ақан Оңғарұлы.
Оның сыртында айтпасқа болмайтын келесі бір дүние – екі ел арасындағы Кедендік одақ жеңілдіктері. Яғни, құнды дүниелеріміз ың-шыңсыз Ресей арқылы Еуропа нарығына жол тартуда. Ең өкініштісі, еліміздің кеденшілері артефактілердің маңызын һәм тарихи жәдігер ретіндегі құнын біле бермейді және заңдық тұрғыдан тыйым салынбағандықтан шектеу қоюға құлықсыз.
Осыған қарағанда қаншама құнды мұрамыз қайда кетіп жатқаны тек бір тәңірге аян. «Металдан жасалған кез келген бұйым ескерткіштің хронологиясын анықтауға септігін тигізіп қана қоймай, сол уақыттың әлеуметтік-экономикалық жағдайынан үлкен мәлімет береді» дейді мамандар. Расында солай! Мысалы, Алматының жасын ғалымдар қала аумағынан табылған бір түйір монета-теңге арқылы анықтаған жоқ па?!
* * *
– Көмбе іздеушілерді тұсаулаудың жалғыз жолы еліміздегі «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» заңды күшейту және арнайы берілетін лицензия мәселесін шектеу, − дейді археолог Ералы Ақымбек. Аталған заңда металл іздегіш туралы ешнәрсе қарастырылмаған. Әрине, ол уақытта қазіргі күнгідей металл іздегіштер жоқ болатын. Сондықтан заң күшейіп, көмбе іздеушілер әрекетін жазалау Қылмыстық кодексте ашық көрсетілсе тоқтау болары анық. Сондай-ақ металл іздегіш құралдар сатылымына да заңдық тұрғыдан бақылау жасалып, құқықтық жауапкершілік мәселелері қамтылғаны жөн.
Лицензия мәселесіне тоқталар болсақ: оны беретін құзырлы орган – Мәдениет және спорт министрлігі. Бүгінде лицензиясы бар 100-ге тарта ЖК (ИП) және ЖШС (ТОО) жұмыс істеп тұр. Осыларды бақылайтын арнайы ұйым жоқ. Бұрын бұларға Ә.Марғұлан атындағы Археология институты бақылау жүргізіп, олардың ғылыми есептерін қабылдайтын. Қазір ол жоқ. Лицензиясы бар тұлға қандай нысанды қазып, не алып жатқаны еш жерде тіркелмейді. Осыдан кейін әрине, заңсыздыққа жол берілмей қайтеді.
Үшіншіден, өңірдегі тарихи-мәдени нысандарға жергілікті инспекторлар салғырт қарайды. Олай дейтініміз, жергілікті инспекциялар өзінің әкімдігіне бағынады, министрлікке қарамайды. Сондықтан олар министрлікке өңірдегі жағдай туралы есеп беруге тиісті емес. Жапония секілді елдерде әрбір ескерткіш жергілікті инспекторлар тарапынан бақылауға алынып, тексеріліп отырады. Әрқайсысының төлқұжаты бар. Тіпті ай сайын жоғары жаққа есеп беріледі. Осы тәжірибені біз неге қолданбасқа!
* * *
Жоғарыда көмбе іздеушілердің қолында металіздегіш құралы барын айттық. Бар пәле осында. Бұл дегеніміз – металл бұйымдарды табуға көмектесетін электронды аспап. Көмбешілер осы құрал арқылы ескерткіштің төбесін сүзіп өтіп, дабыл (сигнал) берген тұсты металл бұйым шыққанға дейін қазып, өзіне қажетті затын суырып алады.
Металіздегіш мәселесі бойынша біршама дерек жинаған археолог Ералы Ақымбектің пайымдауынша, электронды аспаптың арзандарының 40-50 см тереңдіктегі металл бұйымды анықтай алатын мүмкіндігі болса, бағалылары бір метрге дейінгі жер қойнауындағы металл затты дәл табады екен.
Бұл арада айтпасқа болмайтын дүние – ауыл-аймақ тұрғындарының бей-жайлығы. Қолында металіздегіш құралы бар көмбешілер қыстау-жайлауын тіміскілеп, биттей өріп жүрсе де оған мән бермейді. Қазақтың «жаман үйді қонағы билейді» дейтін аталы сөзі осы көмбешілерге қарата айтылса керек.
Суреттерде: Қазақ даласын кезіп жүрген көмбе іздегіштер (сурет Қарқара жайлауынан түсірілген); Көмбеіздеушілердің тапқан бұйымдары
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»